25 Қараша, 2011

Шуақ шашқан Шу шаһары

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Жамбыл облысы Шу ауданындағы Шу қаласынан фоторепортаж беріліп отыр.

ШУАҚ ШАШҚАН ШУ ШАҺАРЫ

Шу ауданында өткен 9 айда 10,5 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті уақытымен салыс­тыр­ғанда 365,8 миллион теңгенің өнімдері ар­тық шығарылғанын көрсетеді. Мұнда ауыл­ша­руа­шылық та­уарларын өндірушілерге қолдау көр­сетіп, қаржылай көмек беру жүйесі де жақсы жолға қойылған. Сондықтан агро­өнер­кәсіп кешені саласында алдағы жылдары көп­те­ген жаңа жобаларды батыл іске асыру көз­делуде. Өңірдің өркен жайып, ауыл мен аудан ажа­рының ашыла түсуіне бүгінде Шу қала­сын­дағы жыл өткен сайын дамып келе жатқан өнеркәсіп саласының табыстары да көп үлес қосуда. Мысалы, биылғы 9 айда өткен жыл­дың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда, қала өнеркәсібі 1 миллиард 204 мың теңгенің өнер­кәсіп өнімдерін артық шығарыпты. Бұл та­быста, әсіресе, «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің филиалы – Шу тепловоз жөндеу зауы­ты­ның үлесі өте мол. Зауыт жұмысшылары темір жол көлігін жөндеу және оған қажетті бөлшектер жасауда тамаша жетістіктерге қол жеткізіп жүргені белгілі. Енді, міне, олар сала бағытын кеңейте отырып ауыл шаруа­шы­лығына қажетті «Енисей-Қамқор-1200НМ» маркалы комбайнын құрастырып шығара бастады. Дихандар қауымы ділгер болып отырған мұндай инновациялық жоба­ның батыл қолға алынуы өңірдегі өндіріс көкжиегін бұрынғыдан да кеңейте түсті. Индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ла­масының инвестициялық жобалары бо­йынша «Ер-Тай» ЖШС полиметалл кендері қорын барлау мақсатында қазба жұмыс­тарын қолға алып отыр. Бұл серіктестік жыл басынан бері өнім көлемін 5345,3 миллион теңгеге жеткізді. Сондай-ақ, «Бірлік энерго» ЖШС жылына 10,0 мың тонна жанар-жағар май өңдейтін зауытты іске қоспақшы. «Бірлік» ауы­лында тәулігіне 1,5 тонна сұйық май өң­дейтін цех та жақын арада пайдалануға берілмек. Өңірде жолдар мен елді мекендердегі көше­лерді жөндеу жұмыстарына 238,8 миллион қарас­тырылып, оның 74,7 миллион теңгесі об­лыстық бюджеттен бөлінді. Қал­ған қаржы шулықтардың өз үлесі. Соның нәтижесінде бүгінде кедір-бұдыр жолдар жөнделіп, ауыл мен аудан орталығы және қала арасындағы қарым-қатынас түзелді. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдар­ламасы аясында жыл аяғына дейін жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қам­та­ма­сыз етілген 150 төсектік аурухана пайдалануға берілгелі отыр. Сонымен бірге, орталық емханадан аурудың алдын алу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімі ашылып, облыста алғашқы болып халық талабына сай қызмет көрсете бастады. Бүгінде Шу қаласының іргетасы қаланға­нына 50 жыл толып отыр. Осы айтулы ме­рейтойды шулықтар лайықты атап өтті. Атап айтсақ, мерейлі мереке салтанаты кезінде Шу қаласындағы Жеңіс саябағынан Кеңес Одағының Батыры Саттар Естемесовке  үлкен ескерткіш орна­тылды. Ал те­мір­жолшылардың құрметіне қаланың кіреберісіндегі тұғыртасқа көне «отарба» қойылды. Шу ауданынан шыққан белгілі күйші, композитор Әбідмомын Желдібаевтың «Ерке сыл­қым» күйін саз өнеріне құмар жанның бәрі біледі десек артық айтқандық болмас. Бірақ жүрек жылытып, жан балқытар атақ­ты күйге бай­ла­нысты сән-салтанаты келіскен архитек­тура­лық ескерткіш жа­сасақ деген ой осы уақытқа дейін ешкімнің басына келмепті. Міне, бүгінде Шу қала­сының төрінен орын алған «Ерке сыл­қым» архитектуралық композиция осы олқы­лық­тың орнын толтырып тұр десек те болады. Шу өңіріндегі Жайсаң жазығында туып-өскен Төле би бабамыз: «Береке-байлық бірлігі мықты елде болады» деген екен. Демек, мұның бәрі елдегі береке-бірлік пен екпінді тірліктің арқасы деп бағалаған жөн. _____________________________________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің  Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.    
Соңғы жаңалықтар