Қазақстан • 12 Наурыз, 2018

Есағаңның «Қас қағым сәті»

976 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскемендегі Өнер музейінде былтыр, 60-тан асқан шағында кенеттен өмірден озған белгілі фотограф Есімхан Орынбаевтың «Қас қағым сәт» атты фотокөрмесі ашылды.

Есағаңның «Қас қағым сәті»

Өнер музейі мен «Шығыс Ақпарат» медиахолдингі бірлесе ұйымдастырған көрмеге саналы ғұмырын облыстық «Дидар» газетіне арнаған фототілшінің 60-тан астам суреті қойылыпты. Шығыстың шырайлы табиғаты, көркем көлдері, тәкаппар таулары, шың басында асыр салған бұғы-маралдары, аңқылдаған адамдары... Әйгілі Мұстафа Өзтүріктің Өскеменге келген сәті, Алтайдың кербұғысы атанған атақты жазушы Оралхан Бөкей, қара сөздің хас шебері Қалихан Ысқақ, қаһарман Қасым Қайсенов, абыз ақсақал Бошай Кітапбаев, «Достарымдай» туындыны сыйлаған сазгер Орал­хан Көшеров... Шығыс өңіріндегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Дидар» газетінде 60, 70, 80-жылдары қызмет еткен Тұр­ғазы Нұ­қай, Мүсілім Құмарбеков, Серік Ғаб­ду­ллин, Кеңес Юсупов сынды қаламгерлер бейнесі... Осының бәрі көрме төрінен орын алыпты.

Фотокөрмеге келген жұрт дос-жарандары, әріптестері мен замандастары Есағаң деп еркелеткен арда азаматтың қолтаңбасы қалған ақ-қара, түрлі-түсті суреттерді қы­зыға тамашалады. Көрменің тұ­сау­кесерінде облыстық «Дидар» га­зе­тінде 20 жылдан астам бас редактор болған Жұмәділ Әділбаев, фототілшінің әріптесі Ғылымбек Сәбитов, «Шығыс Ақпарат» ЖШС директоры Ирина Якунина сөз алып, Е.Орынбаевтың өз ісінің шебері ғана емес, отбасына қам­қор, жолдастарына адал азамат болғанын тебірене еске алды.

«Есағаңмен 30 жылға жуық бірге жұмыс істедім. 90-жылдардың ортасына таман техника дамып, фотоаппараттың жаңа түрлері шыға бастағаны белгілі. Фототілшілер, әсіресе өзге ұлт өкілдері сандық фо­тоаппаратпен жұмыс істей бастады. Біздің Есімхан ескі әдіспен пленкаға түсіріп, қағазға шығарып жүрді. Ол қағазы бір күні сарғайып, бір күні ағарып кетеді. Кей күндері «неше күн жүріп түсірген суретің мынау ма?» деп ренжісіп қалған кез­деріміз де болды. Сонда Есағаңның: «Жұрт қатарлы фо­то­ап­парат алып бере алмаған редакцияларың құ­рысын» дегені бар. Сол сөзі қамшы болды да, Алматыдағы та­ныстарға айтып 4 мың доллар тұратын сандық фотоаппарат алдырып бердік. Ол кезде бір «Ниваңыз» 3 мың доллар тұратын. Одан кейін бір жарым жылдан кейін «ескірді» деген соң тағы бір сандық фотоаппарат әпердік. Мына көрмедегі суреттердің көбі сол фотоаппаратпен түсірілген болатын», – деді Жұмәділ Әділбаев.

Жер жәннаты Жетісу өңірінде дү­ниеге келіп, төр Алтайда мәң­гілік тыныс тапқан фототілшіні еске алу мақ­сатында түсірілген шағын фильм де бұл күні жиналған жұрт­шылықтың назарына ұсынылды. Фильмде Есағаңның әріптестері – жазушы Жұмағазы Игісін, облыстық «Ди­дар» газетінің бас ре­дак­торы Уә­лихан Тоқ­патаев, ардагер фото­тілші Сергей Суров өз есте­ліктерін айтыпты. «Ол қол басындай фотоаппаратымен қызықты, жақ­сы дүниелерді қалт жібермей, түсі­ріп алып, оған философиялық әр беріп, түрлендіріп, соны ха­лықтың назарына ұсынды. Есағаң соңына мол мұра қалдырды. Бү­гінгі көрме қас қағым сәтте атқарған қыруар жұмыстарының бір көрінісі» деп пікірін білдіріпті Ж.Игісін.

Тағылымды шараның ұйым­дастырылуына ұйытқы болған белгілі журналист, қаламгер Айт­мұхамбет Қасымов тұсаукесер со­ңында көрменің өтуіне көмек қолын созған «KazLider» хол­дингінің бас директоры Марат Мұза­паров пен «КМ компаниялар тобының» президенті Қай­рат Мусинге алғысын айтып, Есағаң­ның өмірлік серігі Оралды мен балаларын сахнаға шақырып, марқұмның портреті мен фото-альбомын сыйға тартты. Өнер музейіндегі бұл фотокөрме бір ай бойы жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген автор