09 Ақпан, 2010

ХАЛЫҚ ҰЛЫ

1881 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
“Алпысқа келгеніңде алдыңда алты ағаң болсын, жетпіске кел­геніңде соңыңда жеті інің бол­сын”, – деген екен аталар­ымыз. Қадірменді ақсақал Оңайбай Көшеков туралы шағын әңгімені бастарымда ең әуелі есіме осы бір баталы сөз түсіп отыр. Әрбір адам баласы белгілі бір ортада өсіп, ержетеді. Оның азамат ретінде қалыптасуына сол ортаның әсері көп болады. Бірін бірі үнемі қолтығынан демеп, жетектеп жүрмесе де “алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер” деп Абай атамыздың айтқанындай өмірдің ағысында алға қарап бағдар түзеу, үлгі-өнеге алу кейінгілердің парызы, парызы ғана емес бұлжымас жолы. Сол секілді біз кімбіз, кімнен өнеге аламыз дегенде сонау жастық шағымызда көзге түскен санаулы азаматтардың арасында Оңайбай Көшекұлының тұлғасы ерекше көрінетін. Менің әкем Мақаш марқұм көкірегі қазына, шежірелі адам еді. Сол кісі: “Оңайбайдың тегі жақсы, ал адам баласы қашанда болсын тегіне тартып туады ғой. Біздің Атыраудағы Жетіру елінен ертерек уақытта Асау-Барақ, Қойыс-Қобжан, Есет батыр, ақын Досжан секілді атағы алты алашқа жайылған небір мықты азаматтар шыққан. Бөкей ордасының зама­нында өмір сүрген Қойыс-Қобжан туралы: “Қырды Қойыс билейді, суды орыс билейді”, – деген сөз қал­ған. Қазақтың арқалы ақыны Хамит Ерғалиев міне, осы Қойыстың тікелей ұрпағы. Оңайбай да сол жақсылардың ізін басқан, текті азамат”, – деп айтып отыратын. Иә, Оңайбай ағамыздың пешенесіне еңістен басталғанымен, бел асқан сайын биікке өрлей түсетін тау соқпағындай өршіл өмір жолдары жазылған екен. Ол ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бұрынғы Гурьев қаласының іргесіндегі шағын ауылда дүниеге келді. 1941 жылы 16 жасынан бастап “Гурьев” қой шаруашылығы кеңшарында шопан болып жұмыс істеді. Іле-шала Ұлы Отан соғысына аттанды. От кешуден аман-есен келген соң ауыл шаруашылығын көтеруге белсене атсалысып, 60-шы жылдарға дейін үлкен қызмет баспалдақтарынан өтті. 70-ші жылдары жоғары басшылық жүгін алып жүре алатын ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Елге пайдасы көп тиді. “Тасты жарып өскендей таудың қайсар шынары, Тегі мықты адамдар тұғырда берік тұрады. Дауыл қырқып бұтағын, өрт шалса да өзегін, Тамырынан нәр алып, қайтадан көктеп шығады. Мына дүниеде өшпейді Алланың жаққан шыра­ғы”, – деген өлең жолдары дәл осы Оңайбайдай тегі мықты, өмірде өзін дәлелдеген, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, халық үшін қызмет еткен асыл ағаларымызға арналғандай. Оңайбай Көшекұлы Гурьев обкомының бірінші хатшысы болып, облысты басқарып тұрған 1977-1985 жылдар аралығында қызмет бабында ол кісімен біраз араласып, жұмыс істедік. Мен ол кезде “Гурьевүй­құрылыс” комбинатының директоры, “Гурьев­нефте­хим­строй” тресінің партком хатшысы, “Сельстрой” тресінің бастығы қызметтерін атқардым. Бірінші хатшы құрылыс саласының дамуына, әсіресе мұнай саласына қатысты құрылыстардың салынып, мұнайшылардың жағдайының жақсаруына көп мән берді. Мұнай саласы ол кезде Мәскеуге қарайтын­дықтан жаңа бір құрылыс нысаны жөнінде рұқсат алудың өзі көп қиындыққа түсетін. “Тіпті мұнайшы­лар­ға арнап барак типтес үйлер салу үшін де Мәскеу­дегі министрдің қабылдауын төзімділікпен тосып отырған кездеріміз аз болмады”, – деген сөздері есте ағамыздың. Көшековтің тұсында міне, осындай нысандар көптеп салынды. Кен орындарын іздестіру және дәл анықтау мақсатында “Ембімұнайгеофизика” тресі, “Казгеофизика” бірлестігі құрылып, ірі кеңістіктікті қамтитын түсірілімдер жүзеге асырыла бастады. Мәселен, 1983 жылы Теңізде эксперимент есебінде 620 шаршы шақырым аумақты қамтыған 3D түсірілімі жүзеге асырылып, ол барлау ұңғымалары­ның дәл орналастырылуына айтарлықтай ықпал етті. Кен орнының геологиялық моделі содан бері көп өзгеріске түсе қойған жоқ. Оңайбай Көшекұлы Атырау мұнай және газ институтының құрылуына көп еңбек сіңірді. Оның құрылысында жиі болып, қадағалап отыратын. Міне, осы институттың арқасында елі­мізде көптеген мұнайшы кадр­лар тәрбиеленуде. Халыққа пайдасы зор бұл жоғары оқу орны Оңайбай ағамыздың соңында қалдырған жақсы бір ісі болды. Сондай-ақ осы кезеңде Ботақан, Орысқазған, Оңтүстік-шығыс Қамысты және басқа да кен орындарын әзірлеу жұмыс­тары қолға алынып, олар пайда­ла­нуға берілді. Буровик, При­дорож­ный мұнайшылар кенттері бой көтерді. Сағыз, Қаратон секілді кен орындары­ның берері таусылар тұста мұнайшылар отбасыларының далада қалмай Атыраудың айналасына шоғыр­лануы үшін ағамыз үлкен жұмыстар жүргізді. Көптеген өндірістік, мәдени-тұрмыстық нысандар салынды. Қазір енді осының бәрі айт­қанға ғана жеңіл. Әйтпесе мұнай өнеркәсібі одаққа қараған кезде жергілікті халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дайына қабыр­ғасы қайысатын өңір басшылары үшін жоғарыдағы тірліктердің бәрі үлкен күшке түскенін біз жақсы білеміз. Жалпы мұнайлы Атырау өңірінің, ондағы мұнай құрылымдарының Кеңес Одағы тұсында дамуына бірінен кейін бірі кезекпен облысты басқарған Сала­мат Мұқашев, Оңайбай Көшеков, Асқар Құлыбаев секілді басшылардың еңбегі аз болған жоқ. Өйткені ол кезде аймақтағы маңызды саналатын барлық істер бірінші хатшының қатысуымен шешілетін. Қазір енді мұнай саласының дамуы туралы әңгіме болғанда сол кездегі бірінші хатшылардың еңбегі кейде көлеңкеде қалып кетіп те жатқандай әсер қалдырады. Бұл дұрыс емес. Әр кезең әділ бағаланып отыруы керек. Облыстың бірінші басшылары зейнеткерлікке шыққанда мұнан кейін қайда тұрамын десе де оларға ерік беріліп, қажетті жағдай жасалатын. Қалауларына байланысты Мәскеу мен Алматыдан жайлы пәтерлер ала алатын. Ал Оңайбай аға болса, елде қалғанды жөн көрді. Міне, осының өзінен-ақ ол кісінің ел мен жерге махаббаты айқын аңғарылатындай. Зайыбы Айсұлу апай екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсіріп, қазір ата­мекенінде үлкен әулет басы атанып отыр. Қысқасы Оңайбай аға өзінің ел мен қоғам, ұрпақ алдындағы парызын адал атқарған, кісілік қасиеті мол азамат. Елге сіңірген еңбегін кеудесіндегі Ленин, “Құрмет Белгісі”, үш Еңбек Қызыл Ту ордендері анық білдіргендей. Қария Атырау қаласы мен облысының құрметті азаматы. Елбасы жуықта өткен Үкіметтің есебі тыңдалған арнайы Кеңесте және “Нұр Отан” ХДП бюросында сөйлеген сөздерінде өмірлік тәжірибесі жоқ жастар­дың бәрін орталыққа жинай бермей оларды сыннан өту үшін жергілікті жерлерге жіберу, ал жергілікті жердегі білікті де тәжірибелі мамандардың өсуіне мән бере отырып, кадрларды іріктеу мен жасақтау ісін жолға қою қажеттігін айтқан болатын. Иә, елдің дамуында білікті кадрлардың маңызы зор. Мұны біз еңбегімен, адалдығымен ел құрметіне бөленген Оңайбай Көшекұлы секілді аға ұрпақ өкілдерінің өмір жолына қарап аңғарамыз. Миллиондарға ортақ саналатын мына өмірде Алла тағала бүкіл адамзатқа бірегей сипат беріп, адамдық мінез-құлық, ойлай білу қабілетін тегіс дарыта отырып, әрбір адам баласын дүниеге екі келмейтіндей және сол қалпына қайта қайталанбайтындай етіп, жеке тұлға ретінде аса бір шеберлікпен даралап соққан ғой. Ендеше әрбір адам өзінше бір әлем, бірін бірі қайталамайтын феномен құбылыс. Олардың өзгешелігі мен айырмасы өмірлік ізденісінде, адамға, ел мен жерге деген махаббатында, кісіге жасаған жақсылығы мен өнер-білімінде, еңбегінде. Адамның қандай екендігін біл­діретін осындай өмір өлшемдері Оңайбай Көшековтің бейнесінде жақсылық жағынан жарқырап көрінді деп есептеймін. “Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін”, дегендей Оңайбай аға­ны көрген сайын әкемді ғана емес, олардың қатар­лас­тары, менің ұстаздарым – аға ұрпақ өкілдерінің абзал қасиеттері мен ерен еңбегін еске алып, осы ұрпақтың алдында басымды иемін. Нұрпейіс МАҚАШЕВ, “Қазақтүрікмұнай”  бір­лес­кен кәсіпорнының  бас директоры. КӘДІРІ БӨЛЕК КӘРАҒАҢ Аяулы азамат, көрнекті жазушы Кәрібай Ахметбеков еді, қарымды қаламгерлік қызметімен ұлтына, оның рухани қазынасына айтарлықтай олжа салған суреткер-жазушы десем, оның көптеген кітаптары жарық көрді. Ол еңбектерінің бәрін тізбелеп, жеке-жеке талдап жатуға бір мақала аясында мүмкіндік аз болғандықтан, мен оның тұсаукесер туындысы “Сый орамал” мен соңғы жарық көрген шығармасы “Қасыретке” ғана тоқталып өтпекшімін. Бұл оның жазушылық жолын бағамдап-бағалауға да оңтайлы тәсіл. Тұңғыш кітабы – “Сый орамалға” Кәрібайдың он әңгімесі топтастырылған. Осынау көлемі шағын болғанымен, жазылуы күрделі әңгіме жанрында бағын сынаған жас жазушы жүктелетін сыннан сүрінбей өткен. Қай әңгімесін де сүйсініп, қызығып, бас алмай оқисың. Кәрібай өзі туып-өскен өңірдің, қасиетті Қаратау қойнауындағы елдің өткен-кеткен тарихын да, салт-дәстүрін де санасына сіңіріп, жадына жазып, көңіліне ұялатып, соларды көркем сөзге көшіруге үлкен даярлықпен келіпті. Оның басты себебі, біздіңше Кәрібайдың ел ортасында ұзақ жүріп, көп нәрсені көкейіне түюі дер едік. Өйткені, ол мектепті бітіре сала, өзге әріптестері секілді, Алматыға аттанған жоқ. Екі жыл қой да бағып, ой да бағып барып оқуға түсті. Қазақ университетін бітіре сала, қызметке орналасып алса да, еліне қайтты. Үш-төрт жыл мұғалім болып, астанаға өмірден көрген-білгені, көңілге түйгені, ойына оралғаны бар, яғни жазушы­лық­қа қажетті өмірлік тәжірибе жинап қайта оралған еді. Ешбірі еш жерде жарияланбаса да Кәрібайдың алғашқы әңгімелері сол жақта жүріп жазылған сыңайлы. Осы “Сый орамал­дағы” “Тар кезең” мен “Жетім жасақ” әңгіме­лері жинақтағы сүбелі, шоқтықты шығармалар. Қарт Қаратау еліндегі зар заман – жоңғар шапқыншылығының тар кезеңінің қанды оқиғаларын баяндайтын екі әңгіме де елдік пен ерлікті көркем кестелеген келісті туындылар. Оқиғалары нанымды, түйіндері түйсікті, тілдері төгіліп тұр. Ал “Той тарқар”, “Үкі тағар”, “Шілдехана”, “Домбыра сазы”, “Сый орамал”, “Қарагер”, “Шілде” тақырып­тары айтып тұрғандай, негізінен алыстағы