Әу баста, көңілді елегізткен көп сұрақ бірден бірге қалыңдап, санамды сан-саққа жүгірткені анық. Тәуелсіздік жылдары еліміз қандай белестерден өтті? Ішкі, сыртқы саясатты қалай жүзеге асырды? Қиындықтарды қалай еңсерді? Осындай сұрақтардың жауабын кітаптың соңғы бетін жапқанда таптым. Төрт бөлімнен тұратын кітапта еліміздің Тәуелсіздік жылдарында кездескен қиындығы мен оны жеңген салиқалы жобалар, кешегі жағдай мен бүгінгі төрт түлігін түгендеген кезеңі егжей-тегжейлі жазылған. «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» атты бөлімдерде заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз – Астананы салу, қуатты әрі заманауи Қарулы Күштеріміздің құрылуы, кең көлемдегі инновациялық индустрияландыру, әлеуметтік жаңғыру сынды егемен еліміздің нысаналы істері толықтай қамтылған.
Әрине, өзің өмір сүріп жатқан кезеңге тарихи тұрғыда баға беру оңай емес. Дегенмен, осы жылдар аясында елімізде ғасырға бергісіз жаңалықтар болды деп айта аламыз. Ұлыбританиялық саясаткер Джонантон Айткеннің «Назарбаев және Қазақстанның дүниеге келуі: «коммунизмнен – капитализмге» деген кітабында: «Дүниедегі саяси лидерлер маңайына ауа райын жасай біледі. Маңайына жарқыраған шуақ шашсын я болмаса нөсер әкелсін, әйтеуір, өзінше ауа райын туғызған лидерлер тегін болмайды. Олар туралы жазу да, оқу да қызық. Мен айтсам: өзінің саяси өмірін Кеннеди мен Хрущевтан бастап, осы күнгі Обама және Путинмен бір бойлықта қажыр-қайрат танытып жүрген ел басшылары некен-саяқ. Өмір баспалдағы өнеге баспалдағына айналған адам ретінде Назарбаев оқырманды қатты қызықтырады» – деп тамсануы орынды. Президенттің осындай жанқияр еңбегін айта берсең таусылмайды. Ол жас Қазақстанның аз уақыттың ішінде әлемнің маңдай алды елдерінің біріне айналуына жол ашты.
Бұл үлкен еңбек, Елбасының қаламынан туындаған құнды шығарма. Сол төрт бөлімнің әр бетін парақтап, әр сөйлемін оқыған адам өзінің тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістігін, өсу барысын тауып алатыны анық. Кітаптың алғашқы парағынан бастап, соңына жеткенге дейін мен де өзімнің соңғы он жылда басып өткен жолымды, көргенім мен түйгенім, жеткен жетістігім мен шыққан биігімді көз алдымнан өткізіп отырдым. Әлі есімде, осыдан он үш жылдың алдында жалғыз сөмкемді сүйрелеп, шекарадан имене өтіп, тұңғиық бір әлемге еніп келе жатқан едім. Ол кезде алдағы болашағым туралы ойлаудан да қорқатынмын. «Тәуекел деген жел қайық өтесің де, кетесің» деген жүректі жылытқан сенім ғана бар болатын. Оның бәрін тізбелеп жатудың керегі де шамалы. Ең бастысы, басқалармен еңсемді тең ұстап, еселене еңбек етуге мүмкіндік мол болды. Елбасы кітабының әр тұсында айтылған ел дамуы үшін қолға алынған салиқалы саясат, сарабдал бастама, салмақты міндеттер әрбір қазақстандықтың жеңісті істерін жетілдіріп отырды.
Атажұртқа оралған он екі жылымның он жылын жауапкершілігі мол журналистік салаға арнаппын. Қазірде қалыптасқан журналист ретінде өз әлемімді қалыптастырдым. Мені оқитын және ойымды олжа деп санайтын оқырмандарым баршылық. Жеті кітап жазып, өзімнің азаматтық ұстанымымды жұртқа жеткізсем, оның біреуі Елбасыға таныстырылып, Елбасы кітапханасына сақтауға алынған. Бұл екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Ғылым жолында құлашымды кең жайдым. Әсіресе, руникалық жазба ескерткіштердің әлем және қазақ әдебиетіндегі орны жайлы жазған ғылыми диссертациям түркітанушы ғалымдар арасында беделге ие болса, Ілияс Жансүгіровтің елге жетпеген еңбектерін жинақтаған еңбектерім үшін «Жансүгіров» медалін, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына орай қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына орай Жетісу жерінің киелі жерлерін анықтауда қатысып, туған өлкенің тарихын түгендеуге қосқан еңбегім үшін «Үздік өлкетанушы» медалін кеудеме тақтым.
Сонымен қатар, халықаралық «Internewc» ұйымының ортаазиялық журналистер арасында ұйымдастырған экологиялық тақырыптағы жобалар байқауының Қазақстан бойынша бірінші жеңімпазы болып, аталған ұйымның Қазақстандағы экология саласы бойынша сарапшысы атандым. Осыған орай, Алматы, Тәжікстанның Душанбе, Қырғызстанның Бішкек қалаларында өткен халықаралық экологтар форумына қатысып, әлемдік деңгейдегі ғалымдармен сұхбаттас болып, өремді өсірдім. G-GLOBAL, CGEGD green kaz, Еуродақ, БҰҰ жасыл экономиканы дамыту коалициясы тарапынан Қазақстанда бірінші рет өткен «Жасыл Қазақстан» байқауының жеңімпазы атанып, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың Алғыс хатымен марапатталып, мерейленгенімді айтпай кетуге болмас. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП тарапынан өткізілген республикалық байқау мен Тұңғыш Президент қоры ұйымдастырған «Тәуелсіз Қазақстан және Елбасы» байқауының жүлдегерлері қатарынан көрінгенімде еңсемді биіктете түсті. Астана төрін үш айы бойы думанға бөлеген «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесін насихаттауда төккен терім текке кеткен жоқ. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының сол кездегі басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен бірінші орынбасары Әлішер Пірметовтің Алғыс хатын арқалап, ауылға мақтанышпен оралғаным үлкен жетістік болды. Мұндай жетістік әлі де еселене түсері анық.
Марапатым үшін мақтанып отырған жоқпын. Алайда Тәуелсіз Қазақстанның қанаттандыруы, Елбасының ел үшін еңбек етуге жасаған жақсы мүмкіндігі болмаса, мен үшін осындай деңгейге жету мүмкін бе еді? Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқып отырып, туындының ел өркениеті мен жеке басымның Атажұрттағы табыстарыма қаншалықты деңгейде әсер еткенін осылай ой елегімнен өткіздім.
Қажет АНДАС,
ақын, журналист
Талдықорған қаласы