Қазақстан • 21 Ақпан, 2018

Өскеменде «Жас кәсіпкер» атты бизнес-жобалар байқауы өтті

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Өскемендегі Қазақстан-Америка еркін университетінде 9-11 сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері арасында «Жас кәсіпкер» деп аталатын бизнес-жобалар байқауы өтті. 

Өскеменде «Жас кәсіпкер» атты бизнес-жобалар байқауы өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Ұлы дала жастары» атты жоба шеңберінде ұйымдастырылған байқауда қатысушылар жасыл экономика, инновациялық серпіліс, болашақ энергиясы, әлеуметтік кәсіпкерлік және үздік туристік өнім тақырыптарында өз жобаларын қорғады.

«Мұндай байқау алғаш рет өткізіліп отырса да оқушылар мен студенттердің қызығушылығы зор екенін аңғардық. ХХІ ғасыр - жаңа технологиялар дәуірі. Осындай жаһандық өзгерістер кезеңінде білім және бизнес бірінші орында болуы қажет. Біздің университеттің қабырғасында ұйымдастырылған аймақтық сайыстың мақсаты – жастарды кәсіпкерлікке баулу, олардың қоғамдағы орнын айқындауға үлес қосу», - дейді университеттің «Бизнес» кафедрасының оқытушысы, экономика ғылымдарының магистры Әйгерім Оралбекқызы.

Бір күнге созылған байқау қорытындысында қазылар алқасына «Шыны сауыттағы раушан гүлі» жобасын ұсынған «Исток» жеке меншік жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Дмитрий Подойников І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Бизнес» кафедрасының мамандықтары бойынша 15 пайыз жеңілдікпен білім алу мүмкіндігіне ие болды. «Полигонға туристік экскурсиялар» жобасын қорғаған Курчатов қаласындағы №3 орта мектебінің 10- сынып оқушысы Екатерина Локштановаға ІІ дәрежелі диплом мен «Бизнес» кафедрасының мамандықтары бойынша 10 пайыз жеңілдікпен білім алуға мүмкіндік беретін сертификат тапсырылды. Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің 2 курс студенттері Гүлайым Мырзабекова, Гүлмира Советова, Алтынгүл Тоқаева үшінші дәрежелі дипломмен марапатталып, тиісінше 5 пайыз жеңілдікпен оқу сертификатын иеленді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН