23 Қараша, 2011

Ойға алмаған істің орайы

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының комитеттеріндегі байқаушы мәртебесін алуға өтінішінің тұсаукесерін өткізді

Кеше Парижге жұмыс сапарының аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

ЭЫДҰ кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов Қа­зақстан Республикасының ұйым комитеттеріндегі байқаушы мәр­те­бесін алуға өтінішінің тұ­сау­ке­серін өткізді.

Кәрім Мәсімов өзінің сөзінде еліміздің ЭЫДҰ стандарттарын енгізуге және ұйым комитеттерімен әрі қарай ынтымақтасуға деген талпынысын жеткізді.

«Жарты ғасыр бұрын, ЭЫДҰ құрылған кезде, Қазақстанның уақыт өте келе аталған Ұйымға өті­ніш беретінін ешкім білген жоқ. Тіпті 20 жыл бұрын да, біз­дің еліміз тәуелсіздік алған кезде, мұндай шамшылдық сенімсіз көрінер еді», – деп атап көрсетті К.Мәсімов.

Қазақстан Премьер-Министрі «соңғы 20 жылдың жеңіл болма­ғанын», бірақ бүгінде Президент Н.Назарбаевтың жетекшілігімен үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін көлденең тартты.

«Біздің бұдан былай жаңа идеялар мен инвестицияларға эко­номикамыз ашық. Азамат­та­ры­мыздың бай әлеуетін барынша пайдалану үшін заманауи инфра­құрылымды және жоғары білікті білімі бар әртараптандырылған және инновациялық экономика құ­рылысына инвестиция салу­да­мыз», – деді Қазақстан Премьер-Министрі өз сөзінде.

«Бүгінгі таңда біздің жекеменшік секторымызда шағын және орта бизнестің 700 000-ға жуық кәсіпорны 2,5 млн. адамды жұмыспен қамтып отыр. ТМД елдерінің ішінен тек Ресей ғана жан басына шаққанда ең көп сыртқы инвестиция тарта алған. Сондай-ақ елімізге тартылған 136 млрд. доллар инвестицияның жар­тысы соңғы төрт жылдың үле­сіне тиеді, бұл маңызды жәйт», – деп атап көрсетті Кәрім Мәсімов.

Соңғы жиырма жылда Қазақ­стан экономикалық өсімін сақ­та­ды, ішкі жалпы өнімді жан ба­сына шаққанда 12 есеге арт­тыр­ды – 700 АҚШ долларынан 9 000 АҚШ долларына дейін жеткізді. Соңғы 10 жылда еліміз эконо­ми­касы тез дамыған әлем елдерінің ондығына кірді және қазір Дү­ниежүзілік банктің жіктелімі бой­­ынша біз табысы орташа деңгейдегі ел болып табыламыз.

«Біздің экономикамыз әлем­дегі тез дамушы экономикалар­дың бірі болып табылады, оның орташа өсімі жылына 8% құ­райды», – деді Қазақстан Премьер-Министрі өз сөзінде.

Кәрім Мәсімов ұйымға қа­ты­сушы елдердің өкілдерін Қазақ­стан Үкіметінің ЭЫДҰ-мен ын­ты­мақтастығы туралы хабардар етті. Білім беруді жаңғыртудың мемлекеттік саясатында сарап­шы­лардың ұсыныс-кеңестері ескерілді. Қазір Қазақстанда қолға алынып отырған инвесторларға арналған «бір терезе» қағидасы да ЭЫДҰ-ның үздік тәжірибесіне негізделген.

Қазіргі таңда ЭЫДҰ-мен серіктестікте жекеменшік сектор­дың, ұлттық экономиканың бәсе­кеге қабілеттілігін дамыту, мемлекеттік органдардың ашық­ты­ғын және есеп берушілігін арт­ты­ру, сыбайлас жемқорлықты және оның себептерін еңсеру жөнін­дегі жұмыстар жалғасуда.

Маңыздысы сол, Қазақстан Рес­публикасы ЭЫДҰ-ның бәсе­ке­ге қабілеттілігінің Еуразиялық бағдарламасына мүше болып табылады.

«Жарты ғасыр бұрын, ЭЫДҰ құрылған кезде, Қазақстанның тәуелсіз ел болатынын ешкім білген жоқ. Жүйелі түрде жаң­ғырту үрдісін жүргізген Қазақ­станның экономикасы жедел дамыған әлем­нің үздік он елінің қата­рынан көрінетінін де ешкім білген жоқ. Біз Қазақстан өкілі Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымының байқау­шы­лары қатарына қосылатын күнді асыға күтеміз», – деді Кәрім Мәсімов.

Сөз реті келгенде, ЭЫДҰ-ның әлемнің Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Швейцария және т.б. ең дамыған 34 мемлекетінің басын қосып отырған ұйым екенін, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 60%-ы ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне тиетінін айта кетейік.