Өнер • Бүгін, 08:45

Күй күмбірлеген кеш

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Almaty Theatre» сахнасында өткен күйші Абылай Тілепбергеннің «Серпін» атты шығармашылық кеші ұлттық өнердің рухын асқақтатқан айрықша мәдени оқиғаға айналды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастырумен өткен домбыра думанына Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген қатысып, кеш иесімен бір сахнада өнер көрсетті.

Күй күмбірлеген кеш

Айтулы концерт – «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаты, талантты дирижер әрі күйші, оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепбергеннің шығармашылық жолындағы маңызды белес болды. «Серпін» атауының өзі концерт мазмұнын айқындап, ұлттық музыкаға жаңа тыныс, жаңа серпін беру идеясын аңғартты.

Кеш бағдарламасында қазақ күй өнерінің қос алыбы – Құрман­ғазының төкпе күйлері мен Тәттімбеттің шертпе дәстүрі жаңаша интерпретация­да ұсынылды. Дәстүр мен заманауи көзқарасты шебер ұштастырған дирижерлік шешімдер, оркестрлік бояудың бай палитрасы, динамикалық өрнектер мен нәзік лирикалық иірім­дер көрерменді терең әсерге бөледі. Әсіресе Абылай Тілепбергеннің жеке орындауындағы күйлер зал ішін ерекше тебіреніске бөлеп, домбыра үнінің шынайы қуатын айқын сезіндірді.

Концерттің шарықтау шегі – Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы болды. Олар бір сахнада өнер көрсетіп, жан тебірентер күйлерді бірге орындады. Кешке сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ренат Ғайсин, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің әртістері мен домбырашылар тобы қатысып, ұлттық өнер думанының мазмұнын байыта түсті. Әрбір өнерпаздың сахнадағы шеберлігі мен шығармашылық ізденісі кештің көркемдік деңгейін арттырды.

«Серпін» – тек жеке концерт қана емес, қазақ музыка өнерінің өткені мен бүгіні арасындағы алтын көпір іспетті рухани кеш болды. Сондай-ақ ұлттық мұраны жаңғырту мен оны заманауи форматта дамыту жолындағы тың ізденістердің жарқын көрінісіне айналды.