Жыл басынан бері аталмыш мұражай Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай балалар шығармашылығын қолдау бойынша «Туған өлкем» жаңа көркемдік бағдарламасын кезең кезеңімен өткізіп келе жатыр. Бағдарламаның серіктесі «Балалық шақтан көзқарас» жобасын іске асырушы Астана қаласы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы.
Сондай-ақ, бағдарламаның басты тақырыптарының бірі – Астананың 20 жылдығы екенін де айта кеткен жөн. Мерейтой қарсаңында ұйымдастырылып жатқан бұл көрме негізінен балалар шығармашылығын қолдау бойынша жүзеге асқан. «Туған өлкем» жаңа бағдарламасы жас таланттарды анықтау және республиканың қосымша білім беру мекемесінің жұмысын насихаттауға негізделген.
Бағдарламаның аясында елорданың қонақтары мен тұрғындары республиканың балалар көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік деп танылған дипломдық жұмыстарымен танысты. Жас таланттар да өнердегі өз жетістіктерін орталық алаңда көрсетуге мүмкіндік алды.
Бір айта кетерлігі, жыл бойы осы жоба аясында әртүрлі қалалар мен өңірлер өз жұмыстарын ұсынып шықпақ. Ағымдағы жылдың ішінде Семейден басқа Павлодар, Шымкент және Екібастұз қалаларынан көркемсурет мектептері балаларының қатысуы жоспарланып қойыпты.
Салтанатты рәсімнен кейін аталмыш кітапхананың алаңында дарынды балалардың шығармашылық қырларын ашатын шеберлік-сыныптар, пленэрлер, шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Алғаш болып, Семей қаласы Балалар көркемсурет мектебінің педагогі Жеңіс Мұкұшевтің шеберлік сабағы өтті.
Айта кеткен жөн көрмеде 70-ке жуық, кескіндеме, сәндік-қолданбалы және мүсін өнері бойынша туындылар ұсынылды. Аталмыш көрме соңғы үш жылдағы мектеп түлектерінің үздік дипломдық жобаларынан жинақталған оқушылардың шығармашылық табыстарын ғана емес, педагогтердің де кәсіби жетістіктерін көрсетті.
Мерей ДІЛДАБАЕВ
Суретті түсірген Орынбай Балмұрат