Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев қатысып, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының бесінші бағытын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын айтып берді.
Бейбіт Шаханов атап өткендей, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында құрылыстың жаңа әдістерін және жобалаудың басқа да тәсілдерін қолдану қарастырылған. Осыған орай қазіргі таңда елімізде құрылыс саласына еурокодтарды енгізу және нормативтік базаны жетілдіру кезеңі аяқталып қалды, бұл шетелдік инвесторлар үшін кедергіні алып тастауға мүмкіндік береді.
Б.Шаханов бұдан әрі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы да айтып берді. Мәселен бағдарлама іске қосылғалы бері 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100,8 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту мүмкіндігіне ие болған.
Ал «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Н.Жиенбаев өз кезегінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуда мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасын дамыту туралы айтты. Елбасы Жолдауында бұл мәселе бойынша, яғни мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде міндет қойған болатын. Н.Жиенбаевтың айтуынша, Құрылыс және ТКШ істері комитеті «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-пен бірге Қазақстанның инфрақұрылымдық-тұрғын үй кешеніне МЖӘ енгізу бойынша жұмысты жандандырды. Барлық өңірлерден МЖӘ қанатқақты жобаларының тізімі жасалды. Олардың ішінде Алматы облысы Қапшағай қаласы тазартқыш құрылымдарды жөндеу және салу, Маңғыстау облысы, Құрық ауылында тұщытқыш зауыт құрылысы, Астана қаласының кәріз-тазартқыш құрылымдарын салу және «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнын сенімді басқаруға беру бар. Секторда коммерцияландыру үдерісі толық қарқынмен жүріп жатыр.
Динара БІТІК,
Егемен Қазақстан