Қазақстан • 02 Наурыз, 2018

Түймебай мен Тұтқабай

1251 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Үсен Әлімбетов – Шығыс өңірінде экономика мамандарын даярлауға айтарлықтай үлес қосқан ғалым. Бірде Үсен Сүлейменұлы бізге тағдыр жолы талай қақпақылға салса да мойымаған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағайынды Түймебай мен Тұтқабай Әшімбаевтар туралы әңгімелеген еді. 

Түймебай мен Тұтқабай

Президенттің ғылыми жетекшісі

Түймебай Әшімбаев соғыс жылдарында Ленинград майданында «На страже Родины» («Отанды қорғауда») атты майдан газетінің қазақ тіліндегі нұсқасын шығарған. 1942-1945 жылдары газеттің хатшысы, аудармашысы және редакторы болып еңбек етеді. 

– Шешемнің туған бауырлары Түймебай мен Тұтқабайдың ерлікке толы өмір жолдары жөнінде айтқым келеді, – деп бастады әңгімесін ағамыз. Түймебай 1941 жылдың шілде айында Кеңес Армиясына қатардағы жауынгер ретінде алынып, сонан соң майдандағы саяси басқарманың қызметкері болады. «Отанды қорғауда» газетінің алғашқы саны 1942 жылдың 6 қазанында шығады. Қазақ жауынгерлері газеттің әр санын асыға күтіп отыратын. Өйткені ана тілінде жарық көрген майдан басылымы қазақстандықтар арасында үгіт-насихат жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, өзара үн қатысуына, жақындарын жоғалтпауына септесіп ерекше жауынгерлік рух дарытты. Түймебаймен бірге қазақ редакциясында Кәрім Османов, Ақмұқан Сыздыбеков, Бейсен Жұмағалиев, Асылхан Тұрғанов еңбек етті. Офицерлер қоршауда қалған Ленинград майданының бөлімдерін аралап материалдар жинақтады, күллі редакциялық шаруаны атқарды. Олар қазақстандық әскери журналистиканың алғашқы қарлығаштары болды. Түрлі қару-жарақ пен әскери техникаларды, стратегиялық терминдерді аударып, қазақ тілінің сөздік қорын көбейтті. Еңбегі ескеріліп, майдан басшылығы Түймебай Әшімбаевты «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапаттады. 1945 жылдың қыркүйегінде Ленинград қаржы-экономика институтының студенті соғыс басталғанда үзіліп қалған оқуын жалғастырды. Алайда сол жылы қазан айында жалған айыптаумен редакцияның үш қызметкері 58 бап бойынша сотталды. Ішінде 4 курста оқып жатқан көкем де бар еді. Әрине жауынгер-журналистер жаулық үгіт-насихат идеяларынан, опасыздықтан ада болатын, оларды қазақ ұлтшылдығы бойынша айыптады. Өйткені басылымның барлық саны қазақ тілінде шықты. Әділетсіз репрессияның құрбаны болған Асылхан Тұрғанов пен Кәрім Османов лагерде қайтыс болды. Ал Түймебай аға айдаудан аман-есен шығып, кейін ақталды, деді.

Үсен Сүлейменұлының айтуынша, тұтқындау кезінде газет нөмірлері құтқарылып қалған. Әскерилер Әшімбаевтың үйін тінтуге келгенде әйелі Александра Голубева істің насырға шапқанын сезіп, омыраудағы баласын қолына алып диванға отыра кетеді. Диванның астында бораған оқ пен оттың ортасында жүріп шығарған газеттің барлық нөмірі жатқан еді. Әскерилер әйелді қозғамайды. Түймебайдың туғандары сол газеттен арнайы альбом жасапты. Қалыңдығы бір қарыс газеттің ұқыпты тігіндісінде тіпті, бүгінгі белгілі тұлғалардың соғыста қаза болған, ерлік көрсеткен әкелері мен аталары туралы да мағлұмат мол. Бұл – барлығы 1500 жауынгер қамтылған деректер мен суреттемелер, ерлік баян­дары жазылған өте құнды басылым. Мәселен, Сұлтан Баймағамбетовтің Александр Матросовтың ерлігін екі ай бұрын жасағанын осы газеттегі мақаладан білуге болады.  

– 1952 жылы абақтыдан шыққан Түймебайға үлкен қалада тұруға құқы жоқ болғандықтан Ленинградтағы отбасына оралуына рұқсат берілмеді. 7 жылдай түрмеде отырған оның тағы 5 жылға бостандығы шектеулі еді. Сондықтан Алматыдағы бауыры Тұтқабайға келіп, Талғарда тұрды.

Ленинградта үздік оқыған құжаттарын қайтарып бермегендіктен, С.Киров атындағы ҚазМУ-ге 1-курстан қайта түсіп, қызыл дипломмен бітірді. 1957 жылы ғана толығымен ақталды. Содан кейін ғылымға бет бұрып, кіші ғылыми қызметкерден бастап директорға дейінгі ғылым мен қызметтің барлық сатысынан өтті, ҚазКСР Ғылым академиясы экономика институтының директоры, құрметті директоры болды. Түймебай ағамыздың ортамыздан кеткеніне 15 жылдан асса да қарулас достары, жазушы Михаил Дудин, ақын Татьяна Гнедич (Байронның «Дон-Жуан» поэмасын аударған) және Кеңес Одағының Батыры, КСРО мемлекеттік банкі басқармасының төрағасы болған Владимир Алхимов әлі хабарласып тұрады, деді Үсен аға Әлімбетов. 

Түймебай Әшімбаев экономика институтына жетекшілік еткен жылдары Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидаттық және докторлық диссертацияларына ғылыми жетекші болған екен. Бұл жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған Юрий Шнейдер естелігінде былай дейді: «1980 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болғанда, Тәке екеуміз болжамымыздың орындалғанына қатты қуандық. Біз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен бұдан бұрын, ол Теміртау қала­лық партия комитетінің хатшысы, сәл кейін Қарағанды металлургиялық комбинатының партия комитеті хатшысы болған кезінде танысқан едік. Сол кезде-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы ғылыммен, оның ішінде нақты экономикамен шұғылданғысы келетінін айтқан болатын. Мен ол жөнінде Түймебай Әшімбайұлына ұсыныс айтып, бұл іске жетекші болуын жеткіздім. Сонда оның болашағы зор екенін, келешекте республика жетекшілерінің бірі болатыны жөнінде қорытындыға келгенбіз. Оған сол сәттегі білімпаздығы, мақсатқа жету жолындағы табандылығы, мемлекеттік деңгейде, кең ауқымды ойлайтыны көзімізді жеткізіп тұрған-ды. Қазір сол уақыттың өзінде, яғни жетпісінші жылдардың ортасында-ақ Т.Әшімбаевтың келешектегі Қазақстанның тұңғыш президенті болған көрнекті қайраткерді жіті танығанын мақтан тұтамын». Иә, Юрий Леонович жазғандай, Түймебай Әшімбайұлы қазақстандық экономика мектебін қалыптастырып, кейін мемлекет мерейіне айналған көрнекті ғалымдар мен қайраткерлерді тәрбие­леп шығарды. Ресей мен Украина­да даярланатын білікті экономика кадрлары Қазақстанның өзінен өсіп-өне бастады. Түймебай Әшімбаев қайтыс болғанда ғалымның сүйегін Кеңсайға дейін көтеріп барғандардың ортасында Елбасы да болды. Міне, шәкірттің ұстазға деген ұлы құрметі! 

Естен кетпес кездесу

Әңгіме үстінде ағамыз Елбасымен кездесуі жөнінде де айтты. 

– Бірде Президент Шығыс Қазақстанға келген сапарында орталық мәдениет үйіндегі жиында маған бұрылып, аман-саулық сұрасты. Әкем Сүлеймен Әлімбетұлының отаншылдығы мен зор еңбегі үшін рахмет айтты. Жанында көмекшісі Иманғали Тасмағамбетов пен сол кездегі облыс әкімінің орынбасары, Конституция қабылданғанға дейінгі Президенттің облыстағы өкілі болған Александр Ширшов және көрнекті металлург Ахат Күленов тұрды. Сол кездесуде Елбасының жадына таңғалдым. Мен ол кезде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың проректоры болатынмын. Балалық шағым есіме оралды. Түймебай мен Тұтқабай – шешемнің туған інілері екенін айттым ғой. Мен Түймебайдың қолында өстім. Әкем Мәскеуге жоғары партия мектебіне оқуға кеткен кезде, Түймебай аға – абақтыда, Тұтқабай аға Балтық жағалауында шекаралық отрядта еді. Ол кезде балалар үйінен шыққандарды оқытатын. Әкем де балалар үйінде өскен, туғандарының бәрі репрессияға ұшырағандықтан біз, Майдан, Асан, мен, Мэлс және Майра бәріміз бес жыл бойы Шудағы нағашылар қолында тұрдық. Әкем оқудан келген соң Қаскелеңде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Бұрын Кеген, Шонжы, Бақанас өңірлерінде істеген, Шамалғанда Победа кеңшарының төрағасы болған еді. Нұрсұлтан Әбішұлы әкемізді сол кезден таниды екен. 

Біраз жыл бұрын Алматыда әкем­нің досымен кездестім. Қаскелең аудандық газетінің редакторы болған Б.Тастанбековтен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әкемнің аудандық партия комитетінің хатшысы ретінде Теміртау қаласындағы өнеркәсіп құрылысына еңбеккерлер арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынғанын естідім. Жас маман күллі одақтас елдер мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген құрылысшылардың арасында өзін тамаша ұйымдастырушы ретінде көрсеткені белгілі. Бұл туралы бұрын білмеген едім. Әкеміз бізге жұмысы туралы айтқан емес. Бірақ сол кездің өзінде-ақ ол Нұрсұлтан Әбішұлының көздеген мақсатқа жететін табанды, халықты ерте алатын ерекше қабілетке ие, мемлекеттік деңгейде ойлайтын реформатор тұлға екенін білген екен. 

Президент сол сапарында Өскемен­дегі ауыр өнеркәсіптердің тығырыққа тірелгенін көріп, ренжулі болатын. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кез ғой. Сондай көңіл-күйде келе жатса да мені көріп кідіріп: «Айналайын, Үсенсің бе? Сүлеймен Әлімбетовтің баласысың ба?» деп сұрады. Әкемнің Қаскелеңге көп еңбегі сіңгенін айтты. 

Мен М.Горкий атындағы мектепте, Нұрсұлтан Әбішұлы Абай мектебінде оқыды. Екі мектептің арасында бір көше ғана бар еді. Біз үзілісте бұрынғы орыс шіркеуі, сол кездегі аудандық мәдениет үйінің жанындағы шағын скверде бірге ойнайтынбыз. Әрине ол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының келешекте Президент болатынын білген жоқпыз. Елбасының жанында тұрған Өскемен мырыш комбинатының директоры, «Халық қаһарманы», әйгілі металлург Ахат Күленов те Қаскелеңдегі балалар үйінде өскен. Қаскелеңнің жоғары жағындағы тауда өрік қалың болушы еді. Осы өрікті теруге Ахат Сәлемхатұлы бастаған балалар да, Нұрсұлтан Әбішұлы мен оның достары да, кейінірек біз де баратынбыз. Көрдіңіз бе, үш буын үздіксіз Үшқоңыр етегіндегі өрікке «шабуыл» жасайтын едік. Елбасы сол балалық шақ туралы, әжелеріміздің жейдемізді өрікке былғағанымызға кейіп ұрсатынын еске алып күлді. 

Сол жиында жергілікті металлургтер Елбасыға үздіксіз шағым айтып, сұрақ қойып жатты. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздерде Күленов бар ғой. Менен неге сұрайсыздар?!» деген еді. Президенттің осы бір ауыз сөзінен-ақ Ахат Сәлемхатұлының қаншалықты абыройлы адам болғанын көруге болады, дейді ол сол бір кездесу туралы мейірлене әңгімелеп.

Ельциннің көмегі тиді

Түймебайдың інісі Тұтқабай да жарқын тұлғалардың бірі. Ол да Ұлы Отан соғысында басынан аяғына дейін 1-Балтық майданында шайқасты. Башенкович қаласы аумағында шекарашылар үлкен шығынға ұшырап, пулеметтің оқтаушысы оққа ұшқанда Тұтқабай қаруды қолына алып, көптеген фашистің көзін жояды. Осы ұрыс үшін ержүрек жауынгерді Қызыл Жұлдыз орденімен марапаттайды. Сондай-ақ Кенигсберг қаласын алуға қатысады. Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь революциясы, Қызыл Жұлдыз медалдарымен марапатталып, екі мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Маңғыстау обкомының бірінші хатшысы болған кезінде Ленин орденімен марапатталды. Қазақ кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Саяси бюро мүшелігіне кандидат, Орталық Комитет мүшесі болды. Текелі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, ауыр өнеркәсіп министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

– Докторлық қорғайтын кезде диссертациямды ешкім қарамай қойды. 1981 жылы 23 ақпанда Мәскеуде съезд өтті. Съезге обком басшылары да барды. Тұтқабай ағамның «Мәскеу» қонақүйінде екенін білдім де, арнайы барып диссертацияға байланысты институттағылардың сөйлескісі келмейтінін, еш ескерту де айтпайтынын жеткіздім. Ол «менімен бірге жүр» деді де, басқа бөлмеге алып барды. Есікті Ельцин ашты. Борис Николаевич сол кезде Свердловскі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Олар өзара дос екен. Тұтқабай ағамыз келісім бойынша Свердловскіге сүйек ұнын жібереді. Бұл сиырдың сүтін көбейтетін көрінеді. Ал Свердловскіден Маңғыстауға мұнай құбырлары келеді. Ельцин дереу мемлекеттік жоспарлау басшысы Николай Байбаковқа қоңырау шалып, досының інісіне неге көмектеспеске, егер ол біздің балаларымызды оқыт­қы­сы келсе деп өтінішін айтты. Осы­лайша, институтқа оралғанымда бүкіл ректорат зыр жүгіріп, осыған дейін назар салмаған диссертациямды қорғауыма мүмкіндік берген еді, дейді Үсен аға. Тұтқабай Әшімбайұлы екі жылға жуық Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы және өнеркәсіп жөнін­дегі хатшы қызметтерін қатар атқар­ды. Обкомның бірінші хатшысы Александр Протозановтың Одақ­тағы беделіне қарамастан көпте­ген маңызды шешімді Тұтқабай қабыл­дай­тын. Кейін Маңғыстау облысын тоғыз жыл басқарды. Мұнайлы өлке құрылып жатқанда Дінмұхамед Қонаев: «Маңғыстаудың астында – мұнай, үстінде – адай, көгінде – құдай, облысты басқаратын Тұтқабай!» деп әзілдеген екен. Маңғыстаулықтар Тұтқабай Әшімбайұлын әлі күнге дейін құрметпен еске алады. 

Міне, қос тұлғаның ғибратты өмір жолы өскелең ұрпақ үшін өзгеше үлгі іспетті. 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН