«Мен халқыма ризамын. Бірлігін шашыратпай жүргізген саясатты бірдей қолдап келе жатыр. Осындай халықтың алдында басымды иіп, ризашылығымды әр уақытта білдіремін» деген Президент ел мен жердің иесі болып отырған халыққа береке-бірлік бұдан кейін де керек екенін атап өтті.
«Байлық – байлық емес, бірлік байлық. Бүгінгі бастамалар елміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ел бірлігі ең бірінші қазақтың бірлігі деп айтып келдемін. Ел менен елбасы бірге болған кезде ғана барлық жеңіске жете аламыз. Табысымызды еселеп, тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Мұны бүгін айтып өткенім, мынау аумалы-төкпелі дүниенің ортасында жүріп жатырмыз. Біздің ата-бабаларымыз атамзаманнан екі империяның арасында өмір сүріп келе жатқан халық, не түрлі қияметті көрген. Қазір құбылмалы заман. Қай жақтан не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан жұдырықтай жұмылған, рухы биік халықты ешкім алмайды. Мәселе халықтың көп, аздығында емес, мәселе – адамның рухани бірлігінде. Не тәуелсіздік, не өмір жоқ деген қағидамен өмір сүруіміз керек. Жастарды солай тәрбиелеген жөн. Бұл жағында олқылықтар бар. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп барша ұлыстың ұйытқысы болып өзгеге өнеге көрсете білейік», деген Мемлекет басшысы жарияланып отырған істің бәрі елдің қамы, әсіресе болашақты, жастардың қамы екенін баса айтты.