Фото: Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ
Әлі есімде...
Қыстыгүні таң бозынан оянып, босағада тұрған етігін аяғына тартқылап киетін де, есік алдындағы сіресіп жатқан қарды сықыр-сықыр басып қораға қарай беттеуші еді. Ол жақтан қара сиырдың «мө-ө» деп әндете созған даусы естілетін. Жас қидың иісі танауыңды қытықтайтын жылы қораның бір түкпірінен тықырлап бұзау да ояна бастайды.
Жеңешем малға шөп суырып әкеп салады. Сол сәтте таңсәрідегі сақылдаған сары аязды қақ жарып ыстық жаздағы даланың иісі бұрқырайды. Жеңешемнің суық сорған жүзіне қан жүгіріп, аздап күлімсірейді.
Кеше кешкілік қара сиырдың алдына қойған шелектегі судың жартысы мұз боп қатып қалған екен, оны былай алып, ашық жерге шығарып қояды. Әлтаман күннің көзі жылт еткенде беті жіпсіп, ери бастайды дегені ғой. Иә, сол кезде әлгі шелекті жерге дүңк еткізіп бір соғып алсаң, дөңгеленіп бір табақ мұз түседі.
Қара сиыр алдындағы шөпті тілімен іліп алып, күрт-күрт шайнайды. Осы сәтте қораның екінші бөлігіндегі он шақты қой да бірдеңенің иісін сезіп маңырайды. Жеңешем сиырды сауып алып, бұзауды босатқан соң, енді қойларға шөп суыруға кіріседі.
Шіркін, жадыраған жаздың иісі тағы да келеді мұрнына...
Біз үйде тоғыз баламыз. Үш ұл, алты қыз. Бірақ жеңешемнің иығына түскен ауыр жүкті біржола жеңілдету ешқайсымыздың да қолымыздан келмеді. Неге?.. Осы сауал күні бүгінге дейін жанымызды жегідей жейді. Жауап таппай қиналамыз...
Бір күні таңертеңгілік жеңешеммен бірген оянып, мал жайғасуға шықсақ, ертеңіне сілеміз қатып ұйқтап қалушы ек...
Бізге оның жаны ашитын. Ерте оятуға қимай, тағы да сол жалғыз өзі тырп-тырп басып, қораға қарай кетіп бара жататын.
Бала күнімізде біз көкемнің жүзін сирек көретінбіз. Өйткені ол таңның атысы, күннің батысы демей, үнемі сапқоздың жұмысында болатын.
«Көкең екеуміз алғаш қосылған жылы есігіміздің алдында қой тұрмақ, бір түйір тауығымыз да жоқ еді, дейтін жеңешем кей күндері қорадан келіп, беліне ораған бөкебайын шешіп, пешке арқасын сүйеп отырған шақта. –Құдай-ау, сонда ештеңені ойламайды екенбіз ғой. Бар болса ішіп-жеп, жоқ болса біреу әкеп аузымызға салатындай беймарал жүре беретінбіз. Бір жылдан соң дүниеге сен келдің. Әжең алдына алып, ертелі-кеш уілдеп тербетіп отырушы еді. Саған беретін сүтіміз де жоқ. Қолыма екі литрлік қалайы бидонды алып, Қозы ағайдың үйіне сүт сұрап барам... Сөйтіп жүріп емшектен де шығардық-ау, әйтеуір. Араға бір жыл салып Дина келді дүниеге.
Енді шындап ойлана бастадық.
Бір үйге бір сиыр керек екен-ау дедік. Көкең екеуміздің алатын арзымайтын ғана айлығымыз бар. Әйткенмен, қиял – көкте, ал өзіміз – жердеміз.
Қарызданып-қауғаланып жүріп бір сиырға қол жеткіздік-ау ақыры. Күз аяқталып қалған мезгіл. Сиырды үйге жетектеп әкеп, есік алдына байлап қойған соң, ертеңіне таңертеңгісін жұмысқа барайық деп сыртқа шықсақ, жер-дүниенің бәрі аппақ. Түнімен себелеп тізеден келетін қар жауыпты. Есік алдында үстін қар көміп, мөлиіп тұрған сиыр бізге қарап: «Мө-ө!» дейді. Сөйтсе-е-ек, ол жазғанға шөп керек, жылы қора керек екен ғой... Әне, сөйтіп басталған тіршілік еді бұл!»
«Иә, солай» дегендей, жеңешемнің жанындағы ақ самаурын ақырын ғана ызыңдап қояды.
«Екі жылдан соң Бәтайды тудым, дейді жеңешем бір-екі пиалай шайдан кейін шекесі жіпсіп, ақ сары жүзі балбырай түсіп. –Осы қуаныштың үстіне алыстан, Сырдария жақтан Бөртекеңдер келді. Бәтайдың есімін сол кісі қойды. Қазынаның аядай екі бөлмесіне сыймай, қонақтардың бір-екеуін көршілердің үйіне қондырдық!
Олар Гүлістанға қайтып кеткен соң: «Әй, бұл болмас!..» дедік басымызды шайқап.
Жаз шыға үй салуға әрекет жасадық. Ол үшін біраз тағы да қаржы керек болды. Әжеңнің ақылымен базардан арық-тұрық мал алып, бордақылап, семіртіп сатуды сол кезде үйрендік. Әне, содан бері жалғасып келе жатқан бейнет қой бұл. Құдайға шүкір, міне, қазір зейнетін көріп отырмыз...»
Қайсыбір жылдары көкем аудан көлеміндегі ірі қызметтердің бірінің тізгінін ұстады. Бірақ, сонда да біздің жеңешем сол баяғы үй мен қораның арасын жол қылып, күнделікті қыбыр-қыбыр тірлігін жалғастыра берді.
Ал біз болсақ, оқу іздеп, арман қуып; біріміз ғалым, біріміз жазушы, біріміз өнерпаз боламыз деп, туған үйден алыстап кете бардық.
Сондағы жеткен биігіміз қайсы?! Білмеймін...
Жылдар жылжып өте берді. Баяғы жүйе, баяғы заман өзгерді. Қыздар қияға, ұлдар ұяға қонды. Әйтсе де, әрқайсымыз өз арбамызды өзіміз сүйреткенімізге мәз болып жүре берген секілдіміз...
Ал жеңешемнің арқасында гүлденген қорамыз бен бау-бақшамыз шын мәнінде біздің әулетіміздің нәрі, қауаты, өзегі екенін кейін, өзіміз әке-шеше болғанда барып бір-ақ түсіндік.
Өз өмірінің қызық та қымбат жылдарын өкімет пен партияның тапсырмаларын орындауға жұмсаған көкем де қазір: «Партиядан пайда көргем жоқ, Тұрсынның осы жекеменшігі болмаса...» деп риясыз мойындап, басын шұлғып отырады.
Бірақ ол өз еңбегін ешқашан, ешқайсымызға бұлдап, міндетсініп көрген емес. Баяғыда-а Алматыдан үй алып, мәре-сәре боп қуанышқа кенеліп жатқанымда ауылдан бір қойдың етін алып, асығып жеткен жеңешем:
«Апыр-ай, есігінің алдында қорасы жоқ үйде қайтіп күн көресіңдер?! Өзім көмектесіп тұрмасам болмас...» деп қатты уайымдады.
Қайран, жеңешем! Сіз көрген азап, сіз көрген бейнет аз ба еді?!.
Сол жолы үш күннен артық қалада жата алмадыңыз. Қорасы жоқ үйде екі қолыңыз алдыңызға сыймай, ауылдағы малдың иесіз қалғанын айтып, Алматыны аралатайық, Медеуге шығайық дегенімізге қарамай, қайтып кеттіңіз...
Нұрғали ОРАЗ
АЛМАТЫ