Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қаладағы «Алғабас» ауданынан баспаналы болған 8 қызметкерді ұжымы құттықтап, қуаныштарын еселеді. Көптен күткен қуаныштарымен орталық ұжымы мен басшылығы, барша әріптестері мен достары құттықтап, ізгі ниет тілектерін білдірді.
«Жаңа пәтерге қол жеткізген орталық қызметкерлерін қуаныштарымен құттықтаймын! Медициналық мекемелер ішінде біздің орталықтың қызметкерлері ең көп пәтер кілтіне ие болды. Тағы бір қызметкеріміздің өтініші қаралуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы дәрігерлердің баспана мәселесін шешіп қана қоймай, еліміздің кадр әлеуетін арттыруға септігін тигізері сөзсіз», деп ағынан ақтарылды ғылыми орталықтың жетекшісі Риза Боранбаева.
Пәтер кілтіне арнайы іріктеу бойынша көп жылдан бері медицина саласына өмірін арнап, өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті дәрігерлермен қатар, жас мамандар да ие болды. Жылдар бойы жаңа қонысты күткен дәрігерлердің қуанышында шек жоқ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