Осыдан алты жыл бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек», деген болатын. Мемлекет басшысының бұл саяси шешімі өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да көрініс тапқан болатын. Нәтижесінде, өткен жылы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің №569 Жарлығы шықты.
Әліпбидің апострофтар қолданылатын сол кездегі нұсқасы халық пен сарапшылар арасында көптеген пікірталас туғызды. Мұның барлығын ескерген Елбасы аталмыш Жарлыққа өзгерістер енгізді. Бұл еліміздегі әліпби реформасы бағытының көрсеткіші деп ойлаймыз. Өйткені қоғамдық пікір арқылы тіл саясатындағы реформаны бүкілхалықтық деңгейде жүргізу жақсылықтың нышаны. Сала мамандары мен белсенді азаматтардың қатысуымен өтіп жатқан пікірталас маңызды шешімнің белгісін көрсетеді.
Тарихтан белгілі Қазақстан өткен ғасырда үш рет әліпби ауыстырды. 1929 жылға дейін арабша, 1929-1940 жылдар аралығында латынша, 1940 жылдан кейін кириллицаны пайдаланды. Демек, елімізде бұрын он жылдан астам уақыт көлемінде латын графикасын қолдану бойынша тәжірибе болды. Кеңестер елінің идеологиялық саясатына байланысты еліміз кириллицаға көшуге мәжбүр болды. Сондықтан еліміз осы маңызды шара барысында сәтті қадамын жасайды деп ойлаймыз. Себебі еліміздің латын әліпбиіне көшуі қазақ рухының, ана тіліміздің жаңғыруының бастауы болмақ.
Ботагөз ПАРИДИНОВА,
философия магистрі
Қызылорда