Ыстық сусыз 2 жыл
Қанша жылдан бері жырға айналған үй Чапаев көшесінде орын тепкен екен. Екі қабатты ғимараттың тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрғанына ешқандай комиссиясыз, сараптамасыз-ақ көз жеткізуге болатындай. Үйдің сырты жайында сәл кейінірек. Әуелі үйдің ішіне тоқталсақ. «Әндіжанда әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» демекші, үйдің сырты ғана емес, іші де іріп-шіріп, әупірімдеп әзер тұрғанын 8-пәтерде тұратын Ирина Дергачованың баспанасына кіргенде байқадық. Қабырғалар жарылып қана қоймай тесіле бастапты. Арғы жағындағы кірпішіне дейін көрінеді. Бір бөлмеде екі бірдей қыздырғыш. «Жолдасым екеуміз де кеніште жұмыс істейміз. Қазір алтыншы балаға аяғым ауыр. Қараусыз жатқан пәтерді осыдан 12 жыл бұрын тауып, қала әкімдігіне өтініш жасағаннан кейін уақытша тұруға рұқсат берген. Пәтерге кіргеннен кейін есік-терезесін салып, жылу-су жүйелерін қалыпқа келтірдік. Мәселе қайдан басталды дейсіз ғой. Осыдан үш жыл бұрын үйдің қабырғалары жарыла бастады. Әкімдікке шағымданып едік, үйге сараптама жасатыңдар деді. 12 үйдің тұрғындары өз қалтамыздан ақша шығарып, сараптама жасаттық. Олар «бұл үйде тұруға болмайды, қалпына келтіру де мүмкін емес» деген қорытынды жасады. Алайда жергілікті сәулет бөлімі үйді апатты деп тануға асығар емес. Жанайқайымызды айтып Риддер қаласы әкімінің тұрғын үй мәселелері жөніндегі орынбасары Сергей Харченкоға да, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де, прокуратураға да айттық. Ешқайсысы селт етер емес. Болмаған соң облыс орталығы – Өскеменге бардық. Ондағылар менің көзімше жоғарыда аты аталған қала әкімінің орынбасарына хабарласып «барып көріңіз, жағдайларымен танысыңыз» деп тапсырма берді. Алайда ат ізін салған ешкім болмады», дейді 5 баланың анасы.
«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, бұл үйдің ыстық сусыз отырғанына екі жылдан асыпты. Берілетін жылу да әлсіз екен. Үйді жылыту үшін күні-түні қыздырғыш қосатындықтан, ай сайын электр энергиясына 20-30 мың теңге көлемінде ақша төлейтін көрінеді. «Бәрінен де қиыны – балаларды жуындыру. Суды ысытамыз, үйдің іші салқын болғандықтан балаларым жиі суық тиіп ауырады» деген көп балалы ана жуықтағы 40 градус аязда үй ішіндегі температура 8 градусқа дейін төмендегенін айтты.
Әр үйде 7-8 қыздырғыш
Үй ішіндегі температура демекші, осы үйдің 1 пәтерінде тұратын Валентина Калиниченконың баспанасы мүлде аңырап тұр. Үйден даланың жылы болып тұрғанын, әр үйде 7-8 қыздырғыш барын өзі де жасырмады. Ас бөлмесінің қабырғалары қақыраса, дәретхана мен жуынатын бөлме мүлде адам көргісіз кейіпке енген. Үйдегі басқа бөлмелердің бірінің төбесі құлап жатса, бірінің қабырғасы тесіліпті. Айналдырған 5 минуттың ішінде бойымызды суық алып, далаға шығуға асықтық. Иә, дала үйден әлдеқайда жылы екен. Бірақ үйдің сыртқы көрінісі де көңі-
лімізді су сепкендей басқаны рас. Ирина Дергачова үйдің қабырғаларындағы жарықтың көлемі күннен күнге ұлғайып, қазір 7-8 сантиметрге дейін жеткенін көрсетті. «Саусағыңыз емін-еркін сыйып кетеді. Үйдің жанынан үлкен көліктер өткен сайын қабырғамен бірге дірілдеп отырамыз», деп толықтырды көршісінің сөзін В.Калиниченко.
Айтпақшы, екі жыл бұрын жергілікті әкімдік үйдің тұрғындарына кондоминиум құруды ұсыныпты. «Ілдебайлап әзер тұрған үйде қайдағы кондоминиум? Құрғанның өзінде айналдырған 12 пәтер. Оның ақшасы қирап тұрған үйді қалпына келтіруге жете ме?» деп тұрғындар бас тартқан.
Кеніште жұмыс істейтін бес баланың анасы И.Дергачова баспана кезегінде 2009 жылдан бері тұр. Бірақ оның қашан берілетіні белгісіз. Ал қазіргі тұрып жатқан үйі 12 жыл болса да, жеке меншігіне өтпеген.
Тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түргеннен кейін Риддер қаласының әкімдігіне бардық. Әуелі қала әкімінің тұрғын үй мәселелері жөніндегі орынбасары С.Харченконың кабинетіне келіп, хатшы арқылы мән-жайды айтқанымызда 5 минут болмай есігін жауып, сыртқа беттеді. «Қала әкімінің шұғыл тапсырмасымен кетті», деді хатшы қыз. Осылай тұрғанымызда сол маңнан қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Талғат Ахметовті жолықтырып, мән-жайды сұрадық. «Бұл үйдің мәселесі бойынша комиссия құрылды. Енді үйдің апатты немесе апатты емес екендігін анықтайтын болады. Ал енді Дергачованың мәселесіне келсек, ол заң бойынша пәтердің қожайыны емес. Үй алу үшін үйдің иесі болу керек. Менің білуімше, ол қалада баспана кезегінде 165-інші болып тұр. Бұл үйді апатты деп танысақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес тұрғындарды баспана кезегіне қоюға міндеттіміз. Ол жағынан мәселе жоқ. Бірақ олар баспана кезегі келгенше өздері үй тауып, тұруы керек», дейді ол.
Түйін
Елбасы биылғы Жолдауында құрылыс саласына ерекше тоқталып «Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде белсенді шешуі керек», деген еді. Риддер қаласында жоғарыда сөз еткен 2 қабатты үй секілді құлағалы тұрмаса да, тозығы жеткен, ескірген үйлер аз емес. Сондықтан тұрғындар қала басшылығы мәселені назарға алып, тиісті шешім қабылдайды деген үмітте.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы
Суретті түсірген автор