250 мың адамға бір инсульт орталығы қажет...
Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының ресми мәліметіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульттен зардап шегеді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы ми қан айналымының бұзылуы сырқатымен 41 293 қазақстандық емделген. Олардың 53 пайызы ерлер болса, 47 пайызы әйелдер қауымы екен.
Қазақстандағы өлім-жітімнің инфаркт пен онкологиядан кейінгі үшінші себебіне жататын инсульттің әр өңірдегі көрсеткіші әртүрлі. Бұл сырқатқа шалдыққандардың ең көбі Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстанда болған. Аталған аймақтарда әр мың адамның 350-ге жуығы, ал Ақмола мен Қызылорда облыстарында 300-дейі дүние жүзін дендеген дертке кіріптар болған. Ал инсульт алғандардың 40 пайызы өмірімен қош айтысып, 50 пайызы мүгедек болып қалатын көрінеді. Мамандар науқастың 10 пайызы ғана дертінен толықтай айығатынын айтады. Міне, осылайша қазіргі таңда біздің мемлекет инсульттен ТМД елдері бойынша 3-орынға жайғасқан.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 19 қазандағы № 809 бұйрығы бойынша 250 мың адамға бір инсульт орталығы ашылуы керек. «2016 жылдан бері біз республика бойынша 49 инсульт орталығын аштық. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2019 жылға дейін 64 инсульт орталығын ашу жоспарланған. Оны ашпай науқастарға дер кезінде жеткілікті жәрдем көрсете алмаймыз. Мысалы, 3 млн халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының өзіне 11 инсульт орталығы керек. Бірақ қазір ол жерде 5 орталық қана жұмыс істейді. Астанада қалалық №1 және №2 ауруханада және Орталық темір жол ауруханасында орналасқан 3 инсульт орталығы бар», деген Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының директоры, нейрохирург Ержан Әділбеков инсульт орталықтары халық санының артуына қарай көбейе беретінін айтты.
Алайда орталықтар мен мамандардың әлі де тапшы екенін алға тартқан Астана қалалық №1 ауруханасы Инсульт орталығының невролог-дәрігері Әлия Иманова аталған орталыққа жылына орта есеппен инсульт алған 750-800 адам келіп түсетінін, қала бойынша бұл көрсеткіш 1500-ден асатынын айтады. Ал жыл сайын науқастың саны 100-150-ге дейін артып отырады екен. «90-шы жылдардың басында Целиноградта қала бойынша инсультке арналған екі-ақ орын болды. 20 жыл өткен соң елорда тұрғындарына 3 бірдей инсульт орталығы қызмет көрсетсе де жетпей отыр. Бүкіл Қазақстандағы жағдай осындай», дейді Астана қалалық №1 ауруханадағы Инсульт орталығының жетекшісі Айгүл Орынбекқызы.
Шынымен де, дәрігерлермен бірге науқастар бөлмесін аралағанымызда 2 орындық палаталардың көбінде 4 кісінің орналасқанына куә болдық. «Науқас өте көп. Бір бөлімде 15 палата бар. 2-3 қызметтік лауазымды жалғыз адам атқаратындықтан еш үлгермейміз. Мен, міне екі күн бойы көз ілместен жүрмін. Кешке дейін істейтін жұмысым тағы шаш-етектен. Негізінде мұндай орталықта бізді қосқанда невропатологтан бастап, оңалту дәрігері, психолог, логопед, ЛФК дәрігері сияқты жұдырықтай жұмылған бір команда жұмыс істеуі керек. Маман тапшылығы мәселесі ашылған орталықтардың барлығында бар деп ойлаймын. Әрі кетсе көбінде кардиолог, оңалту дәрігері, невропатолог қана бар шығар», дейді қалалық 1-аурухананың невролог-дәрігері Жанат Юсупова
Жастарға да ауыз сала бастады
Тосыннан тап келетін ауруға жастар да жиі ұшырай бастаған. «Бұрындары 70-80 жастағы қарттар ғана инсульт алып жататын. 90-шы жылдары инсультке шалдыққан ең жас адам 60 жаста болғанда бәріміз жағамызды ұстап едік. Қазір орталығымызға 15-20 жастағылар түссе таңғалмайтын болдық. Тіпті жақында ғана Астанада 5 жасар қыз балабақшада ойнап жүріп инсульт алған. Балалар дәрігері диагнозын анықтай алмай жүргенде уақыт өтеді. Сөйтіп 3 тәулікке дейін құтқарылмаған бала қайтыс болыпты», дейді Жанат Юсупова.
Ресми статистика бойынша елімізде инсульт алғандардың 37 пайызы – 41 мен 60 жас арасындағы ересектер, 31 пайызы – 61-70 жас шамасындағылар, 28 пайызы 71 жастан асқандар болса, 4 пайызы 16-40 жастағыларды қамтыған.
Инсульт деген не?
Инсульттің екі түрі бар. Бірі – ұйыған қан түйіршіктерінің (тромб) ми қан тамырын бітеуінен пайда болатын ақ (ишемиялық) инсульт, екіншісі – қан тамыр жарылып, миға қан құйылудан болатын геморрагиялық инсульт.
Ишемиялық инсульт алған науқасқа 4 сағат ішінде жедел ем-дом жасалуы тиіс. Оның белгілері FAST тест (face – бет, arm – қол, speech – тіл, time – уақыт) арқылы анықталады. Яғни, кенет бет-аузы қисайып, тіл күрмеліп, аяқ-қол тепе-теңдігін сақтай алмаса тездетіп «жедел жәрдем» шақыру керек. Дәрігерлер уақтылы медициналық көмек көрсетілмеген науқастың беті бері қарамайтынын айтады. «Кез келген кісі FAST тестті білуі керек. Инсультті емдеуде уақыт өте маңызды. Көбіне ауылды жерлерде үлкен кісілер ұшықтатып қойып, жылжымай жата береді. Мұндай науқастардың тосылған тамырының жанындағы ми солып қалады да, ем қолданғанмен нәтиже бермейді», дейді Ұлттық нейрохирургия орталығы медициналық директорының орынбасары Ержан Әділбеков.
Невролог дәрігер Әлия Иманова «жедел жәрдем» көмекке келгенше науқасты тегіс жерге жатқызып, басын 30 градус көтеру керектігін ескертеді. Терезені ашып, галстугін босатып, түймелерін ағытуды да ұмытпаған жөн. «Мұндай кезде қасындағылар науқастың тілін қолмен, қасықпен басып жатады. Бұл дұрыс емес. Тіпті дәрі беруге де болмайды. Инсульт, инфаркт, жарақат сияқты ауруларға «жедел жәрдем» ең жақын жердегі, ең білікті мамандар тобын жіберетіндіктен, инсульт екенін айтып шақырған абзал», дейді ол.
Себебіне селқос қарамаған жөн
Геморрагиялық инсульт көбінесе қан қысымының жоғарылауынан пайда болады. Деректер бойынша елімізде халықтың 70 пайызында қан қысымы жоғары көрінеді. «Былтыр Америкада жаңа тұжырым шықты. Бұрындары қалыпты қан қысымы 140-қа дейін болса, қазір – 120. Яғни қан қысымы 120-дан көтерілген кісілерге артериялық гипертензия деп диагноз қоюға болады», дейді нейрохирург Е.Әділбеков.
Дәрігерлердің айтуынша, қан қысымының жоғарылауына әкеп соқтыратын факторлар көбейген. Ауа райының құбылмалы болуынан бастап, өмір сүру салтының дұрыс болмауы жүрек-қан тамыр ауруларын асқындырып отыр. «Қазір көбіміз күйзелісті жағдайда жүреміз. Жұмыссыздық, кредит, ипотека, бәсеке бүгінгі қоғамда кімді болсын мазасыз күйге түсіріп отыр. Кей жандар күйзелістен торығуға дейін барады. Сөйтіп қан қысымы көтеріледі», дейді Ержан Боранбайұлы.
Инсульттің себептеріне қандағы майдың, холестериннің, қанттың артуын және жастарда жиі кездесетін қан тамырларының кеңеюін (аневризма) жатқызуға болады. Оған тамақтану тәртібінің және өмір сүру салтының дұрыс болмауы тікелей әсер ететін сыңайлы. «Адамға тәулігіне 1500-2000 ккал керек болса, оны біз бір мезетте 3000-ға жеткіземіз. Қимыл болмаған соң ол майға айналады. Оның сыртында үлкен-кіші демей газдалған сусындар мен тез даярланатын гамбургер, KFC сияқтыларды көп жейді. Олардың құрамындағы химиялық қоспа ағзаға кері әсерін тигізеді де зат алмасуды бұзады. Сөйтіп түрлі қан тамыр ауыруын тудырады», дейді Әлия Иманова.
Жанат Қыдырбайқызы балалар мен жастардың бұл дертке шалдығуының тағы бір себебін смартфондармен байланыстырады. Яғни күн, түн демей телефонға телміріп, компьютерді ермек қылған бала бұлшық ет босау ауруына (гиподинамия) душар болады екен де, оңай инсульт алады.
Соңғы кездері инсультке кеңсе қызметкерлері де көптеп шалдығатын болған. Қозғалыстың аздығынан олар да гиподинамия мен остеохондрозға тез кіріптар болады. Мамандар арқа мен мойынға жиналған тұз жұлындағы миға баратын екі тамырды басып қалатындықтан тамырдың тарылуы (стеноз) пайда болатынын айтады. Ол ишемиялық инсультке әкеледі.
Шылым шегу мен арақ ішу де инсультке апаратынын айтқан дәрігерлер бұл дерттің жүкті әйелдерді де айналып өтпейтінін алға тартады. Елімізде жылына 400 мың әйел босанады. Босанған 10 мың әйелдің 12-сі қайтыс болатын көрінеді. Ал олардың тең жартысы инсульттен көз жұмады екен.
Неврологтар адамның жасы, жынысы және тұқым қуалаудан басқа факторлардың барлығын қадағалауға болатынын айтады. Ендеше инсульттің алдын алудың жолдары қандай?
Ауырмайтын жол іздеңіз
«Денсаулық – Алланың адамға берген аманаты». Дәрігерлер бұл сөзді тіпті де қуаттай түседі. «Әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Көбі спортпен айналысуға уақытымыз жоқ дейді. Меніңше оған арнайы уақыттың да, спорттың да керегі жоқ. Ертелі-кеш 10 минутын үйде немесе кеңседе отырып жаттығуға арнаса болғаны, ол әлеуметтік желілерді ақтаруға да кететін уақыт қой. Күніне кемінде 40 минут жаяу жүру, жұмысқа велосипедпен бару өте пайдалы. Қуырылған, майлы тағамдардың мәзірін буда, суда піскен тамаққа ауыстырған абзал. Көкөністер мен жеміс-жидектерді күнделікті тұтынып, таза суды көп ішу керек. Бұдан бөлек жыл сайын скринингтен өтіп, қан қысымын, қандағы қант, холестерин, майдың құрамын тексертіп тұрған жөн», дейді Әлия Иманова.
«Қытайда кез келген мекеме қызметкерлері әр екі сағат сайын міндетті түрде гимнастика жасауы шарт. Тәртіпті бұзған жағдайда айыппұл салынады. Ал Америкада орта отбасылардың өзінде таңғы аспен бірге тонометр қатар тұрады. Олар қан қысымы сәл көтерілген болса дәрісін ішеді. Бізде тіпті кез келген отбасынан тонометр табыла қоюы да қиын», деген Е.Әділбеков артериялық гипертензия диагнозы қойылған науқас кардиолог тағайындаған базалық дәрі-дәрмекті қан қысымының қалыпқа түскеніне қарамастан өмір бойы ішуі керектігін айтады.
Оңалту жолы оңай емес
Біз айтқан 49 инсульт орталығының барлығында инсульттен кейінгі оңалту орындары бар. Республикалық орталықтың басшысы Ержан Боранбайұлы олардың барлығында арнайы оңалту қызметкерлері жұмыс істейтінін жеткізді.
«Оңалту кезінде әркімге әрқалай ем жүргізілетіндіктен Шығыс медицинасына жүгініп, ине салдыру, массаж жасату кез келген науқасқа оң әсер бермейді. Оны білу үшін адамның бүкіл ауруларын анықтауға тура келеді. Сондықтан ең абзалы – емдік денешынықтырумен айналысу», деген Ә.Иманова инсульт алған кісілердің емделгеннен кейін үйінде артық қимылдаудан қорқып, тек күтушінің көмегімен ғана отырып, тұратыны құптарлық жағдай емес екенін айтады.
«Олар кішкене бала сияқты. Жүру, тұру, сөйлеуді басынан үйренеді. Сондықтан кір жуу, сурет салу, тамақ дайындау сияқты жеңіл-желпі жұмыстарды сау адамдардан екі есе артық істеуі керек. Бұлай болмағанда науқас оңалғанның орнына, екінші рет инсульт алуы әбден мүмкін. Осыны ескермеген пациенттер қайта айналып дәрігерлерді кінәлайды. Дәрігерді тыңдап, саламатты өмір салтын ұстанған, дәрі-дәрмектерін жүйелі ішкен кісілер тез қалпына келеді. Ерік-жігері мықты кісілер түбегейлі сауығып та кетеді. Олар көбінесе әскери адамдар», дейді Ә.Иманова.
P.S. Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы ашылған 10 жыл ішінде қан тамыры ауруларын емдейтін 60 жаңа технология енгізіліпті. Орталықта ең күрделі паркинсонизм, эпилепсия, нейроонкологияға алғаш рет операция жасалған. Сондай-ақ мұнда жұлын нейрохирургиясы, жалпы нейрохирургия және балаларға арналған нейроонкология бөлімі бар. Орталықтың жетекшісі Ержан Әділбеков науқастар алыс-жақын шетелдер мен Еуропадан да келіп емделетінін айтады. Демек біздегі медициналық қызметтің сапасы мен мүмкіндіктері ешбір елден кем емес. Ендеше Алла аманаттап берген денсаулықтың түбіне өзіміз жетуге асықпасақ игі еді...
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»