Білікті бапкер Алматының «Динамосына» қыстыгүні мұзда, жазда жасыл алаңда хоккей ойнатып, енді қайталануы екіталай ерен жеңістерге жетелегенін көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Көгілдір айдында да, көкмайса үстінде де, айдарынан жел ескен алматылықтар Кеңес Одағының 20 дүркін (!) чемпионы атанды. Мұндай биік көрсеткішке елдегі ең мықты ойыншыларды маңдайынан шертіп жүріп жинап алатын Мәскеудің мақтаулы командаларының (футбол, хоккей, баскетбол, волейболдың бәрін алғанда) бірде-біреуі қол жеткізген емес.
Талай шәкіртінің талантын ашып, тасын өрге домалатқан тарланбозбен атақ-даңқ жағынан үзеңгі қағыстыруға жарайтын үздіктер некен-саяқ. Айрих ащы терін алып, аламанға қосқан қазақтың қарадомалақ балалары көгалдағы хоккей көгінде жұлдыздай жарқырады. Мәселен, Мұрат Жексенбеков 18 дүркін, Саян Шаймерденов 10 мәрте КСРО біріншілігінің жеңімпазы болды. Мықтылығыңызды мойындайын, одақтық бәйгелерде осыншама рет олжа салған саңлақты маған тауып беріңізші. Жоқты жонып таппасаңыз белгілі. Өкінішке қарай екеуі де өмірден ертерек кетті. Оның бер жағында Серік Қалымбаев, Берікқазы Сексенбаев секілді «сен тұр, мен атайын» серке жігіттеріміздің топшысын бекітіп, томағасын сыпырғанын да айта кеткеніміз абзал.
* * *
Волга бойындағы неміс автономиялық округінде туған Эдуард өмірден өз орнын тапқанша талай іспен айналысқан тәрізді. Алдымен Марксштадтағы Ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын тәмамдап, кейіннен Вольскідегі әскери авиация училищесінде оқыған. Бірақ бұл мамандықтар бойынша жұмыс жасаудың сәті түсе қоймаған соң қалалық «Роте Штрумфоне» газетінде жауапты хатшы болып журналистиканың жалына жармасыпты.
Ұлы Отан соғысы басталғанда кеңестік немістер сталиндік солақай саясаттың қаһарына ұшырағаны белгілі. Олар сенімсіздік тудырған элементтер ретінде тұрақты мекендерінен түре қуылып, басқа аймақтарға жер аударылды. Жиырмадан енді асқан Эдик әке-шешесімен бірге Краснояр өлкесіне көшті. Тепсе темір үзетін жігіт текке жүрсін бе, Свердлов облысындағы Краснотуринск қаласында еңбек армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Мұнда ол барлық қандастары сияқты арнаулы комендатураның бақылауында болды.
Жастайынан спортқа жақындау екенін байқатқан Айрих жаттықтырушылық жолға түсіп, балалар мен жасөспірімдерді допты хоккейге баулуға біржолата ден қойды. Төккен тері тегін кетпеді. Еңбегі еленіп, ел аузына ілінген айтулы маманды сол тұста республика спортының құлағын ұстаған ұлтжанды қайраткер Қаркен Ахметов 1964 жылы Қазақстанға шақырды. Одақтық допты хоккей додасына кіргенмен кідірісі көбейіп, кібіртіктей берген Алматының «Динамосын» қолға алған бойда қажыр-қайратын қайрап, табыстың тайқазанын қайнатуға кірісті. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, алдағы міндеттерін айқындады. Команда құрамын нығайтуға көңіл бөлді. Жаттығу жүйесін жаңаша құрып, ойыншыларды ойлы тактикаға үйретті. Арлан қасқыр апанын ауыстырғанда бір-екі бөлтірігін тістей кетеді емес пе. Сол үрдіске салып, Краскотуринскіде бала күндерінен баулыған «балағының биті бар» шәкірттерін шақырды. Жылы орнын кім суытсын. Оларды ой-шұқырын білмейтін бейтаныс қалаға әкелу әрине, оңайға соққан жоқ. Оны айтасыз, бәрінің ата-анасының алдынан өтіп, рұқсаттарын алуға тура келді. Бұл арада Айрихтің қылаусыз адамгершілік қасиеттері үлкен рөл ойнағанын айтуға тиіспіз.
Сонымен қойшы, кейін кеңес бендиінің абырой-беделін асқақтатқан Валерий Бочков, Юрий Варзин, Вячеслав Панев, Геннадий Любченко, Борис Третьяков, Яков Апельганец, Борис Чехлыстов сынды сайыпқырандар алматылықтар сапына алынды. Орал бойының оғландары Алатау баурайын жатсынбай, тез бауыр басып кетті.