қазақ ауылының өмірінен алынған этнографиялық әңгімелер. Жазушы ел ішінің тіршілігіндегі қазақы салт-дәстүрдің үзік үлгілерін әңгімелеріне арқау етіп, сол арқылы жас ұрпаққа өмірлік өнеге болатын тұщымды ой, парасатты пікір айтқан. Осынау әңгімелердегі соңына түскен қалмақтың қалың әскерін адастырып, босқын елді құтқару үшін жаудың жолын тосып, қаймықпай қарсы шапқан шағын жасақ қоршауда қалғанда батыр Қозы баласы Байсұңқарды қайтарып жіберіп тұрып: “Мен парызымды өтеген шығармын. Ендігі ел қорғау сенің міндетің. Мойныңда аманат кетпесін. Жаның емес, ардың ісінде бол” деп қоштасуы, өлгелі жатқан Әнет баба­ның қалмақ нояны қасына келіп, сауал тас­тағанда: “Шалжисам, төр өзімдікі. Ал сені қай сор айдап келеді: жерің тарлық етті ме, көрің тарлық етті ме?” деп жауап қайтаруы; Дастан есімді баланың сыныптасы Тотыжамал­ға деген алғашқы махаббаты, Қарагер айғырдың боран­да адасқан жылқышы Әлім қартты құтқару хикаясы, алдап алып қашқан Айжан қыздың ақылы арқасында аман-есен сүйген жігіті Сапар­ға қосылуы, тағы басқа кейіпкерлер өмірі­нің үзік сырлары өрнектелген шымыр да шырай­лы туындылар қаламгердің дара қолтаң­басын айғақтайтыны айдан анық. Ал бұл әңгімелердің оқырмандардың жан-жүрегін баурап алып, асыл қасиетімен жадыңда жатталып қалатыны да жазушы суреткерлігінің басты белгісі. Қаламгерлік қарымы өрісті де өнімді жазушы Кәрібайдың ел ішінде ерекше баға­ланған “Алқакөл” және “Қасырет” романдары. Алғашқы роман туралы баспасөз беттерінде көптеген жағымды мақалалар жарық көріп, лайықты бағаланды. Ал соңғы жазған шығар­­масы – “Қасырет” романы жөнінде жарытым­ды талдау-сараптау болған жоқ. Ол ел өмірі – қоғам тіршілігіндегі аласапыран кезеңде жарық көрді. Сондықтан оны оқығандар болғанымен, әдеби сынның назарына іліккен жоқ. Ал шынына келгенде, бұл жазушының кезеңдік те айтулы туындысы еді. Сондай-ақ оның жазылу шеберлігін айтпағанда, тақырыбы тың – қазақ әдебиетінде сирек қалам тербеген туынды-тын. Роман өмірдің өзінен ойып алған оқиғаларға, заман мен қоғамның келбетін көркем әдебиет­те көрсетуге арналған арналы да айшықты шығарма. Аталмыш романда көтерілген көптеген көкейкесті мәселелер бүгінгі қоғамдық өмірдің айнымаған айнасы іспетті қабылданары хақ. Оның қатпары қалың, түйіні шешілмеген тол­ғақты ой-пікірлері тоғысқан толымды туынды екендігін, қысқа қайырып болсада, еске сала кеткен жөн болар деймін. Роман еліміздегі қайта құру кезеңі басталып кеткен тұста жа­зылып, жа­рия­ланды. Сон­­­­дықтан да болар, онда же­рі­­не жеткізе жазылмай жүр­­­­ген, қо­ғам­дық өмір­дің өрге басуы мен гүл­денуі­не кедергі кел­­­тіріп, шешімін таппай шиеленіскен көптеген күрделі мәселелер қозғалған. Айталық, бір кездері қазақ жастарын жаппай қой бағуға жіберуді көздеген, сөйтіп, жоғары білім алып, білікті маман болуларына шек қойған ұрдажық ұрандар көтерілгені есімізде. Мектеп бітіре салып шопан таяғын қолына ұстап, табан­датқан екі жыл қой бағып, оның қыр-сырын өз басынан өткерген Кәрібай осы мәселені тереңнен толғап, оның жас ұрпаққа жасалған зиянды әрекет болғандығын ашына жазған. Романда сондай-ақ күзгі-көктемгі лайсаңда, қысқы қақаған қарлы боранда бейнет кешіп, мал баққан сол шопан еңбегінің бодауы да болымсыз екендігі бұлтақсыз-боямасыз ақиқат арқылы баяндалған. Бұл шығармадағы негізгі кейіпкердің бірі, кезінде қой баққан, қазір белгілі жорналшы Ертағының өмір-тағдыры арқылы әдемі әдіптелген. Шығармада далада өсіп, қалаға қоныс аударған оқыған қазақтардың ұлттың болмыс-бітімінен айырыла бастағаны, олардың мәдениет туралы түсініктерінің таяздығы да ашына айғақталған. Жазушының бұл орайдағы пайым-парасаты Ертағының елден көшіріп әкеліп, қолдарына алған қарт шешесін қала тұрмысына лайықтап киіндіруге, яғни келіншегі екеуі кимешегін тастатып, шашақты орамал салғызуы, қамзолын кигізбей плащ әперуі, шапанын шештіріп, пальтоға ауыс­тыруы сияқты әрекеттерінің жөн-жосықсыз екендігін түсініп, осыған байланысты көшелі ойларын ортаға салуы арқылы көрініс тапқан. Кейіпкердің “Осы біздікі не қылған шала бүлініс... Жұрт не істеп, не қойса, не ішіп, не кисе, соған көзсіз еліктей беру... кәдімгі тоғы­шар­лық түсініктің өзі емес пе? Жасы келген кісінің... өз өмірі, өз танымы, өз тарихы бар, тіпті өз талғамы бар деп неге санаспасқа...” Сөйтіп, келін мен бала өздерінің үстірт пайым, шала түсінігін елдің атына аударып, сонымен ақталмаққа тырысқан теріс түсініктерінен айниды. Міне, осылайша жазушы оқырманға ой салып, қазақы қалпымызды сарымайдай сақтау қажеттігін, сол арқылы ұлттық болмыс-бітімімізді ұстанған, халықтық қасиеттерімізді жоғалтпаған еңселі ел қатарында болатыны­мызды еске салып отыр. Аталмыш шығармада қаладағы қазақ балаларын ана тілінде оқыту, сол жолдағы жанға батқан жағдаяттар туралы да орнықты ойлар ортаға салынған. Бұл өзі кешегі кеңестік заманда ғана емес, күні бүгінге дейін толық шешімін таппаған аса мәнді мәселе екендігі, қаламгердің ұлттық ұстанымының көкейкес­тілігін көрсетсе керек. Тағы да сол жазушының Ертағының аузына салған сөздеріне құлақ қоямыз. “Сүткенже, сен түсін, сәл қиындықтан қашқақтаймыз деп жүріп, елдік қасиетімізден қалай айырылып қалғанымызды білмей қаламыз”. Бұл бәрімізге, бар қазаққа арнап айтылған ескертпе емес дей аласыз ба?! Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел қатарына қосылсақ та, іргемізді бекітіп, байтақ даламызға ие болатын ұрпақ өсіру міндеті мінсіз емес дей алмаймыз. Басында баспанасы, істейтін жұмысы жоқ жастар үйленіп, ошағының түтінін түзетпесе халық саны қайтып өспекші. Осы мәселе де жазушы назарынан тыс қалмаған. Келінінің шаһарлы жерде көп бала тұрмақ, екі-үш баланың да тауқыметі аз емес, сіздер құсап көп бала туып, оны өсіріп, жетілдірем дегенше де шашымыз ағарып кетер деген сылтауына әжей де көкейге қонатын аталы сөзбен жауап қайырады: “Әй, шырақтарым-ау, өз нәресте­леріңді өз құрсақтарыңда өздерің тұншық­тырғанға шаштарың ағармай ма, құдай алдында күнәһар болдым демейсіңдер ме? Алдымен осыны ойласаңдар етті” деп сыбырлай сөйлеп, сыр ашуы қандай жарасымды. Бұл ақылгөйсу емес, жүрек сөзі, өмірлік тәжірибесінің тәлімі. Жазушының осынау романы бастан-аяқ кешелі-бүгінгі қоғам өмірінің түйінді мәселе­лерін еске салып, он сан кейіпкерлерінің осы орайдағы ой-толғамдарын ортаға салады. Мысалы, тың игеру, Отан қоймасына миллиард пұт астық құюды желеулеткен жылдары ауылда тұрып та, жұрт қолда мал ұстаудың мүмкін­дігінен айырылды, ал оның күнкөріске тигізген залалы аз болып па еді?! Ауыл адамдарының тракторлардың іргедегі мал жайылымына арналған жердің қыртысын сыпырып жатқанын көргенде тура өз терілерін аяусыз сыдырып жатқандай сезінуін қаламгердің аса бір тебіреніспен, көркемдік кестесіне орап, тамаша суреттегеніне қалай риза болмассың. Рас, бұл өткендегі тіршілік, алайда, оның алдағы өмірге де сабақ болары сөзсіз. Жазушы Кәрібай осыдан жиырма жыл бұрын жазылса да өз романында бүгінгі қоғамның көріністерін, тіршілік тауқыметтерін көріпкел­ділікпен көрсетіп кетіпті. Бүгінгі қала жағалаған қазақ жастары, кешегі гүлденген ауылдың бүгінгі сұрқы, яғни қаңырап, иесіз қалған кезінің суреті жан ауырта жазылған. Оқып отырып ішің ашиды, ел ертеңіне алаңдайсың. Жылма-жыл үйге үй, түтінге түтін қосылып, кәдімгідей қордаланып қалған, жұрттың кіріп-шығып жататын кеңсесі, балабақшасы мен мектебі, бағатын малы, салатын егіні бар кешегі қазақ ауылдарының көне жұрты бүгінде, көп ретте қаңырап бос тұрғаны өтірік пе?! Ата-бабамыздың баяғыдан келе жатқан қонысы, оны тастап, басқа жаққа ауа көшкен, жайлы жер іздеген ел адам­дарының, әсіресе, жастардың тағдыры әлеумет­тік мәселесі болса, соны жазушы елден бұрын еске салған. Ол шығарма сонысымен де қымбат. Әрине, бұл жағдай жақсармас, өмір-тұрмыс өзгермес деп үміт үзбейміз, алайда, артын ойлап алаңдау ел басшыларының басты қаперінде болатын мәселе. Елдіктің ертеңіне балта шабатын кеселдің бірі де бірегейі – арақ ішу. Бұл өзі сырттан келген сырқат. Қымыз, шұбат, айран, көжеден өзге сусыны жоқ қазақтың араққа құмартқанына да біршама жылдар өтті. Әсіресе, соңғы жылдары, тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жияр тұста тіпті өршіп кеткенін көзіміз көріп-ақ жүр. Ұлтымыздың өзінің өміршең қасиет-салтын сақтайтын, іргесінің бүтіндігін, денінің саулығын, тәнінің тазалығын, сөйтіп түрлі індеттен бойын аулақ ұстауын қандастарым, сол үшін тіпті күреспесең қанша берік саналсаң да санаң да, тіршілігің де азып-тозып кетері сөзсіз. Бұл өзі жалғыздың емес, жалпақ елдің парызы. Міне, жазушы осындай ой түюге көзіңді ашатын ақиқатқа жүгіндіреді. Ал романда айрықша айшықталып, барша шындығы жарқырата жазылған отыз екінші жылғы қолдан жасалған ашаршылық пен отыз жетінші жылдың елді қан қақсатып кеткен нәубеті, одан ес жинауға дәрмен келтірмей бас­талған қырғын соғыс сияқты халқымыздың басы­на түскен қасыретті оқиғалар небір адам тағдыр­лары арқылы өзгеше кестемен өрнектелген. Төл тарихымызда шет жағасы ғана айтылып келген осынау зұлмат заман шын­дықтары көркем әде­биет­те де көп жазыла қойған жоқ еді. Мына роман сол олқылықтың орнын толтырып тұр. Бұл небір нәуметті бастарынан кешіріп, қанша тауқымет тартса да адамгершілік қасиеттерінен айнымаған, адалдық жолынан адаспаған, қазақы қалыптарын сақтаған Ошақбай, Жолымбет, Қарашаш, Қалдықыз, Ертағы, Қайым сынды орталық кейіпкерлердің образдары, іс-әрекеттері, болмыс-бітімдері арқылы халқымыздың талайына жазылған қасыретті тағдырын, сол келмеске кеткен кездердің енді қайталанбауын ойлап, соның ащы сабағынан тәлім алуды көксеген жазушының арман-аңсары, ізгі ниеті, ақ тілегі, кейінгі ұрпаққа – ұлтына аманаттаған өмірлік өсиеті деп қабылдауға лайық туынды. Өзі өлсе де, өшпес із – тамаша көркем шы­ғармалар жазып қалдырған көрнекті қаламгер Кәрібай Ахметбеков, міне, осындай азамат еді. Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.