Оның орнына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сара Назарбаева жетекшілік жасаған «Бөбек» қайырымдылық қорының жобасы мен ұсынысына сәйкес әр өңірде балалар ауылын немесе балалар қалашығын тұрғызу ісі қолға алынды.
Оның жетімдер үйімен салыстыра қарағанда өзгешелігі қандай? Қатаң тәртіпке негізделген құрылымнан бас тартып, қалашық үлгісінде тұрғызылған баспаналар кәдімгі отбасылық жағдайға біршама жақындай түсті. Бір үйде тәрбиеленушілердің саны 4-5 баладан асқан жоқ. Олардың ортақ анасы бекітілді. Ол балалардың сапалы білім алуын, саналы тәрбие жолына түсуін мұқият қадағалап отырды. Еңбекке баулуға да баса мән берді. Үлкен өмір жолына аттанғаннан кейін де бір үйдің балалары аналарымен байланысын үзбей, хабарласып тұруды әдетке айналдырды. Тағы бір айтарымыз, балалар ауылындағы үйлерге ана деген ардақты атқа әбден лайықты, аналық мейірімі мен шуағы, жүрегінің жылуы мол әйел адамдар арнайы таңдап алынды.
Жас мемлекетіміз тарапынан жекелеген азаматтардың жетім балаларды өз қамқорлығына алып, тәрбиелеп өсіруі үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Бұл үшін арнайы қаржылай қолдау көрсету шаралары белгіленді. Бүгінгі биіктен көз салғанда осы оң үрдіс қоғамдық өмірде, тұрмыс пен тәжірибеде өзін-өзі ақтап келе жатқанына көз жеткізе аламыз. Жетім балаларды қамқорлыққа алудың, бәйтеректей сая бола білудің өміршең тетіктері өңірлердегі жетім балалар үйіне түсетін жүктемені біршама азайта алғаны анық.
Бұған дейін шешімін таппай келген әлеуметтік проблеманың бірі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандардың мектеп бітіргеннен кейін ешкімге керегі болмай, далада қалып қоятыны еді. Он жеті жасында жасөспірім оңы мен солын толық ажырата қоймайтыны аян. Бұдан кейін де оған бағыт-бағдар беретін, өмірде адаспайтын айқын жол нұсқайтын мемлекеттік-жекеменшік құрылымдардың қажет екендігі талас туғызбайды. Мұндай сауабы мол істің оң мысалдары Ақтөбе аймағынан табылады. Атап айтқанда, өңірде өткен жылы «Сәби» қайырымдылық қорының қаржылай қолдауының арқасында «Мейірім» үйі салынып, пайдалануға берілді.
Мұнда жетім балалар мен панасыз қалғандар 29 жасқа дейін тұра береді. Олардың әрқайсысы бір бөлмелі пәтермен қамтамасыз етілген. «Мейірім» үйінің иелері балалардың әрқайсысымен дербес жұмыс жүргізіп, мектептен кейінгі тағдырын айқындайды. Белгілі бір кәсіптік мамандық алуына, жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Егер отбасын құру жөнінде шешім қабылдағандар болса – жол ашық. Ең бастысы, олар алғашқы кезде баспана мәселесінен қиындық көрмейді. Ата-анасыз қалғандардың ең өзекті мәселесі тұрғын үй екенін ескерсек, Ақтөбе облысында қолға алынған жобаның елімізде ешқандай баламасы жоқ екеніне көзіміз жетеді.
Өңірде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтудың түрлі жолдары мен тәсілдері бар. Әрқайсына екінші деңгейлі банктер жүйесі арқылы арнайы есепшоттар ашылып, қаражат жинақтау жүйесі орнықты. Бұған жергілікті билік өкілдері тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан да мұнда тұңғыш жарнаны түсіру және жетім баланың есеп шотына қолма-қол ақшаны салу үрдісі салтанатты жағдайда өткізіледі. Бұл қаражат негізінен қайырымы мол азаматтар мен демеушілер қаражаты есебінен жинақталады. Осы орайда нақты деректер мен мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі тұрғын үйге мұқтаж 372 жетім баланың 77-сі демеушілердің қаржылай қолдауының арқасында тұрғын үй қоры есебінен дербес баспанаға қол жеткізді.
Қазіргі кезде 258 жетім баланың әрқайсысына тиісті демеушілер бекітілген. Мұның өзі уақыты жеткен күні бәрі де баспанаға ие болады деген ұғымды білдіреді. Барлық шара қабылданса да балалар үйінде тәрбиеленушілер әлі де бар екенін айта кеткен жөн. Әйтсе де қазіргі кезде балалар үйінің 200 тәрбиеленушісі шағын және орта бизнес субъектілерінен және мемлекеттік органдардан қажетті көмек алып жүргенін ескерсек, сеңнің біраз сөгіліп қалғанына көз жеткізе аласыз. Бұған қоса соңғы кездері демеушілердің есебінен тағы да сегіз миллион теңгеге таяу қайырымдылық төлемдері жиналды.
2018 жыл Ақтөбе облысында «Балалар жылы» деп жарияланды. Биыл өңірде жаңғыртудың бес бағытын жүзеге асыру белгіленді. Әсіресе, әлеуметтік бағдарға басымдық берілген. Оның негізгі бөлігін биылғы балалар жылында атқарылатын кешенді іс-шаралар шоғыры құрайды. Яғни, жетім балаларға қамқорлық жасау мен қолдау ісіне айрықша көңіл бөлінген.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап көрсеткендей, аймақта мүмкіндігіне қарай жетім балалар үйі болмауы керек. Мәселенің дәл осылай қойылуының басты себебі – жоғарыда айтылған жайттар. Жетім көрсе жебей жүретін, көлеңкесімен қорғай жүретін жандар барда, оның қажеті төмендей бермек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы