Аймақтар • 28 Ақпан, 2018

Жез қала – жіті назарда

572 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жезқазған – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жіті назарындағы қала­лардың бірі. Содан да болар, Қарағанды облысының әкімі қыз­метіне бұдан бір жыл бұрын келген Ерлан Қошанов жұмысын шал­ғай­дағы осы шаһардан бастаған болатын. Бұрын өз алдына об­лыс болған өңірдің берідегі Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа аудандары мен Балқаш, Қаражал қалаларын айтпағанда, әрідегі Ұлытау ауда­ны, Жезқазған, Сәтбаев қалалары ерекше назарға зәру еді. Жез­ғаз­ғанға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы қатарынан бір­неше саланың тыныс-тіршілігімен танысып, тиісінше шешімдер қабылдады.

Жез қала – жіті назарда

Тұрғындар тілегі – таза су

Халықты алдымен алаңдата­тын мәселелердің бірі – ауызсу. Жез­қаз­ған­да су тазарту құрылыс­тары­ның ал­ғаш­қысы 1967 жылы іске қо­сыл­са, халық санының артып, өн­діріс ошақ­тары­ның көбеюіне байланысты 1987 жылы екінші кезеңдегі құрылыстар жұмыс істей бастады. Тазарту үлгісі – классикалық: залалсыздандыру, реагенттермен араластыру, тұндыру, сүзгіден өткізу және қайталап залалсыздандыру. Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті шаруашылық-ауызсу саласына апта сайын сараптама жүргізіп отырады. Қалада су сынамасын алатын 23 нүкте белгіленген.

Жалпы құны 15,2 млрд теңгені құрайтын су тазарту нысан­дарын қайта жасау мен жетілдірудің жо­балау-смета­­лық құжаттамасы әзір­лен­ген. Бюд­­жеттік тапсырыстар Қара­ғанды облысы­ның энергетика және тұр­ғын үй-ком­муналдық ша­руа­­шылық басқар­масына ұсы­нылды.

Ауызсу сапасына су құбыр­лары­ның жағдайы да әсер етеді. Сон­дықтан кейінгі жылдардың даму жоспарында су құбырларын жа­ңарту мәселесі ес­керіл­ген. Сумен қамтамасыз етудің он жобасы қарастырылып отыр. Былтыр Жез­қазғандағы қалаішілік су құ­быр­ларын жаңарту бойынша екі жобаны жүзеге асыруға 389 млн теңге бөлініп, 16,5 шақырым су құ­бы­рына қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары жүргізілді. Соның арқа­сында су шығыны 7 пайызға азайып, су сапасы арта түсті.

Бұл жұмыстар қаладағы 6-шағын ауданда және вокзал маңындағы жеке тұрғын үй секторында жүр­гізілген. Соның нәтижесінде бұған дейін суды тасып ішіп келген темір жол вокзалы маңындағы 100 үй ор­та­лықтандырылған ауыз су желі­сіне қосылды. Мұны қаланың ком­му­налдық шаруашылық саласында орын алған елеулі оқиға деп айтуға болады. Ұзақ жылдарға жос­парланған бұл күрделі жоба жұ­мыстары биыл да жалғасын таппақ. Қазіргі таңда жобаны қар­жы­ландыру мәселесі толы­ғымен шешілген.

