«Еуразия» спорт кешенінің алаңында өтетін біріншілікке еліміздің барлық ірі бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.
«BAQ league» 2016 жылы «Астана футбол федерациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолға алған жобасы. Бірінші маусым 2016 жылдың 10 желтоқсанында басталып, 2017 жылдың 26 ақпанына дейін созылған. Оған 11 команда қатысты. Бірінші орынды «Хабар» алса, екінші орынды «Қазақ радиосы» жеңіп алып, үздік үштікке sportsffa.kz сайтының командасы іліккен. Екінші маусым 2017 жылдың мамыр айында басталып, 14 команда әр сенбі және жексенбі сайын «Тарлан-Арена» спорт кешенінде өзара кездесіп, тамыз айына дейін жалғасқан біріншілікте «Хабар» командасы өздерінің чемпиондық атақтарын қорғап қалды. Екінші орынды «Elorda aqparat» агенттігі еншілесе, «Астана» телеарнасы үздік үштіктен көрінген. Сондай-ақ, «хабарлықтар» алтын дуплет жасап, Журналистер кубогын да жеңіп алған», деді BAQ league жобасының жетекшісі Әзиз Жұмаділ.
Енді BAQ league біріншілігінің үшінші маусымы 25 ақпанда басталып, 27 мамырға дейін жалғасады. Ойындардың барлығы «Еуразия» спорт кешенінде өтеді. Маусым қорытындысы бойынша үздік сегіз команда келесі маусымда Жоғарғы лиганы құраса, төменгі орындардан көрінген командалар Бірінші лигада бақ сынайды.
Спикерлердің сөзінше Журналистер лигасының үшінші маусымына қатысуға 14 команда өтініш білдірген. Олардың арасында «Хабар» телеарнасы, «Астана» телеарнасы, «Хабар 24» телеарнасы, «Қазақ радиосы», «Спорт» газеті, «Егемен Қазақстан» газеті, «Қазспорт» телеарнасы, ҚР АКМ ТАО командасы, «Қазмедиа» орталығы, «Қазақстан» ұлттық арнасы, qazaqinfo.kz сайты, «Евразия» телеарнасы, «Асыл Арна» телеарнасы, «Қазақстан ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы» бар.
Баспасөз мәслихатынан кейін жеребе тарту рәсімі өтіп, Журналистер лигасының ойындар кестесі белгілі болады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»