Бұл жерге бір келіп кеткен едім. Той болатын мейрамхананың алдында кісі қарасы көрінбейді. Сұрап білгенім, сағат тоғыздарда ашылады екен. Машинадан екі үй әрідегі досымның ауласына қарап отырмын. Өзін сағынып, көргім келіп-ақ тұрғаны. Алайда оған деген өкпем бар. Алғаш оны іздеп келгенімде, үйінде болмай шықты. Балалары осы көшенің бойына орналасқан әскери бөлімдегі кезекшілігіне кеткенін айтты. Тексеріп өткізу пунктіне келіп, ондағы сержанттан телефон арқылы шақырып беруін өтінгем. Ол мені көргеніне балаша қуанды. Командирінен рұқсат сұрайтынын айтып, жібергісі келмеді. Кезекшілердің көнбегеніне қоймай, қақпаны аштырып, машинамен ішкі аулаға кіргізді. Сағыныш оты лаулап тұр. Лауламағанда ше? Нұрбол менің көңілімнің төріндегі, әскерде қызметтес болған жақын адамдарымның бірі емес пе. Дос дегеннен гөрі бауырға жақындау. Екеумізді бауырмал еткен ауған даласы еді.
Парван провинциясындағы жанар-жағармай қоймасында менен жарты жыл бұрын қызметін бастапты. Заставаға келіп тұратын Зуич деп атап кеткен жігіттен онда бір қазақ жігітінің бар екенін естіп, дереу шақыртқан едім. Ертесіне-ақ жетіп келді. Таныстық, достастық, сосын бауыр болдық. Шет жұртта басқа таңдауымыз да жоқ еді. Содан кейін кездесуіміз жиілей бастады, көбіне Зуичпен немесе оның қасындағы аты-жөні ұмытылған жігітпен бірге келетін. Ол жігіт те, Зуич те гитараның құлағында ойнайтын. Ондай кезде заставада ән шырқалатын. Автоматты құшақтап, білгенімізше әнге қосылатынбыз. Уақытының кеш болғанына қарамай, олар біздің көңілімізді қимайтын. Кей әндерді бірнеше қайталап шырқайтын. Әскери рух көтеріліп, ешнәрсе қорқынышты болмай, көңіліміз өсіп қалушы еді.
Әскери операциялардан соң біз бір-бірімізді іздейтін болдық. Бірінші кезекте соғыстағы адам шығынын, қай бөлімнен қай жақтың жігіттері қайтпай қалғанын білуге асығатынбыз. Аман-есен оралып, көріскенімізге қуанатынбыз. Бір тапсырмадан соң Нұрбол Әубәкіров «Жауынгерлік қызметі үшін» медаліне ұсынылды. Ерлігінің еленгеніне риза болдық.
Жерлесім арқылы мен алматылық Фархатпен таныстым. Ал оған Жаркенттің Алтыүйінен келген Анарбек Байысбековтің қызмет орынын айттым. Баграм аумағының шетіндегі күзет постымызға жерлестер іздеп келгенде бөтен адамның кіруіне тыйым салынғаны естен шығып кететін. Мина, дыбыс, жарық шығаратын қондырғылар орнатылған жерлерді олар да жаттап алған еді. Бір-бірімізден алшақ, бөлек-бөлек бөлімдерде болсақ та, амалын тауып, хабар алысып, жолығысып тұрдық...
Енді, міне Шонжыда Нұрболдың кезекшілік орнына келуіміз сол-ақ еді, алыстан жердің шаңын бұрқыратып бір «уазик» жетті. Одан шыққан офицер айқайға басып, оны сөгіп қоя берді. Шынында да, бөтен көлік бірден көзге түсетін.
– Қызыл көлік сені қып-қызыл зиянға ұшыратты, – деймін оған. Кабинадан шықпай отырып байқағаным, әскери нысанға бөтен адам кіргізгені және көнбегеніне қоймай рұқсат алып, жұмыстан босап шыққаны үшін бірнеше нарядты арқалады. Әйелі Мәдина да сол жерде әскери қызметші екен, оны сабырға шақырып, уайымдап жүрді. «Қанды көйлек досым келіп тұр» деп қоймағанына не дерсің. Әскерден соң Нұрболға бұл бөлімшеге орналасу оңай болған жоқ. Хат жазған соң, Қорғаныс министрі өзі араласқанын білем. Енді міне, қызметіне немқұрайдылықпен қарағанына мен себепкер болып тұрмын.
– Қоя бер, сені көрмегелі неше жыл болды? Қалаға кетіп жоғалдың, – деп өз сағынышын білдірді. Ол аз болса, машинамның көрімдігіне бір қой атады. Кафеде отырып, өткен күндерді еске алдық.
Бұдан кейін де неше мәрте келдім. Бірде жұмыста, бірде Сүмбеде, енді бірде демалып жатады. Үйіне ұялы телефон нөмірімді қалдырсам да, ешқандай қоңырау келмеді. Жаңағы айтқан ренжуімнің себебі осы ғой.
Араға жылдар салып, тағы да, оның көшесінде, үйінің алдында тұрмын. Кенет ол сыртқа шығып мен жаққа қарады. Көлікке жақындап келіп таныды. Көлік терезесін түсіріп амандасқаныма аң-таң.
– Неғып отырсың? Үйге жүр, – дейді.
– Жоқ! – деймін мен.
– Неге? – Нұрбол біртүрлі түсінбей тұр.
Бүгін мейрамханаға келгенімді айтып, оның шақыруына бірден келісе қоймадым. Нұрболды іздеп неше мәрте келгенімді, өзінің бір рет те хабарласпағанына қара қазандай өкпемді жайып салдым. Не айтсам да көтеретініне сенімді болғандықтан ғой бұл.
Ол маған тойдың тым кеш басталатынын айтып, үйіне кіруге көндірді. Аудан орталығы болса да, мұнысы қызық екен. Дастарқанға шай келтіріліп, Мәдина лезде ет турап, картоп аршуға кірісті. Қуырдақтың иісі лезде үй ішіне тарап кетті. Үстел үсті лезде құрт-май, бауырсақпен әрленді. Нұрбол мені көргеніне мәз болып, әйеліне жарылып отырды. Дастарқанға жақындаған балаларына да мақтап қоймайды.
1989 жылы Ұйғыр ауданының Ауғанстанда қызмет еткен жігіттерін Шонжыдағы бір жиналысқа шақырды. Одан соң екеуімізді колхоз бастығы Кемал аға Әденов өзі «уазигіне» отырғызып, Сүмбеге алып кеткен еді. Мамамның менен хабар алу үшін оның аулына барып, Нұрболды көріп, шайға қарамай-ақ дереу кері қайтқанын Анархан ападан сонда есіттім. Кейін білгенім, «Ауғанстаннан Сүмбенің бір жігіті келіпті, сіздің ұлыңызды таниды екен», дегенді ести сала шешем бар жұмысын қойып жолға шығады. Сұңқардан жол-жөнекей көліктермен ауданға келіп, ауыл автобусына үлгеріпті. Үлкен ағамның автопаркте гараж бастығы екенін айтқан соң жүргізуші тұра Келеке ағаның үйіне апарады. Ұлының амандығын, аз күнде оралатынын біліп, Нұрболды құшақтап сүйіпті. Шопыр шешемнің көз жасын орамалына сүртіп шыққанын көріп, қатты уайымдағаны, автобустағы жолаушылар оны аяп, басу айтқаны туралы кейінірек ағамнан білдім. Ұлдарын күткен мыңдаған ата-аналар сияқты, мені де туғандарым дегбірсіз күтті.
