27 Ақпан, 2018

Туризм мәселесі санада түлесе, қане!

706 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Туризмді түрлендіргендер, ыңғай­ы­на келтіргендер, тіпті жоқтан бар жасап, жайнатып жібергендер, ең бастысы қалау­ын келтіріп, есебін тапқандар, екі емес бірнеше рет асайтын дәрежеге жет­кенін естіп, біліп жүрміз. Қазір туриз­м­нен түсетін табыс мұнай мен газ, ме­тал­­лургиядан кейінгі орында екен. Бұл – жер қазып, кен қопармай-ақ, егін егіп, су­армай-ақ мол ақшаға кенелуге болады деген сөз.

Туризм мәселесі санада түлесе, қане!

Бұл күндері Қазақ елінде тұрып жатқан біраз бауырларымыз төрткүл дүниені шарлап, қызметі керемет орындарда апталап, айлап жандары жадырап, әдемі демалып келіп жүр. Көрген-білгендерін, жүрген жерлерін жұмаққа балап, таңдай қаққанда ішіңнен еліміз қанша қаржыдан қағылды екен дейсің де қоясың. Әттең-ай, сол қаржы халқымыздың тайқазанына түссе, талай кеміміз түгенделер еді деп те арман желкенін кересің. Әлгі жұмағыңыз – туризмді ұтымды ұйымдастырып, жемісін көріп отырған жұрттардың тірлігі.

Өркениетті мемлекеттердің жылдық бюджетінің біраз бөлігін туризмнен түскен ақша құрайды. Бұл жағынан келгенде біздің табысымыз иненің жасуындай. Соны дұрыс жолға қою үшін Елбасы Н.Назарбаев ұлт рухын оятып, санасына сәуле түсіретін рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұ­лағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіз­де­рінің басты элементтерінің бірі», деп ұлан-асыр байлықты «Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мә­дени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркіс­тан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар», деді.

Шынында, құстың қанаты талады, тұлпардың тұяғы тозады деп көтеріле сөйлейтін байтағымызда туризмге діңгек орындар жетіп артылады. Алып таулар, бұрқыраған өзендер сылдырап аққан бұлақтар, саф алтындай сары дала, көне қала – бәрі де білген адамға дара-дара. Ой елегінен өткізсең, байлықтың көкесі сол екеніне көзің жетеді. Бүгін болмаса да ертең миллиондаған ұрпақтың несібесіне айналатынына иманымыз кәміл. Мәселен, Отанымызда ерекше қорғалатын табиғи аумақ 118 болса, 11 ұлттық табиғи қорық, 9 мыңнан аса археологиялық кешен, тарихи мұралар жетіп артылады. ЮНЕСКО жанынан құрылған кеңес бекіткен тізімде 175 мемлекет болса, соның алдыңғы қатарында қорғауға алынған көрікті нысандар бойынша Қазақ елі де тұр. Мұның өзі мерейімізді өсірумен бірге, барды жұмыла отырып жүзеге асыруды жүктейді.

Еліміздегі туризмді дамытудың 2020 жылдарға арналған бағдарламасына орай, біраз іс атқарылды. Өткен жылы биік дәрежеде болған ЭКСПО-2017 сеңді қозғап, серпін бергені мәлім. Бірақ Еуропа мен Азияның ортасын жалғап жатқан ұлттың жер бетіндегі туризмге лайық байлығы әлі де болса тиімді атқарылып жатпағаны рас. Тіпті бұл кей өңірлерде қарабайыр, жол бойындағы, не жақын ауылдардың күнкөрісі дәрежесінде десек, қателесе қоймаспыз. Егер туризмге сұранып тұрған жерлерді әр маусымға бейімдеп, тиімді құрылым жасасақ, оны мәдениетті түрде пайдалансақ, алдымен жергілікті жұрттың қоржынына мол қаржы түсетіні шүбәсіз. Бұл істе өзін-өзі қаржыландыру құқығы берілген ауыл әкімдері, бұрынғыдай жоғарыға алақан жайып отырмай ұйымдастырса ұтары көп. Мәселен, Алматы облысының аумағындағы Шарын шатқалы туралы жиі айтамыз. Әйтсе де ондағы туризм ісі әлі жолға қойыла қойған жоқ. Шарын шатқалындағы қызғылтым жақпарлар америкалық кинолардағы кереметтерден кем емес. Маңғыстаудағы алып киіз үй, төңкерілген мыс қазандай Шерқала ше?!

Бір өкініштісі, көбіміз жеріміздегі сондай кереметтерді тамсанып айтамыз. Бірақ оны барып көру, іске қосу жағы кемшін. Осы неліктен, рухсыздықтан ба, әлде намыссыздықтан ба?.. Табиғатқа бай ел екенімізді көрсету жағына келгенде іркіліп, өзгеге ұмтыла береміз. Ақшамызды басқалардың қазанына құйып кетуге бейім тұрамыз. Сол миллиондарды керемет сервисті талап етпей-ақ, уақытша демалысты бабалар жолымен қарапайым өткізсек, әлгі өзге жұрттарға кеткен қаржы өзімізде қалып олқы соғып жатқан тұсымызды толтырары хақ. Біз шетел жағалап жүргенде алыс-жақын мемлекеттерден келген туристер қарапайым халықтың қолынан ас ішіп, жаяу-жалпы өзен, көлді, тарихи орындарды шарлап жүреді. Соғыстан күйрей жеңіліп, қақ бөлініп есеңгіреген неміс жұрты дағдарған тұста «Мүлде жойылмаудың жолы қайсы?!» дегенде ұлт зиялылары немістік патриотизмге негіздеп 10 қағида ұсыныпты. «Есіңде болсын, неміс азаматы, бұл тек неміс ұлтының ғана қолынан келеді», деп қолдағы барды ұқсату, соған жұмылып жұмыс істеу, алдымен өз мүддеңді емес, ұлт мүддесін ойлауды өсиет етіпті. Соның нәтижесін төрткүл дүние көріп отыр. Бұл ойды Елбасының биылғы Жолдауындағы «... сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады» деген тапсырманы сөзбен емес іспен орындасақ деген ниет аясында қозғап отырмыз. Шіркін, елтану, жертану, этномәдени, тарихи, экология, шипажай, жылдың төрт мезгілі, көлік – осындай атаулы туризмдерді дамытсақ, ұлысымыз тағы бір ұлылығын танытар еді.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»