Әдебиет • 05 Наурыз, 2018

Мәдени мұра: Сарбас ақын

1659 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Халқымыздың арасында сақтал­ған інжу-маржандардың бірі – ауыз әдебиеті. Тарихымызға үңіл­сек, қа­зақта нешебір дүлдүл ақын­дар болғаны белгілі. От ауызды, орақ тіл­ді ақындар арасынан ерек­ше­­­леніп, есімі сақталып қалған ай­ту­лы ақындардың бірі – Сарбас ақын. 

Сарбас Майкөтұлы жайлы мәлі­мет­тер «Қазақстан» ұлттық эн­ци­кло­педиясына енген (2005 жыл, 7-ші том, 555-бет). Оның Жам­былмен айтысын «Жамбыл Жабаев» (шығармаларының толық жинағы, Алматы. Қазақ универ­ситеті. 2010. І том, 79-114-беттер) кітабынан және басқа да басылымдардан кездестіруге болады. 

Мәдени мұра: Сарбас ақын

Сарбас Майкөтұлы Жамбыл облысындағы Қордай ауданының Доланқара, Мәтібұлақ елді мекен­дерінің маңайында 1849 жылы туып, 1914 жылы дүниеден озған. Сарбас лақап аты. Азан шақырып қойылған есімі – Тілеулі, сары адам болған соң ел оны Сарбас атап кеткен. Ұлы жүздің Дулат баба­дан тараған жаныс руынан. Жаныстың Қасқарауы (Жар­лықамыс), одан Ораз, оның Бө­кенінен Сати, Сатидің Майкө­тінен өсіп-өнген ұрпақ. Шешелері өліп, жетім қалғаннан кейін наға­шылары Тілеуліні алып кетеді. Айтушыларға сенсек, ол Ұлы жүз ақындарының көбінің ұстазы болған Қабан жыраудың жиені, Жетісу өңіріне танымал атақты Кекебай шешеннің мектебінен өтіп, оны өзіне ұстаз санап, жыр-толғаулар айту тәсілін үйренген. Ақын бір өлеңінде өзін Майкөттің 8 ұлының бірімін деп таныстырады (ол Қожамберлінің үйінде жиылған би-болыстардың, шонжарлар мен бай-манаптардың алдында: «Мен Майкөттің сегіз ұлы­ның бірі едім, Мен сендейдің бə­рін де Жаншып тастап жер едім. Ша­­қыртқан соң мыналар, Бұл жи­ын­ға кеп едім», деп жырлаған екен).

Көз көргендердің әңгімесі бо­йын­ша, ақынның өлең айтарда, айтысты бастарда өз құлағын өзі бұрап, айғайлап барып бастай­тын ерекше әдеті болған. Ол әдетті ол Қабан ақыннан үйре­неді. «Нағашым Қабан өз құла­ғын бұрамаса аузына өлең түспейді екен», дейді екен Сарбас. Кейіннен Сарбастың сол әдеті туысы Кененге көшкен. Ақын (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында) өзі өскен өңірдегі ақын-жыраулармен (мысалы, Майлықожа сынды) ілесіп, қазақ ауылдарын, көрші қырғыз елін жастайынан аралап, ел-жұртпен жақын танысып, жыр айтып, әбден ысылып, талай көрнекті ақындармен айтысып, жыр бəсекесіне түскен. Ол бойына ұлтымыздың сан түрлі асыл қасиеттерін жинақтаған дарынды айтыскер әрі жыршы болған.

Бізге жеткен туындыларының басым көпшілігі – айтыстары. Өлеңдері де аз болмаған. Мысалы оның Сасықбай деген сараң байға айтқан мына өлеңі халық есінде қалыпты: «Сасықбайда құман жоқ, Беті-қолын жуған жоқ. Жамыларға көрпе жоқ, Қой бастаған серке жоқ. Адал бала туған жоқ, Сараң байда иман жоқ», деп байдың мінін көзіне батыл айтып салады. Жолдықара деген құрдасы диханшылықпен айналысады екен. Сарбасқа бір қап тары бермек болып қырманға қарай келе жатады. Сонда Сарбас: «Оу, Жолдықара дегенде, Жолдықара! Маңдайдан ағып тұрған сорды қара! Шілденің мына аптап ыстығында, Күс-күс болып жарылған қолды қара!», – дейді.

Ақын көңіліне келгенді жалтармай, батыл, тік айтатын кісі екен. Бір үлкен тойда Сарбас атақты кісілерді мақтап, өлең айтып, жиылған жұртты қызыққа батырып жатады. Сол жерде Ақатай болыс: «Туысқаным-ау, мені де бір мақтамайсың ба», – депті. Сонда домбырасын қағып-қағып жіберіп Сарбас: «Мақта дейсің Ақатай неңді айтайын, Әкең тентек, шешең пұшық кімді айтайын. Қарабақай болыс боп шыға келдің, Ақатай өз басыңды енді айтайын... Бай болсаң әркім әуес тоқтығыңнан, Кедей сауын сұрайды жоқтығынан. Жақыннан алыс артық, ат береді, Туысқан бере алмайды, жат көреді», – дейді. Жұрт алдында қысылған Ақатай: «Сарбас, мына өлеңіңді қой, соғымға бір бие ал», – депті. Міне, осы сарынды бірен-саран қысқа жырлар, бірқақпайлар ел аузында сақталған.

Ақын əр жылдары Қаңтарбай, Еркебай, Жамбыл, Қуандық, қырғыз Қалмырза сынды белгілі ақындармен жəне Саумал, Күл­зия, Тұрсынай, Өзипа атты ақын қыздармен жолығып, жыр бәсе­кесіне түскен. Бірақ бізге оның Жам­былмен, Қуандықпен, қырғыз ақы­ны Қалмырзамен айтыстары мен Саумал, Күлзия, Өзипа, Тұрсынай қыздармен айтысының жеке үзінділері ғана жеткен. Сарбастың ұстанған дəстүр-үлгісі, өскен ортасының ықпалы айтыс­тарымен танысқанда там-тұмдап байқалып отырады. Атақтарынан ат үркетін ақын-замандастарымен кездесіп, олардың өнерімен жақын танысып, реті келіп жатса сөз қағысып, өнер сайысына түсу, сара­лап қарасақ, үлкен жетістік. Тіп­ті, азулы ақындарды ұтып жатпаса да жеңілудің өзі жас талапкер үшін ғанибет дүние, үлкен сабақ, есте қалатын асыл өнеге болып саналады. Бұл жерде, халық арасында сақталып, бізге жеткен «Сарбас пен Қуандық», «Сарбас пен Жамбыл», «Сарбас пен Қалмырза» айтыстарын келтірсек те жетерлік.

Сарбас Майкөтұлының есімін елге кеңірек танытқан Қал­мыр­замен және Жамбылмен айтыс­тары. Жамбылмен айтысы (көлемі 1000 жолдан асатын жыр жолдары ел арасында сақталып, 2010 жылы жарық көрген «Жамбыл Жабаев» кітабына енген) оның творчествосында ерекше орын алады. Өкінішке қарай, Сарбас ақынның көп айтыстары мен өлең, жырлары дер кезінде жиналмай, ұмыт болғаны жайында зерттеу еңбектерде айтылып жүр. Бірақ Ұлттық ғылыми кітапхананың сирек қорында «Байқара молдаға», «Жолдықараға», «Ақтайға» айтқан арнаулары, «Біліндім талай елге тілімменен (өлер алдындағы домбырасымен қоштасқаны)», «Атандым Ұлы жүздің Сарбасы (туған-туыстармен қоштасқаны)», «Байшора, қош-аман бол, əзиз ағам», «Оқ жыландай ысқырған», «Кегімбайда құмған жоқ», «Елу басы, он басы» секілді біраз арнау, толғаулары жинақталған.

Алматыда 1895 жылы үлкен айтулы жиын болған. Оған барар алдында Сарбас та, Жамбыл да және де басқа шайырлардың үлкен əзірлік жасағандары анық. Себебі Қожамберлінің бүкіл Жетісуға игі жақсыларды, танымал адамдарды шақырып, бастарын қосатынын, онда біраз белгілі ақындар шақыртылып, өлең-жыр айтылып, айтыс өтетінін жəне ақындардан кімдер шақырылғанын алдын ала білгендердің дайындықсыз келуі мүмкін емес еді. Оған жоғарыда мысалға келтірілген Жамбыл айтқан айтыстың кіріспесіндегі мына жолдар айқын дəлел: «Алматы деген шəріде, Жұрт жиналып жатқанда, Қырбай, Қожамберлі болыстың, Сəскеде жетіп үйіне». Бір айта кететін нәрсе, бір өңірде қатарлас-жапсарлас жатқан елдің өкілдері болғандықтан, Сарбас пен Жамбыл бұрын кездеспеуі мүмкін емес. Кездескен болар, бірақ, айтысудың сəті түспеген сияқты. Сондықтан екі ақынның осы кездесуін кездейсоқтық деп айтуға тіпті болмас. Айтыс өнерінің дүлдүлі Жамбыл Сарбас ақынмен айтысында еркін көсіледі. Ой-қиялға суарылған нағыз тапқыр сөздер, айшықты, нақышты оралымдар, гауһардай құбылған сырлы, нұрлы сөздер түнгі аспандағы сансыз жұлдыздардай төгіледі-ай келіп.

Біздің қазақтың айтыс өнерінде бірін бірі іздеп жүріп айтысу дəстүрі ежелден қалыптасқан. Тым әріге кетпей-ақ, ХХ ғасыр­дың алғашқы ширегіне дейін Біржанның Сараны, Əжектің Шəріп­жамалды, Таңжарықтың Қойдымды, Кененнің Нұриланы əдейі іздеп барып, айтысқаны мәлім. Талапкер қай ақынмен жыр жарысына түскісі келсе, сол туралы сырттай дерек жинақтап, даярланып жүретіні белгілі. Жамбыл естеліктерінде Құлмамбет, Майкөт, Сарбас сынды арқалы ақындармен кездесудің орайын ұзақ күткені айтылады. Шындығында, ілгерідегі ақындар табиғи дарын-қабілеті мен өмірден алған тəжірибесін ұштастыра отырып, шеберлігі шыңдалып, өнер шыңына осы мен жеттім-ау деген уақытта ғана бетпе-бет жүздескенін білеміз. Сарбастың айтыста жиі қолданатын əдістерінің бірі – елінің, жерінің, игі жақсыларының байлық, салтанатын дəріптей отырып, аз аталы, əлсіз рулардан шыққан ақындарға сес көрсетіп, жалынды, ұтқыр сөздерімен қарсыласының бетін қайтару. Жамбылмен айтысқанда бұл тəсіл ерекше орын алған.

Сарбас Майкөтұлы шығар­малары бейнелеу құралдарына мейлінше бай, олардың танымдық, тағылымдық, əсемдік əсері мен эстетикалық қызметі ерекше мəнді. Ол – дəстүрлі халық поэзиясының, халық даналығының інжу-мар­жандарын айрықша сезіммен талғап-екшеп өз туындыларына шебер қолдана білген тапқыр, талантты сөз зергері. Ол оның ақындық даралығы бейнелеу құралдарын шашыратпай, тығыз бірлікте, поэ­тикалық тұтастық қалпында игера алатын зор қабілетінде жатса керек. Ру шежіресі, ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер ақын поэзиясынан әрдайым орын алып отырады. Тарихи шындық көркемдік шындықпен астасып, тонның ішкі бауындай жымдасып жатады. Сол арқылы айтысқа тың сипат беріп, тақырыпты жаңаша түрлендіріп, жыр мазмұнын жаңғыртады. Қазақ халқы мен оның ұлан-ғайыр даласының ілгері-бергі тарихын, мəдени-рухани, əлеуметтік-қоғамдық өмірі туралы сан-саналы мəлімет жинау, оны есте сақтаудың өзі мол тəжірибе мен асқан дарындылықты қажет ететіні сөзсіз. Бұл қасиеттер Сарбас ақынның бойынан табылады. Ақынның артында қал­ған жырларымен және айтыстарымен таныса отырып, оның бойын­да сол кездегі ірі айтыс ақын­дарының көпшілігіне тəн ба­тылдық, жігерлілік, тапқырлық, тө­зімділік сынды асыл қасиеттер мол болғанын сезіну қиын емес.

Айтыс өнерінде қай қарсы­ластан болса да қолма-қол жауап талап етіледі, көп ойлауға уақыт тапшы. Әрине кейде қыза-қыза келе оқыстан анайы, тұрпайылау сөздер шығып кетуі қалыпты жағдай ретінде қабылданған. Мұндай сəттер талай қайым-айтыстарда орын алған. Сарбастың Қуандықпен, Жамбылмен, Өзипа, Тұрсынай қыздармен айтыстарында осындай сөз тіркестері арагідік кездеседі. Бұл əрекет тыңдаушылардың көңіл-ойын көтеріп, өздерінің қасаң айтысымен оларды жалықтырып алмау үшін де қолданылатын тəсілдің бірі болғанын айта кеткен жөн. Оның «Сарбас ақынның байларды мазақтауы», «Сарбастың сайлау туралы айт­қаны», «Сар­бас­тың өлеңдегі қош­тасуы» жырлары өткірлігімен, өр­нек айшықтығымен ерекше­ленеді.

Төскейде малы, төсекте басы түйіскен, еншісі бөлінбеген қазақ және қырғыз халықтары ежелден-ақ аралас-қоралас өмір сүрген. Екі елдің көптеген ақындары той-жиында өзара айтысқа түскені тарихтан белгілі. Қазақ пен қырғыз ақындарының айтыстарына тән бір ерекшелік: қысқа да нұсқа сөз жарыс­тыру салты болған. Осындай қысқа айтыстардың бірі – қазақ Сар­бас пен қырғыз Қалмырзаның айтысы:

Алматынын боорунда

Сары нар чөктү билдиң би?

Узун агач башына

Ак қус қонду билдиң би?

Жер ортасын мөлшер қып,

Тузак курду билдиң би?

Ээсиз жаткан көп жылкы

Бирин кармап миндиң би?

– деп көпті көрген Қалмырза ел басындағы ахуалды Сарбасқа ұқтырады. Сарбас домбырасын қағып-қағып жіберіп, әріптесіне жауап беруді былай бастайды:

«Алматының бауырына

Сары нар шөкті дегенің –

Балдыр-бұлдыр сөйлеген,

Адам тілін білмеген,

Шапанында жаға жоқ,

Етігінде таға жоқ,

Өңі сары, көзі көк,

Адам білер сөзі жоқ,

Қала салып көшпеген,

Мына бір орыс болмасын...

Ұзын ағаш басына

Ақ сұңқар қонды дегенің –

Қарағайдың басында

Ақ шынысы болмасын.

Жер ортасын мөлшерлеп,

Тұзақ құрды дегенің –

Дүрбіменен қараған,

Шашыла айтып санаған,

Бір қисығы болмаған,

Телеграф сымдар болмасын».

Сарбас пен Қалмырзаның осы сөз қағысуынан айтыстың мәде­ниетін сезіну қиын емес. Бұл сөз сайысында отаршылдық дәуір өмірге әкелген жаңалық-өзге­рістер айтылады.

«Ок жыландай ышкырган,

Белине кылыч кыстырган,

Төрөнүн уулын жанга алып,

Төбөнү чапкан билдиң би? –

Кандың уулын кошо алып,

Кабакты чапкан билдиң би?»,

– деп жұмбақтайды қырғыз ақыны Қалмырза.

«Оқ жыландай ысқырған,

Беліне қылыш қыстырған,

Төренің ұлын қоса ертіп,

Төбені шапқан дегенің –

Қазақтан шыққан Наурызбай,

Кенесары болмасын.

Ханның ұлын жанға алып,

Қабақты шапқан дегенің –

Қырғыздан шыққан Орман хан,

Қарабек, Жантай болмасын»,

– деп іліп алып кетеді оны Сарбас. Қырғыз ақыны Кенесары мен Нау­рызбайды бүлікшіл етіп көр­сетсе, Сарбас оған мүдірмей былай деп жауап қайтарады:

«Екі аждаһа бір келіп,

Інге кірді дегенің –

Дастарқаннан дәм татып,

Бір төсекте бір жатып,

Бір иыққа бас қойып,

Інге кірген жыландай

Тату болған бұл күнде

Қазақ, қырғыз болмасын...».

Айтыс осылай сұрақ-жауап ретінде рет-ретімен жұмбақталып төгіле береді. Шабытқа мінген екі ақын арғы-бергі тарихтан сөз қозғап, екеуін қаумалап отырған қазақ пен қырғыздың батырлары мен бай-манаптарының арқаларын қоздырады. Екеуінің сөз қағысуында ақындық биік мәдениет сақталған. Көлемі ша­ғын болғанмен бұл айтыста көп қызықты дүние айтылған. Сар­бас пен Қалмырза арасындағы айтысқа дәстүрлі қазақ пен қыр­ғыз арасындағы көптеген сөз сайыс­тарының бірі деп қарау керек. Тарихта қырғыз ақындарымен біздің Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт, Кенен және де басқа ақындар арасында жүректерге жол тапқан қызықты айтыстар болғаны белгілі. Сар­басты өзіне ұстаз санаған Кенен бір тойда былай деп өзін таныстырады: «Туғалы мұндай жиын көрмеп едім, Мен өзім інісі едім Сарбастың. Он үште ел тойы­на араластым, Өлерде Сарбас ақын шақырып ап, Тапсырды өз қолымен домбырасын...».

Сарбас ақынның творчествосы жайлы мәліметтер мардымсыз екенін біз жоғарыда атап өттік. Оның ақындық өнері зерттеушісін күтіп тұр. Ақынның көп жырлары, өкінішке қарай, сақталмай ұмыт болған. Қазіргі зерделі әдебиеттанушылар мен ғылыми қыз­меткерлер алдында бүгіндері талай-талай күрделі міндеттер мен мақсаттар бар екенін білеміз. Солай бола тұра мүмкіншілік тауып ақындықтың айшықты құдіретін танытқан, заманының дүлдүл ақыны Сарбас Майкөтұлының еңбектерін барынша тереңірек зерттеп, оның ұмыт болған поэзиясын жаңғыртып, телегей теңіз ұлттық әдебиетімізге қосқандары орынды болар еді.

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ТАРАЗ