Сонымен қатар танымал тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Наиля Бекмаханова Е.Пугачев көтерлісі жайлы ұзақ жыл зерттеп жазған, 1968 жылы жарық көрген «Участие казахов в Крестьянской войне под предводительством Е.И. Пугачева в 1773-1775 гг» атты монографиясында жоғарыдағы Сапура Мәтенқызы туралы «Легенда о Невидимке» атты бөлім бар. Тарихшы апамыз бұл бөлімді 1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақша тәржімалатқан-ды.
Хош сонымен... үлкен ғалым оқымыстылардың назарын аударып, олардың зерттеу нысанасына ілінген Сапура кім? Жазушы Әнес Сарайдың жазуы бойынша Сапура 17 жасында тұрмысқа шыққан. Бірақ күйеуі 1771 жылғы Еділ қалмақтарының шаңды жорығында қаза тауып, жесір келіншек әмеңгерлік жолмен қайнысы Жанбалтаның етегінен ұстапты.
1775 жылы жоғарыдағы Е.Пугачев бүлігі жанышталған соң, көтерілісшілерге дем берді деген желеумен патша әскері Жайық бойындағы казак-орыстарды, арғы беттегі қалмақтар мен терістіктегі башқұрттарды, ішкі тараптағы мордва, чуваш, черемістермен қатар қазақ рулары – табын, тама, байбақты, жағалбайлы, шекті, кердері т.б. жазалауды қарастырады. Және бұл міндет атақты қолбасшы Суворов басқарған әскерге жүктеледі.
Дәл осы қарсаңда, яғни 1775 жылдың қыркүйек айында Елек, Қобда сағасында отырған қазақ рулары жазалаушыларға қарсылық танытып, атқа қонады. Бұл оқиға тарихта «Көктемір көтерілісі» деген атқа ие. Осы жойқын толқуды басқарған адам – Сапура Мәтенқызы. 1776 жылдың көктемінен бастап өз бетінше әрекетке кірісті. Жасақ саны 10 мыңға жетті.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «Өлке тарихы» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айбек Ертеміров жинастырған дерекке үңілсек, Көктемір – Сапура жасағы көбінде патша әскері орын тепкен қамал-бекіністерге партизандық тәсілмен шабуыл жасап отырған екен. Атап айтқанда, табын Қалыбай, тама Қадыр бастаған қазақ сарбаздары Красногорский, Чернореченский, Верхнеуральский, Орск, Ильин, Гурьев қамал-бекіністерін шауып, қалмақ редуті мен Жайықтағы Кирсанов хуторын талқандаған. Яғни көтерілісшілер Суворов басқарған жазалаушыларды талай рет сан соқтырған. Бұл оқиға жайлы Суворовтың 1775 жылы 22 маусымда генерал П.И. Панинге жазған хаты бар («Қазақстан әйелдері» журналы, № 2, 1997).
Сөйтіп тып-тыныш жатқан қазақтың кенет дүрлігуі патша ағзамның ұйқысын бұзып, ол Орынбор губернаторы Рейнедорпқа мәселені тез арада жөнге келтір деген тапсырма жүктейді. Губернатор болса әуелі көтерілістің қалай пайда болғанын білу үшін жасауыл татарлар Ғұбайдулла Адгамов пен Рақымқұл Ибраевты қазақтардың ішіне жансыз етіп жұмсайды (Табыл Құлыяс, «Қағаз қайық», Астана. Фолиант, 2015. – 141).
Тыңшылар сол кездегі кіші орда билеушісі Нұралы ханның көмегімен көтерілісті «Көрінбес – Көктемір» деген атпен басқарып отырған 22 жастағы келіншек Сапура Мәтенқызы екенін анықтайды. Жансыздардың губернаторға жолдаған баянхатында, жоғарыдағы әулиенің Сапурадан басқа ешкімнің көзіне көрінбейтіні, адамша сөйлейтіні, қайда екені белгісіз, екі-үш тәулікке дейін жоғалып кететіндігі, ауылға оралғанда сиырша өкіретіндігі жайлы айтылған екен.
Осындағы «Көрінбес – Көктемір» аңызы жайлы шынайы пайым жасаған адам Әбіш Кекілбаев: «Отарлаушыларға қарсы елді көтеру арманы Сапура келіншекті тарихта баламасы жоқ, ең қиын да қатерлі авантюраға бас тігуге мәжбүр етті. Өйтіп, ол өз пірі Көк бұқа – «Көктемір» атынан әрекет етуге бел буғызды» депті.
Көктемір көтерілісін халық қолдағанымен, хан-сұлтандар жақтыра қоймаған сыңайлы. Нұралы хан губернатордан әскер шығарып, бүлікші ауылдарды жазалауды қайта-қайта сұрап (Орынбор обл. мұрағаты, 3-қор, 1-т., 152-іс, 318-321 пп.), өз тарапынан атақты старшын Сырым Датұлы мен өзінің ұлы Есім сұлтанды көтерілісшілерге жіберіп, бекерге қан төккеннен нәтиже шықпайтынын ескертіп, жоспарынан бас тартуға шақырды.
1776 жылдың аяғында көтеріліс сап тыйылған. Оған себеп, Көктемір – Сапураның мезгілсіз қайтыс болуы дейді зерттеушілер. Осылай халқының азаттығы үшін өзінің төменетек әйел екенін авантюралық түрде жасырып, жалған әулие атынан ел басқаруға мәжбүр болған батыр апамыз тарихтан өтіпті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»