Адамның иммунитеті кез келген ауруға қарсы тұрып, оны жеңуге қабілетті. Ал иммунитеттің өзін жоятын сырқат адамзат үшін ең қауіпті дерт болып саналады. АИТВ (ВИЧ) – дәл сондай қауіпті вирус. Ол асқына келе иммун тапшылығы синдромына әкеліп (ЖИТС/СПИД), оның соңы өліммен аяқталады.
«Ғасыр дерті» атанған бұл вирус адамзатқа қайдан келді? Кейбір зерттеушілер сырқат маймылдан таралды десе, енді біреулер бұл қолдан жасалған биологиялық қару деген пікірді алға тартады. АИТВ жұқпасына қарсы дауаның әлі күнге дейін табылмай отырғаны оның шынымен де адамның қолынан жасалған қару деген күмәнді қоюлата түседі. Олай дейтініміз, әлемде талай аурудың шипасын айна-қатесіз тапқан небір ғалым-дәрігерлер бар. Өз саласының мықтылары саналатын олар әлі күнге дейін «ВИЧ-ке» қарсы дәрі таба алмауы ақылға қоныңқырамайды. Соған қарағанда бұл да бір дәрі-дәрмекті сатудан пайда табатын бизнестің бір көлеңкелі тұсы емес пе деген күдік туындайды. Ғаламтордағы кейбір мәліметтерде бұл жұқпа биологиялық қаруды тапсырыспен жасайтын орталықтардың ісі екені, ол алдымен нашақорларға жасырын салынғаны туралы айтылады...
Не десек те, әзірше адамның ағзасын иммун тапшылығына ұшырататын дерттің дауасы табылмай тұр. Қазақстанда АИТВ жұқпасы алғаш рет 1987 жылы тіркелген. 2016 жылы бұл дертті жұқтырғандардың саны еліміз бойынша 2723-ті құраған. Олардың 62,7 пайызы – 30-49 жас аралығындағы азаматтар болса, 1575-і – еркектер, 1148-і – әйелдер. Мамандар соңғы жылдары бұл сырқаттың жыныстық жолмен берілу үлесі артып отырғанын айтады.
Жалпы, АИТВ жұқпасы немесе ЖИТС синдромы туралы талай айтылып, жазылып жүр. Соған қарамастан осы сырқатқа шалдыққандардың қатары жыл санап артып келеді. Басты себебі, көпшілік бұл вирус туралы естігенде, «оның маған қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды да, оған онша мән бермейді екен. Шынтуайтында, жыл сайын көбейіп келе жатқан АИТВ жұқпасынан ешкім де сақтандырылмаған. Сондықтан әр адам өзін және жақын туыстарын, достарын ғасыр індетінен қорғағысы келсе, АИТВ туралы біле жүргені артық болмайды. Одан сақтану жолдары да қарапайым. Саламатты өмір салтын сақтап, бей-берекет жыныстық қатынастан бойды аулақ ұстаған жөн, дейді Астана қаласы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының мамандары. Сон-
дай-ақ біреудің қолданған шприцін, қырынуға арналған заттарын қолданбау керек. Татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде инелердің залалсыздандырылуына да айрықша мән берген абзал. Тіпті тіс емдетуге барғанда да құрал-саймандардың тазалығын қадағалаған жөн.
Жақында АИТВ жұқпасының бизнеске әсері туралы арнайы жиын өткізген Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы вирусты жұқтырған адамдар елімізде тегін емделетінін әрі олардың құқы қай жағынан да шектелмейтінін айтты.
Алайда, «ВИЧ» деген атауды естіген сәтте адамның бойын үрей билейтіні анық. Тіпті бұл өлімнің үкіміндей естіледі. Әрине, бұл дерттің дауасы жоқ. Ол жазылмайды. Бірақ АИТВ жұқпасын жұқтырған алғашқы кезеңде, яғни ауру ЖИТС (СПИД) синдромына жетпей тұрып, оны асқындырмай, тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік бар. Адам өзін-өзі күтсе, иммунитетін қорғай білсе, АИТВ жұқпасымен ұзақ өмір сүруге болады. Орталықтың бас дәрігері Сәбит Әбдірайымовтың айтуынша, ағзадағы вирустың көбеюін бәсеңдететін антиретровирустық препараттарды уақтылы үзбей қабылдаған науқас биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүре алады екен. Олар да білім алып, қызмет атқарып, тіптен ана атанып, сау балаларды дүниеге әкеле алады.
– Соңғы он жыл ішінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өлім-жітімі 2,6 есеге азайды, ал анадан балаға берілу жағдайы 4 есеге төмендеді, АИТВ-ға тестілеумен қамту 2,5 есеге өсті, әрбір алтыншы тұрғын өзінің АИТВ-ахуалы туралы біледі. Жыл сайын Астана қаласы тұрғындарының 30 пайызы АИТВ-ға тестілеуден өтеді. Бұл үрдістер Үкіметтің АИТВ-ның таралуын болдырмау жөніндегі іс-әрекетінің тиімділігін көрсетеді, – дейді С.Әбдірайымов.
Сондай-ақ жиында АИТВ жұқпасы бар адамдарды жұмыстан шығаруға, жұмысқа қабылдаудан бас тартуға және басқа да құқықтарын бұзуға жол берілмейтіні айтылды. Дегенмен де, жазылмайтын дертпен өмір сүру кез келген адамға оңай емес. Сондықтан әркім өз денсаулығына ұқыптылықпен қарап, дұрыс жүріп, саламаттылықпен өмір сүргені абзал.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»