Біз ортағасырлық энциклопедиялық шығарманы ыждағаттылықпен қайта қарап шығуымыз керек. Өйткені мұнда автордың айтар ойды астарлап жеткізген тұстары жеткілікті. «Тарих-и Рашидиді» ортағасырлық памфлеттік туынды десе де болады. Егер біз автордың астарлап айтқан ойларының түп-тамырын арши алсақ, онда қазақ тарихының талай ақтаңдақтарының сырын түсінер едік. Бұл үлкен ғылыми жаңалық болары анық.
Мысалы, автордың Моғолстанның тарихи тұлғаларына қатысты сипаттамалары өз замандастарының ықпалымен берілген. Оның өзіндік себебі бар. Мұхаммед Хайдар Дулатидің Әмір Темірдің ұрпағы, атақты Захираддин Бабырмен бөле болғаны, Моғолстан қирағаннан кейін Үндістанға кетіп, Бабырдың ұлы Құмайынға барғаны, Кашмирді билегені, өзінің атақты еңбегін сонда жазғаны белгілі. Сондықтан да, ол сол дәуірде үстем болған Әмір Темірді ұлықтаушы тарихшылардың ұстанымдарын ескеріп, Моғолстанның тарихи тұлғаларының қызметіне солардың көзқарастары тұрғысынан баға беруге мәжбүр болған. Бірақ келер ұрпақ үшін астарлап талай ойлар айтып кеткен. Мұхаммед Хайдар Дулати астарлап дәріптеген тұлға – Моғолстанның тәуелсіздігі жолында Әмір Темірмен жан аямай ұзақ жылдар алысқан қолбасшы, атақты Әмір Қамараддин.
М.Х.Дулати «Тарих-и Рашидиде» Әмір Темірге қатысты Шарафаддин Әли Йәздидің «Зафарнамесінен» («Жеңіс» кітабы – Әмір Темірдің жорықтары туралы кітап) үзінділер келтіреді. «Зафарнаменің» көптеген тарауларында Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары туралы баяндалады, сондықтан Мұхаммед Хайдар тарихи дерек көзі ретінде «Зафарнамеден» үзінді келтіріп отырады. М.Х.Дулати шығармасының 1-ші тарауы «Тарих-и Рашидидің» басталуы деп аталады. Міне осы тарауда Тоғылық Темір ханның ислам дінін қабылдауына Шеих Жамаладдиннің ықпал еткені баяндалады. Тоғылық Темір – Моғолстанның алғашқы ханы, 730 (1329-1330) жылы туған, 18 жасында хан тағына отырып, 764 (1362-1363) жылы 34 жасында қайтыс болған. Ол – Шыңғыс ханның ұлы Шағатайдың ұрпағы. Шағатай ұлысын шамамен 709/1309 – 718/1318 жылдары билеген. Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін дулат әмірі Болатшы сол кездегі Ақсудағы ордасына Тоғылық Темірді алдырып хан көтеріп, Моғолстанды бүліншіліктен құтқарып қалды. Әмір Болатшы – М.Х.Дулатидің алтыншы атасы, Қашқарияны билеген әмір. Кезінде әмір Болатшының үлкен атасы Өртөбеге ерекше сіңірген қызметі үшін Шағатай хан Маңлай Сүбені берген. Өртөбе – М.Х.Дулатидің сегізінші атасы. Маңлай Сүбе – шығысы Құсан және Тарбұғырмен шектессе, батысы Самғар мен Ферғана уәлаятының шеті саналатын Жакишманға дейінгі аймақ. Ыстықкөлдің солтүстігі, Черчен мен Сарыұйғырдың оңтүстігі де осы аймаққа кіретін. Онда Қашқар, Хотан, Жаркент, Қасан (Қашан), Ақсикент, Әндіжан, Ақсу, Атбасы, Құсан сияқты ірі-ірі қалалар орналасқан. Тоғылық Темір хан Мауреннахр аймағына жорық жасап, Моғолстан шекарасын кеңейтті.Тоғылық Темір хан әмір Болатшының қызметі үшін Шыңғыс хан аталарына мұра етіп берген тоғыз артықшылықты жарлық шығарып, бекітіп береді. М.Х.Дулати осы жарлық менің отбасыма жеткен болатын деп жазады.
Әмір Болатшы бес ағайынды еді: үлкені – әмір Тулақ, екіншісі – әмір Болатшы, үшіншісі – әмір Шамсаддин, төртіншісі – әмір Қамараддин, бесіншісі – әмір Шеих Дәулет. М.Х.Дулатидің жазуына қарағанда, әмір Болатшы қайтыс болған соң орнына ұлысбегі болып жеті жасар ұлы Хұдайдад тағайындалады. Әмір Хұдайдат 90 жыл әмірлік еткен, жарқын жүзді кісі болған екен. Ол Моғолстанның жеті ханын таққа отырғызған. Әмір Қамараддин ұлысбегілік маған міндеттелгені жөн деп Тоғылық Темір ханның алдына барғанымен, хан оған келіспей, Болатшының ұлы Хұдайдатты ұлысбегі етіп бекітеді. Бұған әмір Қамараддин наразы болады, бірақ ештеңе істей алмайды.
Әмір Қамараддин нағыз жаужүрек, батыл, ешнәрседен қорықпайтын ірі тұлғалы кісі болған, оның қонышына жеті жасар бала сыйып кетеді деген аңыз бар. Ілияс қожа хан қайтыс болғаннан кейін әмір Қамараддиннің кеудесін керген кек сыртқа шыққан. Қамараддин Моғолстандағы басқару ісін қолына алып, тәртіп орнатады. Сол кезеңдегі хандық билікті мойындамаған, өзі дербес билік жүргізген әмір болды. Ол ешкімге бас имей ержүректілігімен жиырма жылдай билік жүргізген. Оған, бір жағынан, Кеш әмірлері қарсылық көрсетеді, екінші жағынан Әмір Темір үлкен кедергі болды. Қамараддин Әмір Темірмен өмірінің соңына дейін, ақтық демі біткенше шайқасып өтеді. Әмір Темір Моғолстанға қарсы жасаған үшінші жорығы кезінде Қамараддиннің көзін жою үшін тыңшылар жіберіп, оның Көктөбе деген жерде отырғанын анықтайды. Әмір Қамараддин жаудың әскерінен хабардар болып, Аршалы дейтін кісі аяғы жетпес жерге бой тасалайды да, қараңғы түсісімен орын ауыстырып кетеді. Әмір Темір Үш Фарман деген мекенде мыңдаған бейбіт адамдарды тонап, әмір Қамараддиннің туған ағасы әмір Шамсаддиннің әйелі Тұман мен қызы Дилшадты тұтқынға алады. Әмір Темір Дилшадқа күштеп үйленеді. «Зафарнамеде» әмір Темірдің Дилшадпен үйлену тойын әдемілеп, келістіре суреттеп, тұтқын қызды бақытқа кенелгендей етіп баяндаған, ал шын мәнінде әмір Темірдің Дилшадқа үйленуі – зорлықпен, қыз намысын аяққа таптаумен болған арамза әрекет еді.
Бұдан кейін де Әмір Темір Моғолстанға басқыншылық жорығын тоқтатпады. Ол жорық кезінде алысқа көшіп кете алмай қалған бейбіт халықты қырып-жойып, тонап, тұтқындарға рақымшылық жасамайды. Әмір Темірдің әмір Қамараддиннің соңынан жіберген басқыншы әскері Сырдариядан Алтайға дейінгі аймақта жолындағы бейбіт қалалар мен кенттерді қиратып, күлге айналдырғаны, халықты тонап, мал-мүлкін талан-таражға салғаны мәлім. Әмір Темірдің үсті-үстіне жасаған басқыншылық жорықтары елдің іргесін сөкті. Моғолстанның байырғы тұрғылықты жұрты тоналып, күйзеліске түсті, халықтың табиғи өсімі тежелді, ел-жұрт атамекенінен жанын сауғалап, жан-жаққа тарыдай шашылып, босып кетті. Осындай қара күшке Моғолстан әмірі, ержүрек Қамараддин қайсарлық көрсетіп, ұзақ жылдар қарсы соғысты. Күрделі саяси, тарихи жағдайдың өзінде әмір Қамараддин елінің дербестігі жолында ерлікпен шайқасты.
1375-1376 жылдары Әмір Темір 30 000 әскерін Моғолстанға тағы да аттандырды. Мақсаты бағынбаған әмір Қамараддинді тауып, көзін жою болатын. «Тарих-и Рашидидің» 21-ші тарауында Әмір Темірдің Моғолстанға төртінші жорығы баяндалады. Әмір Қамараддин Әмір Темірдің жорыққа шыққанын есітіп, Атбасы деген жерде 4 000 әскермен торуыл жасайды. Ал Әмір Темір бес мың атты әскермен шыққан еді. Беделді батырларынан іріктеп жанына шағын жасақ қалдырып, басқаларын әмір Қамараддинге қарсы жұмсайды.
М.Х.Дулати «Тарих-и Рашидидің» 23-ші тарауында сүйікті ұлы әмірзада Жаһангирдің Самарқанда қайтыс болуынан кейін, Әмір Темір тағы да Әмір Қамараддинді жоюды тапсырып, әскерін аттандырғандығы туралы жазады. Әмір Қамараддин мен Әмір Темір әскері Қаратаудың етегінде кездесіп, Моғолстан әмірі күші басым жаудан шегініп кетеді. Бұл соғыста да әмір Қамараддиннің елі қатты тоналады, жау олжаға кенеледі. Дегенмен дұшпан әмір Қамараддиннің сағын сындыра алмайды.
Әмір Темір Моғолстанға бесінші рет жорыққа шығып, Ыстықкөл маңында әмір Қамараддинмен тағы да шайқасады. Шайқастан кейін әмір Қамараддин қатты дертке шалдығып, Кол Качур деген жердегі қалың жынысты паналайды. Жау тоғай ішінен қанша іздесе де оны таппайды. М.Х.Дулати әмір Қамараддин қайтыс болғаннан кейін ғана Әмір Темір Моғолстанның біраз бөлігін бағындыра алғандығын жазады. «Зафарнамеде» Әмір Темір 1390 жылы әмір Қамараддинге қарсы өзі 20 000 әскермен, тағы бір қолбасшысы 5000 қолмен жорыққа шыққандығы айтылған. Сол 25 000 қолмен әмір Қамараддинді тізе бүктіре алмайды. Әмір Қамараддин шын мәнінде көзсіз, нағыз алпауыт батыр болған. «Зафарнаменің» дерегіне қарағанда әмір Қамараддин әмір Темірдің бесінші жорығынан кейін, ауыр дерттен қайтыс болған. Нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз.
Моғолстанды алапат бүліншілікке ұшыратқан Әмір Темір Қытайға жорық үстінде денсаулығы күрт нашарлап, 1405 жылы ақпан айында Отырарда қаза болады. Егер біз Әмір Темірдің Алтын Орда империясын екі шайқаста талқандағанын, Осман империясының атақты сұлтаны Баязиттің армиясын бір шайқаста қиратқанын, Үндістанға жорық жасап, ондағы Дели сұлтанатының көп санды әскерін тоз-тоз еткенін, Азиядағы басқа да қаншама мемлекеттерді күшпен бағындырғанын ескеретін болсақ, жиырма жыл бойы Әмір Темірге қарсы өз жерін, өз елін аянбай қорғаған әмір Қамараддиннің тарихи ерлігіне тәнті болмасқа амалымыз жоқ. Әмір Темір әмір Қамараддинмен ұзақ уақыт соғысып, ақыры не тұтқындай алмай, не түпкілікті жеңе алмай арманда кетті.
Сонымен қорыта айтсақ, әмір Қамараддин – Моғолстанды жиырма жылдай басқарған, елге есімі аңыз болып тараған мемлекет қайраткері. М.Х.Дулатидің бабаларының ішінен тек әмір Қамараддин ғана сол кездегі ең қуатты Әмір Темірге қарсы шығып, өмірінің соңына дейін айқасып өткен ержүрек тұлға болатын. Өкінішке қарай, біз қазіргі Қазақстан жеріне талай рет жорықтар жасап, халықты тоз-тоз еткен Әмір Темірдің басқыншылық соғыстарын жақсы білсек те, атақты жаумен ұзақ алысып, қасиетті Атамекенді ерлікпен қорғаған әмір Қамараддин туралы өте аз білеміз. Міне, жоғарыда біз келтірген мысалдан анық көрініп тұрғандай, ортағасырлық тарихшы М.Х.Дулатидің мұрасын ғылыми тұрғыдан қайта сараптаудың уақыты келгені сөзсіз.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Тараз мемлекеттік университетінің ректоры