Аймақтар • 27 Ақпан, 2018

Оралда құсбегілер арасында «Қансонар-2018» республикалық турнирі өтті

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласының іргесіндегі ортағасырлық Жайық шаһа­рының аумағында, Желтау биігін­де құсбегілер арасында «Қансонар-2018» республикалық турнирі өтті. 

Оралда құсбегілер арасында «Қансонар-2018» республикалық турнирі өтті

Фото: Темірболат Тоқмамбетов

Мұндай шара Батыс Қазақстан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға Қазақстанның әр өңірінен – Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыс­тарынан, Астана мен Алматы қаласынан жиырмашақты құсбегі қатысуда. Бір қызығы, іргеде өтіп жатқан думаннан қалғысы келмей, Ресейдің көршілес Самара, Тольятти, Ульянов қалаларынан қаршыға мен ителгі баптап жүрген құсбегілер де жол­ға шыққан екен. Қызыл кітапқа енген құста­рын шекарадан өткізбей, тек өздері келуге мәжбүр болған шетелдік қонақтар Оралдағы құсбегілер сайысының ұйым­дастырылуына, ел-жұрттың ықыла­сына ерекше қызығушылықпен қарап жүрді.

– Осындай турнир былтыр Маңғыстау мен Атырау облысында өтті. Биылғы шара Батыс Қазақстан облысы басшылығының қолдауымен өтіп отыр. Мұны құсбегілік дәстүрдің еліміздің батыс өңірінде қайта жандануы деп айтуға болады. Оралдағы Ұлттық спорт мектебі жанынан құсбегілік бөлімі ашылады деп сенеміз, – деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының І вице-президенті Ерлен Оспанов.

Жалпы, бұл шараны негізгі ұйымдас­тырушы – Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасы болғанымен, өңір­дегі туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының өңірлік филиалы, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген бел­сенді азаматтар құсбегілер сайысының жалпыхалықтық мерекеге айналуына көп үлес қосты. Жан-жақты жарнама мен насихаттың нәтижесінде бұл шараны көру үшін Ресей Федерациясының Астрахань, Саратов, Самара, Орынбор өңірлерінен, Қазақстанның өзге облыстарынан арнайы туристер келген.

Сайыстың алғашқы күні құсбегілер іріктеу кезеңінен өтті. Ертеңіне ақтық бәсеке-финалда қырандар шырға салу, аңға түсу секілді сыннан өтті. Айта ке­тейік, «Қансонар-2018» республикалық құсбегілер турнирінің 200 мың теңгелік бас жүлдесін оралдық кәсіпкер-меценат, «Саят» этно-туристік орталығының құрылтайшысы Мұрат Жәкібаев тіккен.

Турнир қорытындысында ІІІ орын Көкшетаудан келген Бергенбай Тастамбек пен астаналық Серікбек Күнтуғанға бұйырса, ІІ орынды жамбылдық Бақдәулет Бабажан жеңіп алды. Ал «Нарын» атты қы­ранымен барлық бәсекеде өзге әріптес­терінен басым түскен атыраулық Арман Қош­қаровқа турнирдің бас жүлдесі бұйырды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы