Аймақтар • 05 Наурыз, 2018

Ақтөбеде 258 жетім баланың әр­қай­сысына тиісті демеушілер бекі­тілген

528 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз егемендікке қол жеткізіп, экономикалық және әлеуметтік саясатын дербес жүргізе бастаған уақытта балалар үйі жүйесін кеңейту мен нығайту мәселелеріне бірден тосқауыл қойылды. 

Ақтөбеде 258 жетім баланың әр­қай­сысына тиісті демеушілер бекі­тілген

Оның орнына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Назарбаева жетекшілік жасаған «Бөбек» қайырым­дылық қорының жобасы мен ұсынысына сәйкес әр өңірде балалар ауылын немесе балалар қалашығын тұрғызу ісі қолға алынды.

Оның жетімдер үйімен салыстыра қарағанда өзгешелігі қандай? Қатаң тәртіпке негізделген құрылымнан бас тартып, қалашық үлгісінде тұрғызылған баспаналар кәдімгі отбасылық жағдайға біршама жақындай түсті. Бір үйде тәрбиеленушілердің саны 4-5 баладан асқан жоқ. Олардың ортақ анасы бекітілді. Ол балалардың сапалы білім алуын, саналы тәрбие жолына түсуін мұқият қадағалап отырды. Еңбекке баулуға да баса мән берді. Үлкен өмір жолына аттанғаннан кейін де бір үйдің балалары аналарымен байланысын үзбей, хабарласып тұруды әдетке айналдырды. Тағы бір айтарымыз, балалар ауылындағы үйлерге ана деген ардақты атқа әбден лайықты, аналық мейірімі мен шуағы, жүрегінің жылуы мол әйел адамдар арнайы таңдап алынды. 

Жас мемлекетіміз тарапынан жекелеген азаматтардың жетім балаларды өз қамқорлығына алып, тәрбиелеп өсіруі үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Бұл үшін арнайы қаржылай қолдау көрсету шаралары белгіленді. Бүгінгі биіктен көз салғанда осы оң үрдіс қоғамдық өмірде, тұрмыс пен тәжірибеде өзін-өзі ақтап келе жат­қанына көз жет­кізе аламыз. Жетім балаларды қамқорлыққа алудың, бәйтеректей сая бола білудің өміршең тетіктері өңір­лердегі жетім балалар үйіне түсе­тін жүктемені біршама азайта алға­ны анық. 

Бұған дейін шешімін таппай келген әлеуметтік проблеманың бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған­дардың мектеп бітіргеннен кейін ешкімге керегі болмай, далада қалып қоятыны еді. Он жеті жасында жасөспірім оңы мен солын толық ажырата қоймайтыны аян. Бұдан кейін де оған бағыт-бағдар беретін, өмірде адаспайтын айқын жол нұсқайтын мемлекеттік-жеке­мен­шік құры­лымдардың қажет екендігі талас туғыз­байды. Мұндай сауабы мол істің оң мысалдары Ақтөбе аймағынан табылады. Атап айтқанда, өңірде өткен жылы «Сәби» қайырымдылық қорының қар­жылай қолдауының арқасында «Мейі­рім» үйі салынып, пайдалануға берілді. 

Мұнда жетім балалар мен панасыз қалғандар 29 жасқа дейін тұра береді. Олардың әрқайсысы бір бөлмелі пәтермен қамтамасыз етілген. «Мейірім» үйінің иелері бала­лардың әрқайсысымен дербес жұмыс жүргізіп, мектептен кейінгі тағ­­дырын айқындайды. Белгілі бір кәсіптік мамандық алуына, жұ­мыс­­қа орналасуына ықпал етеді. Егер отбасын құру жөнінде шешім қабыл­да­ғандар болса – жол ашық. Ең бастысы, олар алғашқы кезде баспана мә­селесінен қиындық көрмейді. Ата-ана­сыз қалғандардың ең өзекті мәселесі тұр­­ғын үй екенін ескерсек, Ақтөбе облысын­да қолға алынған жобаның елімізде еш­­қан­дай баламасы жоқ екеніне көзіміз жетеді.

Өңірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтудың түрлі жолдары мен тәсілдері бар. Әрқайсына екінші деңгейлі банктер жүйесі арқылы арнайы есепшоттар ашылып, қаражат жинақтау жүйесі орнықты. Бұған жергілікті билік өкілдері тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан да мұнда тұңғыш жарнаны түсіру және жетім баланың есеп шотына қолма-қол ақшаны салу үрдісі салтанатты жағдайда өткізіледі. Бұл қаражат негізінен қайырымы мол азаматтар мен демеушілер қаражаты есебінен жинақталады. Осы орайда нақты деректер мен мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі тұрғын үйге мұқтаж 372 жетім баланың 77-сі демеушілердің қаржылай қолдауының арқасында тұрғын үй қоры есебінен дербес баспанаға қол жеткізді. 

Қазіргі кезде 258 жетім баланың әр­қай­сысына тиісті демеушілер бекі­тілген. Мұның өзі уақыты жет­кен күні бәрі де баспанаға ие бола­ды деген ұғымды білдіреді. Бар­лық шара қабылданса да балалар үйін­де тәрбиеленушілер әлі де бар екенін айта кеткен жөн. Әйтсе де қазіргі кезде балалар үйінің 200 тәрбиеленушісі шағын және орта бизнес субъектілерінен және мемлекеттік органдардан қажетті көмек алып жүр­генін ескерсек, сеңнің біраз сөгіл­іп қалғанына көз жеткізе аласыз. Бұған қоса соңғы кездері демеу­ші­лердің есебінен тағы да сегіз миллион теңгеге таяу қайы­рым­дылық төлемдері жиналды. 

2018 жыл Ақтөбе облысында «Балалар жылы» деп жарияланды. Биыл өңірде жаңғыртудың бес бағы­тын жүзеге асыру белгіленді. Әсі­ресе, әлеу­меттік бағдарға басым­­дық берілген. Оның негізгі бөлі­гін биылғы балалар жылында атқа­ры­латын кешенді іс-шаралар шоғыры құ­райды. Яғни, жетім балаларға қам­қорлық жасау мен қолдау ісіне ай­рықша көңіл бөлінген. 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап көрсеткендей, аймақта мүмкін­ді­гіне қарай жетім балалар үйі болмауы керек. Мәселенің дәл осылай қойылуының басты себебі – жоғарыда айтылған жайттар. Жетім көрсе жебей жүретін, көлеңкесімен қорғай жүретін жандар барда, оның қажеті төмендей бермек.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы