Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

«Алтын сапа» сыйлығына байқау жарияланды

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме байқауына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.

«Алтын сапа» сыйлығына байқау жарияланды

Шара жұмысына «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, «Атамекен» ҚР ҰКП  Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова, ҚР Президенті «Алтын сапа» сыйлығы «Азық-түлік тауарлары және/немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымының 2017 жылғы лауреаты Қызылорда облысындағы «Абзал и Компания» ТС директоры Мағжан Ералиев және ҚР Президенті «Алтын сапа» сыйлығы «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымының 2017 жылғы лауреаты Қарағанды облысындағы  «Дефектоскопия» ҒӨБ» ЖШС дамыту жөніндегі директоры Қайрат Шамшиев қатысты.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы - 2015 жылдан бері сапа саласындағы байқаулардың ұйымдастырушысы. Байқаудың басты мақсаты – отандық өндірушіні қолдау, отандық тауар мен қызмет сапасының жоғарылауына, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекелік қабілеті мен сапа идеясы танымалдығының артуына ықпал ету. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу процедурасын жетілдіру мақсатында 2017 жылдың 24 қарашасында Жарғыға өзгертулер енгізілді», деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Хатшылығының жетекшісі Лаззат Рамазанова.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП  Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова биылғы 2018 жылдың байқауы соңғы өзгертулерге сай өтетінін мәлімдеді.

«Алтын сапа» сыйлығы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт аталым бойынша табысталады. Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халыққар арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» және «Азық-түлік тауарлары және/немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын». Комиссияның құрамы да өзгерді, ауыл шаруашылығы өнімі мен қайта өңдейтін тағам өнеркәсібі заңды тұлғалар бірлестіктерінің бір-бірден енгізілді және байқауға қатысу үшін кәсіпорындарды ынталандыру мақсатында – «Алтын сапа» сыйлығының әр лауреатына 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Бұл сыйақы халықаралық байқауға қатысуға ынталандырады», деп атап өтті Салтанат Әбдікәрімова.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»