23 Қараша, 2011

Әскерилердің биліктен айырылғысы жоқ

386 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мысырда билікті әскерилер өз қолына алғаны белгілі. Бұл жәйт елде жаппай наразылық акциясын ту­ын­датты. Египет халқы билік шұғыл түрде азаматтық үкіметке берілуі тиіс деп есептесе, әскерилер өз билігін келесі жылдың соңына дейін сақтап, өкілеттігін аза­мат­тық үкіметке содан кейін ғана өткізбек. Египет астанасы – Каир қаласының Тахрир алаңындағы наразылық акциясы 19 қараша күні басталған болатын. Полиция мен әскерилер алаңды ереуілшілерден тазартуға әрекеттенуі салдарынан қақтығыс туындады. Мәселен, кеше аталған алаңдағы жанжал шарықтау шегіне жетіп, соның салдарынан 13 адам опат болса, мыңнан астамы жараланды. Каир қаласындағы наразылық шаралары елдегі екінші ірі қала – Александрияда да бой көрсетті.

КӨПШІЛІК ДАУЫСҚА ИЕ БОЛДЫ

Өткен жексенбі күні Испанияда бол­ған парламенттік сайлауда оңшыл­центристік Халықтық партия жеңіске жетті. Бюллетеньдер 100 пайыз өң­дел­геннен кейінгі мәлімет бойынша, Ха­лық­тық партия 44,62 пайыз дауыс ал­ған. Енді бұл көрсеткіш оған парламент­тегі 350 орынның 186-сын иеленуге мүмкіндік береді. Енді сайлаудағы жеңіс Халықтық партияға үкімет жа­сақтауға жағдай туғызса, оның көшбасшысы Мариано Рахой премьер-министрдің орынтағына жайғасатын болады. Ал билікке 2004 жылы келген Социалистік партия өткен сайлауда 28,73 пайыз ғана дауыс ала алды. Сөйтіп, оларға жаңа шақырылымдағы парламенттен 110 орын ғана тиетін болды. Халықтық партия үшін 44,62 пайыз оның тари­хындағы ең үлкен көрсеткіш болса, 28,73 пайыз социалистер үшін оның тарихындағы ең аз көрсеткіш болып отыр.

ҚЫЗЫЛ КХМЕРЛЕРГЕ СОТ ЖАЛҒАСТЫ

Кеше Камбоджаның төтенше трибуналы адамзатқа қар­сы қылмыс жасады деп айыпталған үш қызыл кхмерлер серкесінің ісін қарауға кірісті. Ел астанасы – Пно­мпен қаласында басталған процеске 85 жастағы Нуон Чеа, 80 жастағы Кхиеу Сампхан және бұрынғы сырт­қы істер министрі 86 жастағы Иенг Сари шақырылған. Оларға 1975-1979 жылдары, яғни Пол Пот билігі кезінде 1,7 миллион адамның геноцидіне алып келген қанды қырғынға тікелей қатыстары бар деген айып тағылған. Бұл қызыл кхмерлер серкелеріне байланысты екінші сот процесі болып табылады. Өткен жылы 20 мың тұтқынның өліміне жауапты саналған Канг Кек Леу 30 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның апелляциясын қарау 2012 жылдың ақпанында аяқталады деп күтілуде.

ПОЛИЦИЯ ЛАҢКЕСТІКТІҢ АЛДЫН АЛДЫ

АҚШ полициясы лаңкестік жасауға дайындық жүргізді деген күдікпен тұтқындаған Хосе Пиментель Манхэт­тенде тұратын жұмыссыз болып шық­­қан. Ол сондай-ақ Мұхаммад Юсуф деген атпен де белгілі екен. Бұл туралы кеше өткен баспасөз мәслихатында Нью-Йорк қаласының мэрі Майкл Блумберг мәлімдеді. Блумбергтің сөзіне қарағанда, 27 жастағы Пиментель «Әл-Каиданың» идеологиясын жанына жақын тұтатын адам ретінде АҚШ-тың полициясы мен пошта бөлімшесін шабуылдауды жоспарлапты. Сондай-ақ Ауғанстан мен Ирактан оралған америкалық әскерилер де оның лаңкес­ті­гінің құрбандықтары болуы тиіс екен. Қауіпсіздік күштері күдіктінің ізіне осыдан бір жыл бұрын түссе керек. Пиментель – Доминикан Республикасында туған АҚШ азаматы.

ЛУЖКОВ ТЕРГЕУДЕН СОҢ СҰХБАТ БЕРДІ

Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков Ресей ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінде жауапта­сып шыққаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген. Онымен телефон арқылы жүргізілген әңгімені «Дождь» телеарнасы жазып алыпты. Лужков өзінің сұхбатында «Мәскеу банкіндегі» ұрлық бойынша қозғалған қылмыстық іске жауап беруге келген себебі – өзінің кінәсіздігіне сенімді болғандығы екенін жария етіпті. Сонымен қатар, ол ел басшылығының оған қауіпсіздік кепілдігін бергені туралы ақпаратты теріске шығарды. Бұл жөнінде ешқандай уағдаластық болған емес, деп мәлімдеген Лужков. Тергеудің құпиялығына сілтеме жасаған бұрынғы мэр оған қандай сұрақтар қойылғаны туралы айтудан да бас тартқан.

ҚАСТАНДЫҚ СЫРЫ АНЫҚТАЛУДА

Бакуде жазушы және публицист Рафик Тагиге қастандық жасалды. Пы­шақ жарақатын алған зардап шегуші шұғыл ауруханаға жеткізілген. Жергілікті «Аз­ад­лыг» («Азаттық») радио­сы­ның ақпа­ратына қарағанда, оған ша­буыл үйінің жанында жасалған. Таги алған жарақатына қарамастан, үйіне жетіп құла­ған. Содан кейін жедел жәрдем шақырылған. Оған операция жасалыпты. Жағдайы ауыр күйінде қалып отырға­ны­мен, дә­рігерлер өміріне қауіп жоқ дейтін көрінеді. Ша­бу­ыл­ға қа­тысты қылмыстық іс қозғалған. БАҚ-тарда жазу­шы­ға ша­буыл оның исламға қатысты сыни сөздер айтуына байла­ныс­ты кек алу әрекеті болуы да ықтимал деген болжам айтылуда.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

Кабардин-Балқар астанасы – Нальчик қаласындағы тұрғын үйді шабуылдау кезінде жасырын қарулы бандаға қатысы бар деп табылған үш күдікті өлтірілген. Операция барысында құқық қорғау органдары мен бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар жоқ көрінеді. Ресейдің бірінші президенті Борис Ельциннің немере туыс­қаны Станислав Глебов Ресей Федерациясы коммунистік пар­тия­сының қатарына өткен. Оған мүшелік билетті Мемлекеттік дума депутаттығына кандидат Павел Дорохин тапсырған. Ель­цин­нің компартия қатарынан ең алғашқы болып шыққаны белгілі.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.