Ал табиғи апатқа қарсы тұрудың қаншама шарасын қарастырып жатырмыз деп Үкіметте жылда есеп берілгенімен, ауыл-аймақтарды түгелдей аман алып қалудың амалы болмай отырғаны белгілі. Қар көбесі сөгілді дегенше жағадағы жұрттың жаны шүберекке түюлі. Бірақ тасқын суға табиғи апат екен деп қарап отыруға болмайды. Бар жағдайды қарастырып, жұмысты жандандырып, тиісті шараларды уақтылы орындаса қауіптің алдын алып, тұрғындарды құтқарудың мүмкін екендігіне Үкімет тағы үміт білдірді. Отырыста су тасқыны кезеңіне дайындықты әбден талқылап, Премьер-Министр жауапты органдарға тас-түйін болуды тапсырды.
Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың айтуынша, нақты жұмыстар жүргізілгенімен өңірлер көктемгі су тасқынына толықтай дайын деп айтуға келмейді. Шешуді қажет ететін бірқатар проблемалар бар. Біріншісі, су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суды қабылдауға дайын емес. Мәселен, Су кодексіне сәйкес су шаруашылығы ұйымдары судың зиянды әсерінен елді мекендерді, өнеркәсіптік нысандарды, ауылшаруашылық жерлерін қорғауды жоспарлап, ескерту шараларын жүргізуі тиіс. Дегенмен, бұл жергілікті жерлерде атқарылып отырған жоқ. Мәселен, министрдің мәліметінше, Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылғыларда ғана жоспарланған.
Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған. «Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзеннің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады», деді Қ.Қасымов. Екіншіден, елді мекендерді даланың еріген қар суынан қорғауда да мәселелер бар. «Тек соңғы жылда ғана еріген қар суынан 57 елді мекен зардап шекті. Қазіргі уақытта Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 160 елді мекенді еріген қар суының басу қаупі сақталып отыр. Жергілікті атқарушы органдар бұл проблеманы шешу үшін кешенді шаралар қарастыруы тиіс», деді Ішкі істер министрі. Сондай-ақ министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге көктемгі су тасқыны қатерін азайту үшін кешенді шаралар атқарғанын атап өтті.
Қазгидрометтің болжамды мәліметтері бойынша, жалпы елімізде қар көлемі нормадан төмен. Дегенмен, су тасқыны қаупі жердің көктемгі ылғалдану деңгейінің жоғары болуымен күрделеніп отыр. Қазіргі уақытта тоңның қалыңдығы 60 сантиметрден 1,5 метрге дейін жетеді. «Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары.
Бірақ қардың жиналуы да жалғасып жатыр», деді министр. Оның дерегінше, ең күрделі жағдай мұздың еріп, Сырдария өзені суының деңгейі артуына байланысты Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында болуы ықтимал. «Көктемгі су тасқыны кезінде жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы топтар құрылды. 49 мыңнан астам адамнан тұратын бөлімдер жасақталды. 16800 техника бар. Су тасқыны болған жағдайда халықты қауіпсіз жерге көшіруге арналған бекеттер анықталып, бағдарлары белгіленген. Қажетті көлік құралдарымен де қамтамасыз етілген. Ұлттық гвардия мен Ішкі істер министрлігінің әскери жасақтары да дайын», деді Қ.Қасымов. Министрдің дерегінше, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 3,5 млн тонна текше метр қар шығарған. 8,5 мың тонна жанармай, 125 мың тонна қажетті материалдар бар. Әкімдіктер төтенше жағдайлар болған жағдайға 24,7 млрд теңге дайындап отыр.
Үкімет отырысында бұдан әрі жалпы су тасқыны қаупіне қатысты тағы қандай шаралар қолға алынып жатқаны жөнінде Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Инвестициялар және даму министр Ж.Қасымбек, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев та есеп берді. Мәселен, Инвестициялар және даму министрі ведомстволық бағынысты ұйымдарда ағымдағы жылғы Су тасқыны кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілгенін және Су тасқынына қарсы комиссияның жұмысы ұйымдастырылғанын жеткізді. Жалпы, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 284 автожол көпірі, 14 686 су өткізу құбыры бар. «Қазіргі уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет ұйымдастырылды және автомобиль жолдарына күзет қойылып, ұзақтығы 316 шақырымдық 476 қауіпті учаске, 942 құбыр және 101 көпір бақылауға алынды. Бекітілген жоспарға сәйкес, су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақтылы ұйымдастыру үшін құм, қиыршық тас, цемент, су өткізу құбырлары, ыдыс-қаптар, жанар-жағармай сынды құрылыс материалдары мен конструкциялар, өзге де техникалар дайындалды», деді Ж.Қасымбек. Министрдің атап өтуінше, іс-шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайы, сондай-ақ 2017 жылғы көктемдегі мұз еру және су тасқыны кезеңіндегі оқиғалар ескерілді. Ал Энергетика министрі Қ.Бозымбаев «Қазгидромет» қызметінің күшейгенін тілге тиек етті. Иә, өткен жылы әсіресе жергілікті атқарушы органдар тарапынан «Қазгидромет» қызметіне сын өте көп болған еді.
Содан кейін қосымша құрал-жабдық сатып алуға ақша бөлінген. Енді, міне, қазіргі уақытта «Қазгидромет» болжау жүйесіне өзгертулер енгізген. Мәселен, бұған дейін гидрологиялық болжам үш ай бұрын жасалып келген. Ал 1 наурыздан бастап синоптиктер 7 күн бұрын болжам жасап отыратын болады. «Оның дәлдігі 90 пайыздан асып түседі және әрбір үш күн сайын түзетіліп отырады. Яғни, барлық мемлекеттік органдар орын алатын климаттық және басқа да өзгерістер жайында ақпараттарды үлкен дәлдікпен алады. Сондықтан ақпарат толыққанды болады деп ойлаймын. Жалпы, «Қазгирометті» жабдықтау 5 жылға арналған бағдарлама әрі оны жалғастыру қажет», деді министр.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев тасқын суларды сақтау, жинақтау және тарату жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ селекторлық жиында Астанамен онлайн байланыста отырған облыс әкімдері – Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Қызылорда облысының әкімі – Қ.Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өңірлердегі жағдайды жеткізді. Әрине, әкімдердің бәрі дайындық жұмыстары жүріп жатқанын, көптеген шара қолға алынғанын айтты. Премьер-Министр өңір әкімдерін көктемгі су тасқыны қаупіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айтқандай, Ақмола облысының әкімі есеп берген кезде Үкімет басшысы жылда тасқыннан зардап шегетін Атбасардың ахуалын арнайы сұрады. Үкімет басшысы «Атбасардың жағдайы қалай болмақ? Не күтеміз? Үйінді топырақ суды ұстай ала ма? Жылда ақша бөлеміз. Бұрын ақша құмға кетті десек, енді суға кетіп жатыр. Тұрғындардың үндеуін оқыдым. Олар қаржыны дамба салғанша су бармайтын басқа жерден үй салып беріңдер» дейді. Миллиардтаған қаржыны несіне жұмсап жатырсыз?», деді Үкімет басшысы. Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин Б.Сағынтаевтың сынымен толықтай келісетіндігін жеткізді. «Бұл дұрыс пікір. 9 шақырымдық дамба салуға 10 млрд теңге қаржы кетеді. Ал 1830 адам тұратын 530 үйді басқа жаққа көшіріп, үйлерді салуға 3-5 млрд теңге кетеді. Шығынның мөлшері төмен болады», деді әкім.
Осы ретте Б.Сағынтаев бір рет дұрыс шешім қабылдап, бұл мәселені түбегейлі жабу қажеттігін қатаң ескертті. Жыл сайын оның салдарын жоюға миллиардтаған қаржы жұмсағаннан гөрі дұрыс бағдарлама қабылдау қажеттігін айтты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминге жол картасын жалпы үйлестіруді және іске асыруды, Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке тасқын су мен еріген қар суын жинау және бөлу бойынша жоспардың орындалуын бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты. Мемлекет басшысының жаңа су қоймаларын салу бойынша тапсырмаларын орындау, сондай-ақ су тасқыны қаупін жою бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Бұдан өзге, су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды.
АХҚО – ел үшін аса маңызды жоба
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов айтып берді. Қ.Келімбетов хабарлағандай, елорданың 20 жылдығын мерекелеуге арналған «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми таныстыру рәсімі биыл 5 шілдеде ЭКСПО Конгресс орталығының ғимаратында өтеді. Салтанатты іс-шараға қатысуға ірі халықаралық компаниялардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының басшылары шақырылған. Ресми ашылудың қарсаңында АХҚО дамуының стратегиялық бағыттары бойынша пленарлық сессиялар өтеді. Айтулы оқиғалардың қатарында 13-ші Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар Назарбаев Орталығында құқықтық мәселелер бойынша АХҚО-ның алғашқы халықаралық конференциясы өтеді.
«Қазіргі уақытта барлық қажетті инфрақұрылым мен АХҚО органдары құрылды», деді Қ.Келімбетов. Айтуынша, АХҚО әлеуетті инвесторлардың арасында белсенді қызығушылық тудырып отыр. АХҚО тікелей, сондай-ақ шетелдік қоржындық инвестицияларды тарту үшін барлық қажетті шарттарды ұсынатын жағымды сипаттары бар заманауи жоғары технологиялы инфрақұрылым ретінде қалыптасқан. Мәселені қарау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев АХҚО Қазақстан үшін өте маңызды жоба екенін және оның негізгі мақсаттары инвестициялар тарту және инвестициялық қызметті ынталандыру үшін сәйкес жағдайлар жасау болып табылатынын атап өтті және министрліктерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Ұлттық баяндама мақұлданды
Кеше Үкімет отырысында Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндама мақұлданды. Жиында ұлттық баяндаманы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шайымова таныстырды. Ол агенттік мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманың жобасын алғаш рет дайындағанын атап өтті. Баяндама жобасы еліміздің мемлекеттік қызметінің даму кезеңдерін, жүйенің ағымдағы жағдайын талдауды, халықаралық сарапшыларды бағалауды, сондай-ақ осы саланы одан әрі жетілдіру жөніндегі мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, бірінші бөлімде еліміздің стратегиялық құжаттарын іске асыру призмасы арқылы мемлекеттік қызметті дамыту кезеңдері келтірілген. Екінші бөлімде жалпы тәуелсіздік кезеңіндегі мемлекеттік қызметтің жай-күйін талдау қарастырылған. Ал соңғы бөлімінде мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту келешегі және еліміздің әлемнің үздік отыз елінің қатарына енуін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қамтылған. Жалпы, құжат кәсіби мемлекеттік аппаратты одан әрі қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік бермек.
Қорытындысында Б.Сағынтаев Үкімет Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы мақұлдайтынын атап өтіп, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 1 наурызға дейін Премьер-Министр Кеңсесіне есеп беруді тапсырды. Кейін ол Президент Әкімшілігіне жіберіледі.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»