Үш жылдық жоспар үміттендіреді

Жезқазған қаласының аймақ бас­шы­сының тапсырмасы бойынша қала әкімдігі мен облыстық басқармалар бірігіп құрған үш жылдық даму жоспары бар. Онда жалпы сомасы 75,7 млрд теңгені құрайтын 453 шара қарас­тырыл­ған. Қаржыландыру қалалық, облыс­тық, республикалық бюджеттерден, сондай-ақ бюджеттен тыс көз­дерден жасалады. Жоспарға сәй­кес былтыр осы мақсатқа 11,6 млрд теңге жұмсалса, биыл 25,7 млрд теңге және келесі жылы 38,4 млрд теңге қаражатты игеру қа­жет. Жоспарды жүзеге асыру облыс экономикасын ілгерілетуге үлес қосады деген үміт зор. Үш жыл ішінде өнеркәсіп өндірісі 13,2 пайызға артуы тиіс. Экономикалық өсім жалпы инвестиция көлемі 21 млрд теңгені құрайтын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің өндірі­сін жаңғырту мен қайта қалпына келтіру есебінен бола­ды деп күті­луде. Экономика­ның дамуы­на, соны­­мен қатар 2,5 млрд тең­геге жү­зе­ге асырылатын алты жоба да сеп­­тігін тигізуі тиіс.

Тұрғын үйлерге 36,4 шақырым коммуникация желілері тартылып, 44,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның 6,4 мың шаршы метрі – коммерциялық баспана, ол кезекте тұрғандардың санын 13%-ға азайтып, 267 отбасын баспанамен қамтамасыз етеді.

Жалпы, Жезқазғанда тұрғын үй салу сынды бұған дейін бұйы­ғы болып келген салада сер­піліс байқалады. Қалада жаңа шағын ауданның іргетасы тұр­ғындар «Самсунг» атап кеткен медици­налық орталық жақта қалан­­бақ. Ол жерде 60, 90 пәтерлі үйлер салу жос­парланған. Сондай-ақ 900 орын­дық дарынды балаларға арналған «Өркен» мектебі бой көтереді. Болашақта қала бас жос­парға сай сол бағытқа қарай кеңей­мек. Сонымен бірге ол жаңа аудан ашылғанша қаланың ішінен, я­ғни Сәтбаев, Шевченко, Гагарин көше­лерінде жаңа үй салынатын болады. Бұрын басталып, аяқсыз қалған «сақалды құрылыстардың» да мәселесін оң шешу жоспарда бар.

Сауда, қызмет көрсету, туризм сал­алары бойынша 3 млрд тең­ге­ден астам инвестициялық қара­жат­­қа жаңа 28 инвестициялық жо­­б­а жүзеге асырылады. Соның арқа­­­сын­­да 219 жаңа жұмыс орны ашы­лмақ.

Тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылық саласына келсек, Жез­қазған жылу-электр орталық­та­рын­­да жаңа турбоагре­гатын іске қосу, жылу жүйелерін жаңарту жұ­­мыс­­тары жүргізіліп, сол арқылы электр энергиясын өндіру артып, жы­лы­ту жүйелеріндегі жылу жо­ғал­ту көрсеткіші 17,3%-дан 11%-ға дейін азаймақ.

Кешенді жоспарда сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұ­мыс орындарын ашу бойынша да бір­қатар жұ­мыс­тар жоспарланған. Жер­гілік­ті «Ютария» компаниясы осы жоспар ар­қасында бүгінде тек аймаққа ғана емес, рес­пуб­ликаға танымал кәсіп­орын­дар қатары­на қосылып отыр. Осы жос­пар­дың ша­пағаты тиіп, қалада жұмыртқа өндіру ісі жолға қойылды. Былтыр ғана «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­д­ар­ла­масы шеңберінде «Самға» ком­пания­сы­ның темір-бетон зауыты іске қосылды. Бұлардан басқа да іске қосылған, толық қуатында жұ­мыс істеп тұрған жобалар бар.

 Қолға алынар шаруа шаш-етектен

Жезқазғанның үш жылдық даму жос­парына сәйкес, жолдар мен көлік­терге шамамен 8 млрд теңге бөлінбек. Был­тыр бұл бағыт­та 2,4 млрд теңгеге жұ­мыстар жүр­­гізілді. Соның ішінде жол­дар­ды ағымдағы және орташа жөн­деу жұ­мыстары, темір жол сала­сын, авиа­­теңгерімді дамыту, жол қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету шара­лары бар. Рес­пуб­ликалық маңыз­да­ғы Қарағанды-Жез­қазған тас жолы­­ның 156 шақырымы жөн­­де­ліп, оған 1,6 млрд теңге жұм­сал­ды. Жез­қазған-Сәтбаев, әуе­жай ба­ғы­­тындағы жол­дарға ор­та­ша жөн­­деу, жарықтандыру жұ­мыс­­тары жүр­гізілді. Облыстық бюд­­жет тран­сферттері есебінен Жез­қаз­­­ға­нның ортал­ық №5, №6 жол өт­пе­­лерінің 14 ша­қырымы, қала бюд­жеті есебінен орамаралық 9 жол жөнделді.

Мысты қалада шешімін таппай келе жатқан проблеманың бірі – апатты жағдайдағы үйлердің мә­се­лесі. Қалада мұндай 27 үй бар. Бі­рақ қолда­ныс­тағы заңнама бойын­ша бұл үйлердің тұрғын­дары тек ке­зек­ке тұрып қана басқа бас­панаға қол жет­кізе алады. Жергілікті билік дең­гейінде оларға кезексіз үй беру жо­лы қарастырылмаған. Қазір бұл мә­се­лені қалалық мәслихат депутаттары, заң органдары зерделеп, қарастыруда.

Жезқазғандағы жолдарды кү­тіп ұстау, қар тазалау сияқ­ты жұ­­­мыс­тар атқаратын авто­көлік жол­­­­дары басқармасы кәсіпор­ны­­ның жұмыс сапасы мен оның тех­ника­лық мүмкіндіктеріне жиі сын айты­лып жүргені жасырын емес. Мұн­дағы «Қалалық автокөлік жол­­дарын бас­қару» коммуналдық-мем­­лекеттік кәсіп­орны Үкіметтің 2012 жылғы қаулысына сай жеке­шелендіру жоспарына енген екен. Сот шешімі бойынша 2019 жыл­дың сәуір айына дейін оңал­ту мер­зі­мі аяқталған соң, нысан же­ке­шелен­діруге жатады. Сол се­беп­ті қала бас­шылығының атал­ған кәсіпорын база­сын жаңғыртуға кірісе алмай отырған жайы бар. Ал негізі мұн­дай кәсіпорындардың техникасын жаңарту керек-ақ. Қазірдің өзінде оның бар техникасы тозып тұр.

Біраз жылдардан бері жабырқау күй кешіп келген Жезқазғанның тамырына қан жүгіре бастады деп сенімді түрде айтуға болады. Әрине қолға алатын шаруа шаш-етектен, қордаланған проблема да жетерлік. Дегенмен облыс орта­лығынан жырақта жатқан мысты қала мәселесінің күн тәртібінен түс­пей, өңір басшысының үнемі на­­за­рында болуы қала тұрғын­да­ры­­ның болашаққа деген сені­мін ұлғайтады. Ақпан айында Жез­қазған-Қарағанды бағыты бойынша аптасына үш рет жаңа пойыз жолға шыға бастады, болашақта ол пойыз Қоскөл стансасына дейін баратын болады. Қарағанды мен Жезқазған арасындағы автокөлік жолын жөндеу жалғасын табады. Алдағы жылдары қалада инвес­­торлардың қаржысына күн сәулесінен энергия алатын, тұр­мыс­тық қалдықтарды өңдейтін кәсіп­орындар ашылмақшы. Жаңа жұмыс орындарын ашу, қала экономикасын әртараптандыруға жазда өтетін инвестициялық форум­ның да оң әсері болуы тиіс. Об­лыс әкімінің тапсырмасымен ұйым­дас­тырылатын ол форум аясында тек бизнес өкілдері бас қосып қана қоймай, Ұлытау ауданымен бірлескен ауқымды этнофестиваль өтетінін де айта кеткен жөн.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы