Негізі, бұл үрдіс ауылда бұрыннан қалыптаса бастаса да, сол бағытты кеңейте түссек дедік. Өйткені осы ортадан шыққан азаматтардың демеушілігінің арқасында ауыл ортасында мешіт, қатымхана салынып, орталық саябақ жөнделіп, онда соғыс және еңбек ардагерлері мен Аналар құрметіне ескерткіштер орнатылды. Міне, туған ауылдарының тілеуін тілеп келе жатқан жомарт жерлестер форумның «Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолыңнан келгенше қолдау жаса» деген үндеуін де оң қабылдады. Ел алдында берілген уәделердің алды орындала бастады. Атап айтқанда, ауылдағы «Нұр шуақ» балабақшасы ерекше үлгідегі ұлттық ойыншықтармен қамтылып, емханаға арналған теледидар да жеткізілді.
Заманауи үлгідегі талапқа сай ұлттық ойыншықтар «Жеті өнер» серіктестігінің өнімдері екен. Баланы қойып, үлкендердің өзін қызықтырған бұл өнімдер тек ойын құралы ғана емес, санадағы ұлттық нақыштарды жаңғыртатын, балдырғандарды бауырмалдыққа баулитын тәрбие құралы екеніне көзіміз жетіп отыр. Сәкен Болыс есімді кәсіпкердің авторлығымен дүниеге келген «Керемет үй», «Керемет домбыра», «Мағыналы оюлар» атты ойыншықтар топтамасының әрқайсысының жеке нұсқаулық кітапшалары бар. Нұсқаулықтарда бала тілін дамыту бағытында ойыншық атаулары тақпақ үлгісінде берілген. Бұл ойыншықтардың тағы бір артықшылығы – бір және бірнеше баланың ортақ құрастыруына арналған. Мысалы «Керемет үйдің» 6 керегесі, 20 уығы, өзге де бөлшектерімен бірге үй ішіне жинайтын тұрмыстық жабдықтары бар, жиыны 20 бұйымнан тұрады. Алдымен киіз үйді құрап, оның ішіне сандық, төсек секілді бұйымдарды жинай жүріп, сәби санасына ұлттық өрнектердің, сол төңіректе тәрбиешінің немесе әжесі айтқан әңгімелерін тез әрі терең қабылдайтыны анық.
«Жеті өнер» өнімдерінің екі жиынтығын Совет Шөшеков пен Серік Иса есімді ауылымыздың мақтанышына айналған кәсіпкер азаматтарымыз форумда берген уәделері бойынша Алматыдан арнайы жолдапты. «Қуантсаң, баланы қуант» дегендей, бүлдіршіндерінің қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көрген сайын ата-аналары мен тәрбиешілер керемет тарту жасаған ауылдас азаматтарға алғыс айтуда.
Совет Шөшеков пен Серік Иса есімді жерлестеріміз жерлестер форумына да құр қол келмей, ауылдастар кәдесіне жарасын деп қазақтың маңдайалды қаламгерлерінің туындыларынан 100 кітап көтере келіпті. Бұл кітаптар ауылымыздағы мәдениет үйіндегі кітапханамыздың қазынасын толықтыра түсті.
Мұратбек САРҚЫТҰЛЫ,
Қарабұта ауылдық округінің әкімі
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы