Әлем • 12 Ақпан, 2018

Тайваньның шығыс жағалауында жер сілкінді

288 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тайваньның шығыс жағалауында жер сілкініп, онға жуық адам қаза тапты. Апат салдарынан 250-ден астам тұрғын жарақат алып, 67-сі із-түзсіз жоғалған. 

Тайваньның шығыс жағалауында жер сілкінді

ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Хуалянь аймағында болған. Тайвань сейсмологтары оның магнитудасы 6 балдан асқанын хабарлады. Деректерге сүйенсек, елде бір күн ішінде жер 180 мәрте тербелген.

Апаттың салдарынан жаға­лаудағы бірқатар ғимарат­қа зақым келген. Тіпті кейбір кешендер қисайып, құлаудың алдында тұр. Құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. BBC арнасы жоғалған адамдардың басым бөлігі сол қираған үйінділердің астында қалуы мүмкін екенін айтады.

Оқиғадан кейін Қытай секілді көрші елдер көмек қолын созған. Тайвань тарапы со­лар­­дың ішінен Қытайдың жәр­­д­емінен бас тартып, құтқару шараларына өздерінің шамасы жететінін мәлімдеді. Дегенмен ресми өкілдер бұл шешімнен ешқандай саяси астар іздемеу керек екенін жеткізді. Жалпы Қытай мен Тайвань арасындағы қарым-қатынас 1949 жылы бұзылған болатын. Кейінірек өзара мәмілеге келгендей көрін­генімен, ішінара бір-бірін мойындамайтыны байқалады.

Тайвань – екі тектоникалық тақтаның қиылысқан жерінде орналасқан. Сондықтан мұнда жер сілкінісі жиі болып тұрады. Екі жыл бұрын магнитудасы 6,4 балдық апат келіп, 117 адамның өмірін жалмаған-ды. Ал 1999 жылғы жер сілкінісі кезінде 2400-ге жуық адам қай­тыс болған.