Облыс орталығы – Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бір топ оқушысы компанияның интерактивті мұражайында болып, қазақ мұнайының тарихымен кеңінен танысты. Мұражайда мектеп оқушыларын «Ембімұнайгаз» АҚ Әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Сәлімжан Нақпаев қарсы алып, экскурсияның мақсатына тоқталып өтті.
– Ел экономикасындағы жетекші сала – мұнай-газ секторының қалыптасуы, қарыштап дамуы осы интерактивті мұражайда кеңінен көрініс тапқан. Қазақ мұнайының бастауында тұрған Ембі өңірінің аталмыш сала тарихында алар орны ерекше. Бұл өңірде алғашқы қазақ жұмысшы табы қалыптасты. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ембілік мұнайшылардың Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Соғыстан кейін тоқыраған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарында да мұнайшылардың үлестері мол. Бүгінгі ұрпақ аға буынның осынау ерліктері мен еңбектерін біліп өсуі керек. Осы мақсатта басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы Жақсыбеков интерактивті мұражайды тек компания қызметкерлеріне ғана емес, облыстың жаңалыққа жақын барлық жастарына көрсету жөнінде ұсыныс білдіріп, бастама көтерген болатын, – деп атап өтті С.Нақпаев.
Болашақта мұнай-газ саласы мамандығының иесі атануға ниеті бар және бұл бағытта түрлі ғылыми жобаларға қатысып жүрген талапкерлер өздерін толғандырған сауалдарға компания қызметкерлерінен жауап алып, білімдерін толықтырды.
– Қазақ мұнай-газ өндірісінің ғасырдан астам тарихы сонау ежелгі дәуірлермен сабақтасып жатыр. Бүгін біз Ембінің кен алаңы Қарашүңгілден алғаш мұнайдың табылуы, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасуы мен «Ембімұнай» тресінің құрылуы туралы деректерді осы мұражайдан таптық. Менің отбасымдағы адамдардың барлығы дерлік мұнай-газ саласында еңбек етеді. Мұражайға келіп, менің де осы саланы дамытуға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді мектеп оқушысы Әсем Төреғалиева.
Данияр Джаксенов аталған оқу орнының 10-шы сыныбында білім алуда.
– Мұражайдың «Интро», «Алғашқы ашулар», «Технология уақыты», «Ұлы Отан соғысы», «Медиаорталық» және басқа да бөлімдері құнды мәліметтерге толы. Мұражай заманауи үлгіде жасақталып, үнемі жаңартылып отыратыны маңызды, – деді ол.
Атап өту керек, қазіргі таңда мұражайды тамашалауға ниет білдірушілер қатары артып отыр. Интерактивті мұражай бұдан бөлек Ж.Досмұхамбетов лицейі, Apec Petrotechnic жоғары колледжі, Атырау мұнай-газ университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау технологиялық колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі, Бизнес және құқық колледжі, Атырау медициналық колледжі, Атырау агро-техникалық колледжінің оқушылары мен студенттерін қабылдайды.
Қосұйым МҰҚАШЕВ