* * *
Дарындыға дау бар ма, Айрих аз ғана уақытта Алматының «Динамосын» аяғынан тік тұрғызды. Алпыс алтының қысында айы оңынан туып, қола медальға қол созды. Әрі қарай шапқан аттай зулап, шашасына шақ жұқтырмады. Бәйгелерде қарқындарын бәсеңдетпей, 4 қола, 4 күмісті қоржынға салды. Екі мәрте мәртебелері биіктеп, алтыннан алқа тақты. 1978 жылы допты хоккейден Еуропа чемпиондарының Кубогын жеңіп алды. Маңдайалды хоккейшілері әлемдік жарыстарда жарқылдап, қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Бірақ үкілеуге лайық үздіктердің бәрі бірдей тиісті бағасын ала алмағаны жанкүйерлер жанына батқаны белгілі. Айталық спорттық ғұмырында ұзын саны 634 доп соғып, ғаламат рекорд жасаған сұрапыл сұрмерген Евгений Агуреевтің КСРО құрамасына алынбауына біз түгіл, әйгілі комментатор Николай Озеровтің қатты күйінгені көп жайды аңғартары анық.
Таланттыларды жазбай танитын Эдуард Фердинданович талапты жастардың шеберлігін ұштаудан шаршамады. Жанкешті жаттығулар өзінің жемісін жегізді. Бота тірсек бозбалалардан нар жүгін арқалайтын нағыз майталмандар өсіп шықты. Сойы бөлек сол азаматтардың кейбірі тәрбиесін көрген тәлімгерлерінің ізін басты. Бапкерлікке бейімділігін байқатқан Қазыбек Байболов ұстазының үмітін артығымен ақтады. Тізгінін ұстаған төл клубының көсегесін көгертіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Сол үшін оған да КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Дүлдүл «Динамоның» дүрілдеуіне оның орасан зор үлес қосқанын көзкөргендер бүгінде емірене еске алады.
* * *
Кеңестер Одағында кенжелеп қалған көгалдағы хоккейді дамытудағы Э.Айрихтің еңбегі ұшан-теңіз. Тарих шіркін қайталауды сүйетіндіктен, оның ойға түссе төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей тұрғандай көрінетін кейбір жетістіктерін тағы бір рет атап өтудің артықтығы бола қоймас.
Ол жаратып, жарысқа қосқан «Динамо» он сегіз жыл бәйгенің алдын бермей, өшпес даңққа бөленді. Ол жаттықтырған ел құрамасы Мәскеу Олимпиадасында үшінші орынды иеленді. Еуропаның күмісін еншілеп, құрлықаралық кубокты қанжығаларына бөктерді. «Достық» турнирінде талай топ жарды.
Ең бастысы, ұлттық құраманың ұстынын жай оғындай жарқылдаған Минеула Әзизов, Сос Айрапетян, Александр Гончаров, Михаил Ничепуренко және басқа алматылық жампоздар құрайтын. Айрықша мінезді Айрих жергілікті ұлт өкілдерін көтермелеуге көп көңіл бөлді. Соның арқасында Марат Жексенбеков, Саян Шаймерденов, Серік Қалымбаев, Берікқазы Сексенбаев, Сұлтан Қобыландин, Ержан Құмарғалиев, Біржан Қадырбеков және басқа бауырларымыз доптаяқты ешкімнен кем ұстамайтындарын дәлелдеді.
Белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлының жазуынша, адалдықтың ала жібін аттамаған Айрих команда мүшелерін ешқашан алаламаған. Барлық мәселені әділ шешуге тырысқан. Басқаны былай қойып, динамошылардың дұрыс тамақтануына дейін өзі қадағалаған көрінеді. Ойыншылар оны туған әкесіндей құрметтеген.
* * *
Қазақстанда Айрих қалыптастырған допты және көгалдағы хоккей мектебі туралы толғасақ мерейіміз өсіп, мейманамыз тасиды. Бірақ кейде сол көкке өрлеген көңіліміздің өзінен-өзі құлазитын кездері де кездеседі. Себебін іштеріңіз сезетін шығар. Дүние жүзін дүркіреткен «Динамоңыз» бүгінде тарап кеткен. Байырғы жанкүйерлер бас қосқанда ғана алматылықтардың атойлаған шақтары жайында аңызға бергісіз естеліктер айтылады.
Айтпақшы, баяғы бақ-дәулеті басынан ұшып кетсе де арықтығын білдірмейтін бөрідей азу тісін білеген Қазақстан құрама командасы екі-үш рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын ұмытып барады екенбіз. Командалық ойын түрлерінде республикамыз бұрын-соңды мұндай биікті бағындырмағанын алға тартсақ, айтар уәжіңіз бар ма? Әттең, бір қапы дүние-ай, әлгі допты хоккейіңіз олимпиада бағдарламасына енбегендіктен елеуге тұрарлық жеңіске елеңдей қоймадық. Өкінішті-ақ.
Көгалдағы хоккейіміз де көзден бұлбұл ұшқалы қашан. Тек, кешегі керемет күндердің естен кетпес елестері ғана сананы тербеп, сағынышты оятады...
Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»