Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Астана әкімдігінде қаланың маңызды тыныс-тіршілігін талқылады

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана әкімдігінде аппараттың кезекті апталық отырысы өтіп, онда үлестік құрылыс, жылу маусымы, көшелерді тазалау және тәртіпке келтіру туралы мәселелер қаралды.

Астана әкімдігінде қаланың маңызды тыныс-тіршілігін талқылады

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үлестік құрылыстың мәселесін шешу жөніндегі әкімнің тапсырмасын және қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін жылы аялдама орнатудың жоспарын дайындау жөнінде баяндады.

«Өткен аптада ВАК отырысында 17 нысан қаралды. Проблемалы болып танылған «Светлый» тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 143 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді, осыған орай проблемалы нысандар саны 52-ге дейін қысқарды. «Елорда құрылыс компаниясы» өкілетті мекемесімен сот бойынша ТҚК-не өткізілген нысанның техникалық аудиті мен қаржылай жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді С.Хорошун.

Әкім осы орайда «Нұрлы жер» бағдарламасын барынша ашық жүргізіп, барлық келіп түскен қажетті ақпаратты ресми ресурстарға жариялауды тапсырды.

Әсет Исекешев қаладағы аудан әкімдеріне автобус аялдамасы бойынша білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорқау басқармаларымен бірлесіп, жылы аялдама құрудың жоспарын келісу керектігін айтты.

«Ең алдымен жылы аялдамалар мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларға қолайлы, яғни мектеп, аурухана, басқа да әлеуметтік нысандарға жақын болу керек. Осы жылы қажетті деген барлық жерлерге 200 аялдаманы күз-қыс айы жақындағанша орнатып үлгеруіміз тиіс», – деді әкім.

Сондай-ақ, осы 200 аялдаманың тізімін Астана әкімдігінің ресми сайтында жариялап, қала тұрғындарымен бірігіп талқылау керектігін де құлаққағыс етті. 

Төтенше жағдай, санитарлық-эпидемиологиялық, қаланың қазіргі тыныс-тіршілігін, жылу маусымы жайын қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов баяндады. Айтуынша, өткен аптада жұқпалы аурулар бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты, бақылау деңгейінен аспаған. Жылу да штаттық режимде өтуде. Энергия көздері нормативті отын қорымен қамтылған.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыру, Смарт-сити, нарықтағы жанар-жағармай материалдары мен көмір, «Сергек» бейнебақылау камерасын іске қосу туралы қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова айтып шықты. Ол нарықта көмір мен жанар-жағармайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, күн сайын бақылауда екенін айтты.  

Астанадағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары мен криминалдық ахуал барысында қалалық ІІД басшысы Марат Қожаев есеп берді.

«Жалпы, астанада оперативті ахуал тұрақты. Өткен аптада 616 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 326 оқиғаға азайды. Ізі суымай 90 қылмыс ашылды, оның 54-і бұрын жасалған, былтыр – 36. 33 наркоқылмыс анықталды, оның 8-і ауыр қылмыс. Іздеуде жүрген 5 қылмыскер қолға түсті, із-түзсіз жоғалған 6 адам табылды.

Соңғы кездері әлеуметтік желіге қатысты интернет-алаяқтар да пайда болды. Осыған байланысты, халық арасында және ресторан әкімшісі мен иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылды», – деді М.Қожаев.

Қоғамдық транспорттың жұмысын «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов баяндап берді.

Әсет Исекешев халықтың қоғамдық транспорттың техникалық жағдайы мен жұмысына қатысты әлі де алаңдаушылық білдіретінін айта келе, «AstraBus» мобильді қосымшасы арқылы аталған мәселелерді ITS көмегімен шешу қажеттігін айтты. Кәсіби жүргізушілерді де дайындау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, Астана әкімі Әсет Исекешев 2018 жылы жаяу жүргіншілер жолына қатысты мәселені шешуді тапсырған болатын. Яғни барлық магистральді жолдардағы жаяу жүргіншілер жолын алып тастап, бағдаршам орнатуды, «жасыл толқын» деп аталатын біріктірілген кедергісіз өтуді қамтамасыз ету, сондай-ақ жарықтандырудың қатар жүруін табыс еткен. Кішігірім көшелердегі жаяу жүргіншілер жолын қалдырып, оларды жарықтандыру керектігін айтты. Бұл айтылған мәселенің бәрі осы 2018 жылы шешілуі тиіс.

Қаланы абаттандыру мәселесі бойынша Алматы, Есіл, Сарыарқа ауданы басшыларының баяндамалары тыңдалды.