Суретті түсірген: Талғат ТӘНІБАЕВ
Облыс әкімі алдымен барлық деңгейдегі әкімдердің есептеріне 45 мыңнан астам адам қатысып, 2 мыңға жуық өтініш пен ұсыныс түскенін, оның басым бөлігі абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол, сапалы ауыз су секілді аса маңызды әлеуметтік мәселелерге арналғанын жеткізді. Атқарушы органдардың саяси ұйымдармен, үкіметтік емес бірлестіктермен жұмыла атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесінде билікке деген сенімнің нығая түскені байқалады. Былтыр ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 2,3 пайызға өсіп, 510,6 миллиард теңгеден асып түскен. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сыртқы сауда айналымы 50,4 миллион долларға жеткен. Еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру, өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайту аграрлық саясаттың басым бағыты болып қала береді. Экономикалық жағынан табысты дақылдар көлемін көбейту, астық өндірісін әртараптандыру жермен түбегейлі айналысуды қажет етеді. Қарапайым арифметикалық есепке жүгінсек, өткен жылы майлы дақылдар алқабы 40 пайызға молайып, 715 мың гектарды құраса, биыл бір миллион гектарға жеткізу жоспарланған. Сонда бюджетке 60-70 миллиард теңге қосымша кіріс құйылады.
Өңірде АӨК-ті қарқынды дамытудың мүмкіндіктері көп. Бұл орайда озық технологияларды қолданудың, ауылшаруашылық техникаларының паркін жаңартудың маңызы зор. Биыл 32,2 миллиард теңгеге 1310 бірлік жаңа техника мен жабдықтар сатып алынбақ. Өсімдік шаруашылығына 16,3 миллиард теңге демеуқаржы қарастырылған. Еңбек өнімділігін арттыру және шығындарды азайту бағытында ауыл шаруашылығын цифрландырудың алатын орны ерекше. Оны озық шаруашылықтардың тәжірибесі көрсетіп жүр. Мәселен, «АгроСтрим» ЖШС-мен бірлесіп «Атамекен» компаниясы шаруашылықтарының негізінде барлық техникалардың жұмысын жоспарлау, минералды тыңайтқыштарды енгізу, өсімдік қорғау тәсілін қолдану, астық қозғалысын есепке алу, фотобейне есептер мен кәсіпорындардағы әрбір дақылдың өзіндік құнын анықтау жұмыстарын автоматтандыратын модульді қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл элементтерді мал шаруашылығына енгізу сауылған сүт мөлшері, дәрі-дәрмектің қажеттілігі мен оны беру, жемдеу уақыты сияқты көрсеткіштерді нақты бағамдауға мүмкіндік береді. Алқаптарға спутник арқылы мониторинг жүргізу, дрондарды қолдану, жануарларға электронды чип тағу сияқты оң мысалдар көптеп саналады. «Атамекен» компаниясында соңғы 4 жылда дақылдардың жиын-терім көлемі 262,3 мың тоннадан 495 мың тоннаға дейін, ал табыс 6,4 миллиард теңгеден 20 миллиард теңгеге дейін өскен.
АӨК-тегі маңызды бағыттардың бірі – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу. Оның үлесі облыстың өңдеу өнеркәсібінің 60 пайыздан астамын құрағанмен, сыртқы нарыққа шығару жайы түбегейлі бетбұрысты талап етеді. Сүт өңдеу кәсіпорындарына тереңдете өңделген өнімдер шығару үшін 838 500 мың теңге демеуқаржы төленгенін ескерсек, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың қайтарымын күту заңды. 2016-2020 жылдарға арналған ауыл- шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытудың жол картасы аясында шетке шығарылатын отандық өнімдердің сапасын жақсарту, импорт үлесін азайту жолдары нақтыланды. Ол бойынша 35 миллиард теңгенің 19 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 509 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Баяндамашы көлік пен логистика, құрылыс секторы сияқты дәстүрлі салаларды дамытуға да ерекше мән берілетінін, өнеркәсіп саласында 476 кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын, олардың 40-ы өткен жылы ашылғанын тілге тиек етті. Алайда, өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек ететін12 мыңға жуық адамның орташа айлық еңбекақысы 106 мың теңге мөлшерінде. Республика бойынша орташа деңгейдің 50 пайызын ғана құрайтыны ойландыруы тиіс. Машина жасау кәсіпорындарының тапсырыстар портфелі 16 пайызға артып, 42,7 миллиард теңгеге жетсе, басым үлесі темір жол және мұнай-газ кешендеріне тиесілі. Петропавл ауыр машина жасау, С.Киров атындағы зауыттардың өндірісті одан әрі жаңғырту, еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайту, қорғаныспен қатар азаматтық өнімдердің түрлерін көбейту тәжірибелері үлгі алуға тұрарлық. Тұтастай алғанда, өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту жұмыстарына 6,5 миллиард теңге мөлшерінде қаржы жұмсалып, қанатқақты жобалар іске асырылды. Мәселен, «ЗИКСТО» АҚ 80 футтық контейнер тасымалдағыштың жаңа моделін игерді. «Казнефтегазмаш» АҚ энергетика саласының кәсіпорындары үшін ысырманың жаңа түрлерін шығаруды бастады.
Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында 32 миллиард теңгенің жобасы іске қосылды. Екінші бесжылдықтың соңғы үш жылында озық жобаларға жұмсалатын инвестиция сомасы 67 миллиард теңге болды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары екі есе ұлғайды. Аталмыш бағдарламаларды өндіріске енгізу 700-ден астам жұмыс орнын ашуға және 16 миллиард теңге инвестиция тартуға септігін тигізді. Лего-кірпіш, сип-панель, жылдам дайындалатын тамақ өнімдері секілді жаңа өндіріс орындары пайда болды, деді аймақ басшысы. Швейцарияның «ТЕТРА ПАК» қондырғысымен жабдықталған «Маслодел» сүт өңдеу зауыты тәулігіне 300 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Жылдық өндірістік қуаты – 40 мың тонна. Бүгінде Қазақстандағы сүт өнеркәсібі көшбасшыларының бірі саналады.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жүзеге асырылатын бағдарламалар ішінде полипропилен жәшігін, қайың шпонын шығару, қайталама полимерлерді өңдеу сияқты жобалар бар. Облыста шығарылатын өнімдер Қазақстанның барлық аймақтарына дерлік жеткізіледі. Шетелдерге тамақ өнімдерінің, көлік құралдарының, аспаптар мен аппараттардың бірнеше түрлері экспортталады. Кәсіпорындардың экспорт көлемі 147,8 миллион долларды құрап, 10 пайызға жуық өсуі стратегиялық таңдаудың дұрыстығын көрсетеді. Алда Қытайдың Хубэй провинциясындағы қуатты компанияның қатысуымен индустриялық аймақ құру міндеті тұр. Жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосу басты назарға алынады. Жол картасы шеңберінде соңғы үш жыл ішінде 19 өндіріс орны қалпына келтірілді.
Қ.Ақсақалов қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыра отырып қаржы тартудың ілкімді жолдарына да тоқталып өтті. Былтыр 188,9 миллиард теңге инвестиция құйылып, өңір елімізде төртінші орынға тұрақтаған. Инвестиция бюджет қаражатынан емес, жеке салымдардың есебінен өсуі тиістілігі, негізгі басымдықты ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп иеленетіні, басқа салаларды да қамту қажеттігі атап көрсетілді.
Облыстың экономикалық дамуында көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңызы айтарлықтай мәнге ие. Тек соңғы 2 жылдың ішінде салаға инвестиция 3 есе көп құйылып, шекара аймақтарында, автожолдарда құрылыс пен жөндеу жұмыстарында кешенді шаралар атқарылды. 200 шақырым жол қалпына келтірілді. «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» тасжолын жаңарту жұмыстары келесі жылы аяқталады. Дегенмен, жергілікті маңыздағы жолдардың 60 пайыздан астамы әлі қанағаттандырмайды. Осы жағы ескеріліп, биыл 10,8 миллиард теңге қарастырылған.
Баяндамашы өз сөзінде ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру, таза ауызсумен, жайлы баспанамен қамтамасыз ету әлжуаз топтарды әлуметтік қорғау мәселелері ұдайы назарда ұсталатынын бөле-жара айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы