9 наурыз бен 1 сәуір аралығында қойылатын цирк спектаклі «Ер Төстік» ертегісінің желісіне негізделген. Ежелгі қазақ ертегісі бойынша өрбитін 11 оқиға ілкі дәуірлердегі этникалық мәдениет пен бүгінгі заманауи уақыт айшықтарын үйлестірген. Ондағы қойылымға арнайы музыка жазылып, еліміздің маңдайалды композиторларының шығармалары қолданылған. Ұлттық нақыштағы қойылымды астаналықтардың назарына 60 өнерпаз алып шықпақ. Жарты ғасырға жуық бай тарихы бар өнер ұжымын елордаға цирк директоры Бақыт Бөкебаев бастап келген.
Цирк директоры Б.Бөкебаевтың айтуынша, әртістер осынау ерекше көрсетілімді фантастикалық әсерлі лазерлік жарқыл-жұрқылдармен, кәсіби сахналық жарық пен дыбыстардың сүйемелдеуімен, LED экрандағы трансформациялық бейнелермен сахналамақ.
Бағдарлама үшін цирк жанры бойынша арнайы сценарий жазылып, жаңа таңғажайып нөмірлер мен бас айналдырарлық трюктер қойылады деп күтілуде. Екі жүзден астам дизайнерлік костюмдер тігіліп, ерекше реквизиттер мен сахналық технологиялар қолданылған.
Жалпы, Қазақ мемлекеттік циркінің бұл «Скифия» бағдарламасын қоюдағы басты мақсат – кәсіби отандық цирк өнерін баршаға насихаттай отырып, Ұлы Даланың дәстүрлі мәдениетінің сарқытын, сайыпқыран бабаларымыздың бекзат өнерін ұлт санасында қайта жаңғырту. Қазақ өнерінің қара шаңырағы танымымыздағы тарихты қайта түлету арқылы қызғалдақ қыздардың өрнекті өнерін, жүрек жұтқан жігіттердің отты жігерін шыңдап, күллі әлемге Қазақстан мәдениетінің асыл жауһарларын, кемел құдіретін көрсетпек.
Бұл күнге дейін ұлт мәдениетінің сәулетті ордасы бағындырған биіктер аз емес. Айталық, «Жұптық эквилибр» Талғат Оңалбаев пен Индира Тұтқабекова VI халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің алтын жүлдегерлері болса, «Үйретілген иттердің» иесі Тимур Қоржұмбаев Учао және Ухань қаласында өткен халықаралық цирк фестивалінің қола жүлдегері атанған.
Толық екі сағаттық қойылым барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожиновтың жетекшілігімен «Номад» – салт атты-акробаттық тобы, басқа да «Үйретілген иттер», «Үйретілген аюлар» сынды бірнеше топ өнер көрсетпек. Сондай-ақ ертегілік қойылымда Максим Новиковтың «Лазерлік шоуы» мен «Азия» биші-акробаттық тобының жұмысы да астаналықтарға айрықша әсер сыйламақ.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»