Театр • 08 Наурыз, 2018

Тағылымы терең қойылым

640 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тағылымы терең қойылым

Ақынға жар болудың бағы мен соры егіз. Жары үшін жанын шүберекке түйіп, тағдыр тауқыметін қасқая қарсы алу болмысы нәзік әйелге оңай ма? Жазықсыз жазаға кесілген азаматын 11 рет итжеккенге іздеп бару үшін қандай қайрат керек? Тіпті жандайшаптардан қашып, екі күн бойы ен орманда теректің тасасына тығылып қозғалмастан тұрған сәтінде де ол өміріне лағнет айтпаған шығар? Бар қиындықтан құтқарармын деп ойлаған азаматының сөзіне қарамастан жанын садаға қылғысы келген әйелді қалай құрметтемеуге болады? «Қайран біздің аналар арды ойлаған» дейсің. «Махаббат деген жай желөкпе сезім емес, қуаты тасты үгітіп, теңізді шайқайтын құдіретті күш екен ғой» дейсің. «Өмір сүру деген жан бағу мен мал табудың соңында сандалып жүру емес, мәңгілік мұратыңды тәрк етпеу екен ғой» дейсің. Кішкене сынақтан ғаламдық мәселе жасап алатын өзіңнің осалдығыңа күлкің келеді. Қаламгердің миссия­сы осы болса керек, жазу және жазғанына сендіру.

Махамбет атындағы акаде­миялық қазақ драма театры сах­налаған Жұмагүл Солтие­ва­ның «Әйел тағдыры» мис­тикалық драмасынан осындай ойлардың жетегінде шықтық. Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың (актер Нұрбек Съезхан) жары Зылиханың (актриса Ғазиза Бисенова) өмі­рін көрсету арқылы сол кез­дегі қа­зақ­тың маңдайалды азамат­тарының зайыптары бастарынан кешкен жайттарға қанық болған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын.

– Арманда кеткен арыста­рымыздың артында қалған жар­ларының тағдыры жайлы бұл шығарманың әр қазақ әйеліне қатысы бар деп ойлаймын, – дейді премьераға арнайы келген жазушы-драматург Жұмагүл Солтиева. – Отбасын, бала-ша­ға­сын, ерін жанындай жақсы көріп, бар өмірін соған арнайтын адал, сабырлы қазақ әйеліндей әйел жоқ. Зылиха бетінің қызылы барында басқа бі­реуге тұрмысқа шығып алуы­на да болар ма еді? Бірақ ерін құр­меттеді, бұл – қазақ әйелінің қа­сиеті. Атыраулық әртістердің өнер­леріне тәнтімін. Әсіресе ре­жис­серлік шешімге риза болдым.

Қойылымның режиссері – талантты жас Жанат Телтаев. Әр жұмысына асқан ыж­дағат­тылықпен, жауапкер­шілік­пен кірісетін, көрермен жүрегінен жол табуға бар жанын салатын ре­жиссердің қолтаңбасы өзгелерден ерек. Қоюшы-суретші Темірбек Мұх­таровтың қолынан шыққан декорация да сахнаның сәнін келтірді. Төрт қабырға мен еденге дейін төселген айна мис­тикалық драманың мәнін ашты.

Спектакль бейуақта ұйқы­сынан оянған Зылиханың жан арпалысынан басталады. Түн ішінде төсегінде отырған басқа аруды (Әйгерім Қабдешева) бастапқыда танымай да қалды. Ол – өзі ме, әлде ішкі мені ме? Уақыт керуенін кейінге ше­геріп, бір кездердегі өзіңмен өзің тілдескенде қандай әсерде болар едің? Адамзатқа сондай мүмкіндік берілсе, не өзгерер еді? Мүмкін бәрі, мүмкін еш­теңе...

Сеніп жүрген көршісі сатып жібергенде, Зылиха мен Мағжанның күллі адамға деген сенімі де күйреп кетті ме, кім бі­леді? Жанашырлық танытып, алдағы қауіпті ескерте келген тер­геушінің (Бекет Зинуллин) сөзін сөз деп есептемеді. Ақыры ұлт­­тың ұлы ақыны ұсталып кете бар­­ды. Тек оның ақ адал жары ғана қол­­жаз­баларын бі­ресе жастыққа, бі­ресе төсекке, біресе ауладағы қуыс­қа тығып жүріп жинады, бүгінге жет­кізді. Өмірінің соңына дейін әде­­би мұрасының шырақшысы бол­ды. Мұндай қайсарлық қазақ әйе­­лінің ғана қолынан келсе керек-ті!

Спектакльді тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Нұр­сәуле Сайлауова, қоғам қай­раткері Оразкүл Асанғазы жы­лы лебіздерін білдірді. Бұл мис­тикалық драманы алғаш рет рес­публикалық корей театры сахналап, халықаралық фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алған. Атыраулық әртістер де осал емес, шеберліктері премьерадан-ақ көрінді. «Әйел тағдыры» театрға келген әлі талай көрерменнің жанына азық болып қана қоймай, ойландырары анық. Ал ой бар жерде, өре бар.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