Нұрбол Баграмдағы бір оқиға жайлы сөз бастады. Шынтуайтына келгенде, мен ол туралы мүлдем ұмытып қалыппын, еске салды:
...Қарауыл дабыл көтеріп, Барихейль қышлағы маңында «шурави» әскерінің жүргенін баяндады. Комбат Степан Ярощуктың өзі МТ-ЛБ-ға отырып, бір экипаж сол жерге жетіп бардық. Ауған қышлағы төңірегіне қыдырып шыққан Зуич пен біздің Нұрбол екен. Аяқтарында ақ «адидас» кроссовка, Нұрболдың үстінде ауған дүкендерінде сатылатын «командос» костюмі бар еді. Бұйрық бойынша, қару кезеніп, қоршап тұрдық. Бұл, әсіресе мен үшін өте ыңғайсыз әрі аянышты кез болды. Комбаттың машинаға шығу бұйрығына олар көнген жоқ. Зуич, егер қару қолданылып, күштеп мәжбүрлесек, жарып жіберетінін айтып, қалтасынан граната шығарды. Дөрекіліктің арты жақсы болмайтынын ескертіп, капитан оларды тәртіппен түзеу батальонына жіберткізетінін мәлімдеді. Нұрбол менің көзіме жиі-жиі қараумен болды. Мен оған қазақшалап, үнсіз қалуын, Зуичтің ызасын басып, бізді келісімге шақыруын өтіндім. Қаһарлы комбатты да көндірдік әйтеуір.
– Сосын қалай еді? – деп оның толықтыруын күтемін. Ауған тақырыбына көп қызыға қоймайтын біздің әйелдерден өзгеше тамақ дайындап жүрген отанасы біздің әңгімемізді ұйып тыңдап тұр.
– Есіңде жоқ па, бізді МТ-ЛБ-нің алдына салып бөлімшемізге дейін жүгіртіп барғандарың?
– Көрінбей жүргенің сол екен ғой, – деп әзілдеп қоямын. Мүмкін, дұшпандардың «шуравилерге» қарсы өшпенділігі күшейген кездегі әрекетіміз дұрыс та болған шығар. Соғыс мейірімсіз. Онда мүлт кетуге болмайды, қателікті кешірмейді соғыс. Немқұрайдылық пен қателік қаншама жігіттердің өмірін қиғанын бәрі біле бермейді. Түнгі поста тұрып темекі шеккен қарауылдың дұшпан мергені тарапынан оққа ұшқаны, биіктікті бағындыруға бара жатып, жүк ауырлығына шыдамай, консервіленген кашасын тас үстіне қалдырып, қайтар жолда алмақ болған жауынгердің жараланғаны соның дәлелі. Бір қарағанда тыныш көрінген қышлақ шетіндегі кейбір жерлерге жаяу әскерге қарсы, ал жолдарға танкіге қарсы фугастарды қойып тастайтын. Жайылып жүрген қойлар немесе «бачалардың» біз «барбухайка» деп атайтын машиналары жарылғанының талай мәрте куәсі болғанбыз. Кейбір блокпостарда тапсырмаға салғырт қараудың салдарынан адам шығынына жол берілгенін де еститінбіз.
– Расында да, көп нәрселер естен шығыпты. Кейінгі тағдыр қалай болды?
Досымның айтуынша, Зуич қасындағы серігінің кім екенін айтпай, бірнеше күн гауптвахтада отырып шығыпты. Нұрбол казармаға бармай-ақ, жанармай өлшеу орнында қалдырған әскери киімін ауыстырып, түк білмегендей жұмысына кіріседі. Командир, сірә, Зуич пен бет әлпеті ақ-сары Нұрболға қарап екі орыс сарбазы деп баяндаған болуы керек.
Біз біраз нәрселерді еске алып, бір марқайып қалдық. Анарбек туралы да қызық естеліктер айтылып, оның жарақаттан кейінгі қазасына қайғырдық. Мейірімсіз соғыс бізді мейірімділікке үйретті.
Терезенің арғы бетінде көліктер көбейіп, мейрамханаға адамдар жинала бастады. Қоштасып, сыртқа шықтық. Енді мүмкіндігінше жиі көрісіп тұруға келістік. Бірақ келісімнің орындалмай жүргеніне де санаулы жыл өтіпті. Күйбең тірлік. Бауырымды сағынып жүрмін...
Минәмжан АСИМОВ,
журналист