Былтыр кәсіпкерлік субьектілерінен түскен 198 өтінішке бағдарламаның барлық тетіктері бойынша қолдау көрсетіліп, 30 жаңа өндіріс орны құрылды. Бағдарламаның қатысушылары 5,7 мың жұмыс орнын сақтап, 568 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жергілікті қазынаға 1,6 миллиард теңге салық құйылды. Кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті бөлімшелеріне жолданған 1500-ге жуық шағымның 278-і бизнеске тұсау салатын жайттарды қозғаған, 205 арыз шешімін тапқан. Алайда кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақовтың айтуынша, өндірісте, оның ішінде кәсіпкерлік қызметте де мемлекеттік органдар мен шенеуніктер тарапынан заң талаптары жиі бұзылады.
Бірақ ол кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму басқармаларының жиынына қатысқан аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың бизнестің қанат жаюына бөгет жасап отырған лауазымды тұлғалардың атын атап, түсін түстеп беріңіз деген сұрағына жалпылама жауаппен ғана шектелді. Сөйтсе облыстық, қалалық жер қатынастары басқармалары мәселелерді оңтайлы шешудің орнына жүре тыңдауды әдетке айналдырса керек. Әлі күнге дейін жер мәселелері жөніндегі комиссия құрылмапты. Кеңес беру органдары құрамының 90 пайызы шенеуніктерден құралғандықтан жеке меншік иелерінің ұсыныс-пікірлері жете ескеріле бермейді. Жер телімдері мақсатты түрде пайдаланылмайды. Иелерінің жалға беру немесе сату фактілері кездеседі. Ал кәсіпкерліктің әліппесін енді бастаған адамдардың ұлтарақтай жерге деген сұраныстарын кім өтері белгісіз. Жерді шүлен таратқандай оңды-солды заңсыз үлестіріп пайда табуды кәсіп еткендер қатаң жауапқа тартылатынын әкім шегелеп айтты. Стационарлық сауда кешенін ашу осы күнге дейін түбегейлі шешілмеуінің бір себебі, құрғақ уәделер мен бюрократиялық кедергілерге келіп тіреледі.
Шаруаның ілгері басуына кәсіпкерлердің өздері де мүдделі болуға тиіс. Биыл кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында тұңғыш рет импортты алмастыратын өнімдер (полипропилен жәшігі, қайың шпоны, қайталама полимерлер) саласын ұйымдастыру ісі қолға алынбақ. Өйткені бірнеше жылдан бері ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 25 пайыздан аспай отыр. Оның 43 пайызы – сауда, ал 4 пайызы – өндіріс, 3 пайызы құрылыс саласына ғана тиесілі. Еліміздің барлық аймақтарына және шетелдерге тарайтын жергілікті өнімдердің басым көпшілігін ірі кәсіпорындар шығарады.
Шағын бизнес өкілдері болса көбіне «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды» құп көреді. Осы орайда кәсіпкерлер палатасына жолданған мына хат назар аудартпай қоймайды. Оған барлық өңірлерге тән, бірақ қанша айтылса да әзірге түйіні тарқатыла қоймаған шетін жайт арқау етілген. Хатқа қол қоюшылардың бірі «Арт-сити» ЖШС-нің директоры Александр Ещановтың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салумен айналысатын мекемелердің құрылыс материалдары мен дайын өнімдерді шеттен әкелу үрдісі үдей түскен тәрізді. Тараптар арасында ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылмаудың салдарынан отандық өндірушілер тығырыққа тіреліп, зардап шегіп отырған жайы бар. Тапсырыс берушілер мердігерлерден құрылыс материалдары мен жиһаздарды қайдан және қандай бағаға сатып алғандары, тиісті құжаттарын талап етуге құқылы бола тұра көз жұма қарайтындары түсініксіз. Сондай-ақ жергілікті жерлерде өндірілетін өнім басқа жақтан сатып алынған жағдайда бағасы қолжетімді болуы шарт деген талап та орындалмайды, деп шыр-пыр болуына қарағанда, жанайқайына ешкім құлақ аспай тұрған сияқты. Қарсы тарап, мысалы, «Севимсталькон» ЖШС-нің директоры Сұлтанбек Газдиев «Құрылыс материалдарын Астанадан әкелген қолайлы, себебі сапалы әрі бағасы төмен. Өңірде кірпіш шығаратын зауыт жоқтығынан Екібастұздан, Көкшетаудан алдыртуға тура келеді», деген уәж айтуы сенімге селкеу түсіргендей әсер қалдырады. Облыс орталығында 30-ға жуық нысан бос тұр. Оларға жаңа өндіріс орындарын орналастыру көптен бері айтылып келе жатса да, істің алға жылжып кеткені шамалы. Сірә, қағазбастылықтан кәсіпкерлердің тауы шағылып, тауаны қайтса керек.
«Арқалық» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбай Барлыбаевтың шипажай ашу арқылы Меңгесер көлінің кеселге дауа суы мен балшығын пайдалануға рұқсат алмаққа талпынған талабы әлі күнге дейін ескерусіз келеді. Көл облыс орталығынан алыста орналасқан. Жұртшылық оған сабылғанша жақын жерде кешенді түрде ем-дом алса, әлдеқайда тиімді болар еді. Құзырлы орындардың шығарыпсалма жауаптары әбден діңкелетті, дейді кәсіпкер.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушылардың несиеге қол жеткізуіне де қолдан жасалған бөгесіндердің шырмауықша шырматылып отырғанын айта кеткен жөн. Олардың жөн-жосықсыз талаптардан ығыр болғаны соншалық, бірқатары алыпсатарлық сияқты өнбес тірлікпен айналысуға мәжбүр. Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығы 838 миллион теңгені құрайтын жобаларды жергілікті банктердің қарауына жіберген екен, екеуі ғана мақұлданған. Қалғандарын еш себепсіз қаржыландырудан бас тартқан. Сондықтан несиелендірудің ресімдеу шарттарын қайта түзген жөн деген пікірлердің жиі айтылуына қарағанда, бұл салаға да түзетулер керек сыңайлы.
Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мемлекеттің бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуді тапсырған болатын. Бұл орайда кәсіпкерлікті реттеуге, жолға қоюға, ал аяққа тұсау салатын бюрократтық кедергілерді азайтуға бағытталған іс-шаралардың пәрменділігін арттырудың маңызы зор.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы