Хош сонымен... Бұлар кімдер? Топырақты емірене иіскеуіне қарағанда, атажұртына деген арман-аңсары тұла бойында сартап болып, сағынышқа айналған біреу-дағы! Демек, атажұртқа оралғандар-ау!
Расында солай екен.
Енді осы тарихты жіліктеп түсіндірейік. Оқиға орны – Қызылорда қаласының әуежайы. Тәуелсіздікпен бірге шетелден қазақтар оралып жатқан тұс. Оқиғамен қапталдас Ауғанстандағы ұзақ жылғы берекесіздік салдарынан ондағы қазақтар алды Арабияға, арты Иран, Иракты сағалап, көбі Түркияға босып кеткен кез. Осы қандастармыздың ауыр жағдайына қаныққан Қазақстан Түркиядағы елшілік арқылы босқан қазақтарды сонда жинап, мына жақтан Еңбек министрлігі жанынан құрылған Көші-қон басқармасының орынбасары Памир Камалиев пен бас маман Марат Тоқсанбаев арнайы барып, қандастарымызды отандық ұшаққа отырғызып, Қызылордаға алып келген-тін. Бұл фото сонда түсірілген екен. Авторы танымал фотограф – Болат Омарәлиев. Бөкең қазір Қызылорда қаласында тұрады. Осы ағамызға бізді жалғаған – астаналық журналист Заңғар Кәрімхан ініміз.
Жоғарыдағы оқиғаның басы-қасында болған қазір Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қызметкері Марат Есімқұлұлының айтуынша, Түркиядан Сыр еліне 100-ге жуық қазақты алып келген екен. Бұл 1993 жылғы қазан айының 3-і күні болатын, дейді Марат мырза.
Ал топырақты сүйіп жатқан ақсақалдың аты – Сағынтай Қарабазар. Қасындағы бәйбішесі – Шагүл апай. Әне бір қолын ұмсына созып түрегеп тұрған жігіт – Шәрібай Тобжанов. Шәкеңнің де туған жері – Мазари Шариф. Ата-анасы қуғын-сүргін жылдары Ауған асып кеткен. Бірақ Сыр бойында қалған әкесінің ағайындары Мәскеуге арызданып жүріп, 1972 жылы бұлардың отбасын көшіріп алған. Сөйтіп Шәкең осында өсіп-өніп, 1986 жылы ҚазМУ-ды бітірген. Мұндағы жерді сүйіп жатқан қария Шәрібайдың туысы. Яғни Шәкең ауғанстандық ағайындарын әуежайдан күтіп алып тұр.
Жер иіскеп жатқан Сағынтай атамыз ел ауғанда сегіз жастағы естияр бала екен. Туыс пен туған жерден тірідей айырылу оңай ма, оқиғаны көзі көрген Марат Тоқсанбаев айтады: қарияның елі мен жерін сағынғаны соншалық, жата қалып жерді сүйіп, солқылдағанда қара топырақтың да күретамыры бүлкілдеп, көрген елдің көзінен жас шықты.
Сағынтай атамыз төрт жылдың алдында дүниеден өткен екен. Бәйбішесі Шагүл апамыз дін аман Қаскелеңде тұрып жатыр.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген: Болат ОМАРӘЛИЕВ