Тарқата айтар болсақ, қазіргі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 47-қадамына сәйкес, құрылыс жобаларына сараптау жүргізуді бәсекелестік ортаға бере отырып, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту қарастырылуда. Жиында айтылғандай, аталған мәселеге байланысты бүгінде Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне (СҚҚжҚҚ) сараптама жүргізу ісіне қатысты бірнеше түзетулер ұсынылған.
Палата мүшелері бұл түзетулердің бірқатарын орынсыз деп санайды. Мәселен, «Палата – біртұтас коммерциялық емес ұйым» ұғымын алып тастап, бірнеше палата құру, жобаларды сараптау саласындағы мемлекеттік монополия субъектісін, сараптама жүргізуге арналған біртұтас портал мен ақпараттық жүйе жасауға байланысты қызметтер мен жұмыстарды ұсыну бойынша қосымша қызметтермен қамтамасыз ету және палата жарғысын өкілетті органмен келісімдеу бағытында ұсынылған түзетулер палата мүшелерін алаңдатуда. Нақтылай айтқанда, аталған ұйым мүшелері сараптама қызметі саласының әлсіреуіне, кәсіби деңгейі төмен палаталардың пайда болуына және Ұлт жоспарының 47-қадамын сапасыз атқаруға әкеп соқтыратын, жоғарыда аталған түзетулерді жөнсіз деп есептейді.
Сондай-ақ жиында елімізде бәсекелестік ортаға берілген сараптама жұмыстарының көлемі 2018 жылдың 1 қаңтарында 63 пайызды құрап отырғаны да айтылды. Сараптама қорытындыларына кешенді талдау көрсеткендей, 2017 жылы аккредиттелген сараптама ұйымдарына 11981 жоба түссе, оның 7682-сі бойынша қорытынды беріліп, 2196-сы сол күйі қараусыз қайтарылған және 664 жобаға байланысты келісімшарттар бұзылған.
Палата басқармасы аппаратының қызметкерлері Парламент қабырғасындағы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңындағы жұмыс топтарына белсене қатысып, Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің ғылыми-техникалық кеңесінің жұмысынан да қол үзбеген. Палата қызметінің бағыттарының бірінде, 2017 жылы жобаларды сараптауда өзіндік реттеу құралын енгізуге көңіл бөлінген. Бұл мақсатта шетелдік тәжірибе зерделеніп, ел заңнамасы талданған. Нәтижесінде заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындалған.
Былтыр палата «Сатып алулар туралы» заңды бұзу (83 арыз), бағалық ұсыныстар (47), байқаулар (34), нормативтік-құқықтық актілерді белден басу жайттары жөнінде мемлекеттік органдарға жүгінген. Нәтижесінде бірнеше сараптама ұйымы мәртебесіндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қызметі күмәнді жеткізушілер тізіміне кіргізілген.
Өткен жылы Қазақстан экологиялық аудиторлар палатасымен және Ресей құрылыс сарапшылары палатасымен ынтымақтастық жайлы меморандумға отырған Сараптама ұйымдарының палатасы халықаралық ауқымда да белсене қимылдауда. Палата басқармасы тұрақты түрде өзіне мүше ұйымдардағы мамандар мен сарапшылардың біліктілігін көтеруге қатысты семинарлар мен курстар өткізіп келеді. Мәселен, 2017 жылы 5 семинар ұйымдастырылып, 10 әдістемелік құрал жасалған. Биыл палата ұжымы, өздеріне қатысты заң баптары мен нормативтік-құқықтың актілерді жетілдіруге күш салуды жалғастырып, дербес электрондық ақпараттық жүйесін дүниеге әкелмек. Әрі қарай ол www.epsd.kz біртұтас электрондық порталына біріктірілмек. Палатаны өз алдына қызметін реттей алатын белді ұйымдарға айналдырып, құрылыс жобалары сараптамасын бәсекелестік ортаға табыстау да жіті назарда болмақ.
Жиын қорытындысында ревизиялық комиссияның, сараптамалық және тәртіптік кеңестің, өңірлердегі өкілдердің, рейтингтік комиссияның есебі тыңдалды.
Айта кетейік, аталған палата Ұлт жоспары мен «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңды (СҚҚжҚҚ) жүзеге асыру мақсатында, тікелей «Атамекен» ҰКП қатысуымен 2016 жылдың ақпан айында «Сараптама ұйымдарының палатасы» атауымен аккредиттелген сараптама ұйымдарының кәсіби бірлестігі ретінде құрылған болатын. Қазіргі уақытта бұл палатаға аккредиттелген 97 сараптама ұйымы мүше.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»