Театр • 07 Наурыз, 2018

«Скифия» – Астанаға сый

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордаға әйгілі Қазақ мемлекеттік циркі гастрольдік сапармен келді. Аталмыш өнер ұжымы соңғы 30 жылдағы бұл сапарын Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай­ластырған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында даярланған «Скифия» атты алғашқы цирктік лазерлік шоуы отандық цирк майталмандарының жаңалығы деу­ге болады. 

«Скифия» – Астанаға сый

9 наурыз бен 1 сәуір аралығында қойылатын цирк спектаклі «Ер Төстік» ертегісінің желісіне негізделген. Ежелгі қазақ ертегісі бойынша өрбитін 11 оқиға ілкі дәуірлердегі этникалық мәдениет пен бүгінгі заманауи уақыт айшықтарын үйлестірген. Ондағы қойылымға арнайы музыка жазылып, еліміздің маңдайалды композиторларының шығармалары қолданылған. Ұлттық нақыштағы қойылымды астаналықтардың назарына 60 өнерпаз алып шықпақ. Жарты ғасырға жуық бай тарихы бар өнер ұжымын елордаға цирк директоры Бақыт Бөкебаев бастап келген.

Цирк директоры Б.Бөке­баев­­тың айтуынша, әртістер осынау ерекше көрсетілімді фан­тастикалық әсерлі лазерлік жар­қыл-жұрқылдармен, кәсіби сах­налық жарық пен дыбыстардың сүйе­мелдеуімен, LED экрандағы трансформациялық бейнелермен сахналамақ.

Бағдарлама үшін цирк жанры бойынша арнайы сценарий жазылып, жаңа таңғажайып нөмірлер мен бас айналдырарлық трюктер қойылады деп күтілуде. Екі жүзден астам дизайнерлік костюмдер тігіліп, ерекше реквизиттер мен сахналық технологиялар қолданылған.

Жалпы, Қазақ мемлекеттік циркінің бұл «Скифия» бағдар­ламасын қоюдағы басты мақсат – кәсіби отандық цирк өнерін баршаға насихаттай отырып, Ұлы Даланың дәстүрлі мәдениетінің сарқытын, сайыпқыран баба­ларымыздың бекзат өнерін ұлт санасында қайта жаңғырту. Қазақ өнерінің қара шаңырағы танымымыздағы тарихты қайта түлету арқылы қызғалдақ қыздар­дың өрнекті өнерін, жүрек жұт­қан жігіттердің отты жігерін шың­дап, күллі әлемге Қазақстан мәдениетінің асыл жауһарларын, кемел құдіретін көрсетпек.

Бұл күнге дейін ұлт мәде­ниетінің сәулетті ордасы бағын­дырған биіктер аз емес. Айта­лық, «Жұптық эквилибр» Тал­ғат Оңалбаев пен Индира Тұт­қабекова VI халықаралық «Ша­быт» шығармашыл жастар фес­тивалінің алтын жүлдегерлері болса, «Үйретілген иттердің» иесі Тимур Қоржұмбаев Учао және Ухань қаласында өткен халық­аралық цирк фестивалінің қола жүлдегері атанған.

Толық екі сағаттық қойы­лым барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғо­жинов­тың жетекшілігімен «Но­мад» – салт атты-акробаттық тобы, басқа да «Үйретілген иттер», «Үйретілген аюлар» сынды бірнеше топ өнер көрсетпек. Сон­дай-ақ ертегілік қойылымда Мак­сим Новиковтың «Лазерлік шоуы» мен «Азия» биші-акро­баттық тобының жұмысы да астаналықтарға айрықша әсер сыйламақ.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»