Соның бірі – біз көтеріп отырған мал қорымдарының нашар жағдайы. Бұл мемлекеттік міндеттің ойдағыдай шешілуіне кедергі келтіріп отырған проб-
лема. Осы мәселеге мемлекеттік органдар тарапынан да тиісті бақылау жасалмай отыр. Соның салдарынан соңғы жылдары елдің әртүрлі өңірінде малдың жаппай қырылуы жиі байқалуда. Қазір Ақтөбе облысында бруцеллез ауруы және Маңғыстау облысында үй жануарларының құтыруы салдарынан карантин жарияланған.
Жергілікті атқару органдарының мәліметтері бойынша республикада шамамен 3 мыңнан астам өлген малдың қорымы бар. Оның 2 мыңнан астамы – примитивті биотермиялық шұңқырлар. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 787 млн теңге бөлініп, оған 227 мал қорымын салу жоспарланған. Әйтсе де, Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, мал қорымының 70 пайызынан астамы талаптарға сәйкес келмейді. Көпшілік мал қорымдарында қоршаулар мен белгілер жоқ. Сондықтан мал қорымдарын ұстау жөніндегі талаптардың орындалмауы адамдар мен жануарларға қауіпті инфекциялардың таралуына жол ашуы ықтимал.
Бұл жерде, ең қауіптісі – Сібір күйдіргісі болып отыр. Оның қоздырушысы сыртқы ортаның әсеріне аса төзімді. Ол қауіптіліктің екінші сыныбына жатады және топырақта жүз жылдан астам уақыт сақталуы мүмкін.
Сондықтан Сібір күйдіргісін көмуге уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жіті назар аударылуға тиіс. Ветеринарлық қадағалауға және мал қорымдарын қорғауды күшейтуге де баса мән беру қажет.
«Нұр Отан» партиясы фракциясы осы мәселені бірнеше рет көтергенімен, Үкімет тарапынан ол әлі де шешілмей, нақты шаралар қабылданбай отыр.
Осы айтылғандарды көрсетіп біз Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына төмендегі ұсыныстармен депутаттық сауал жолдадық:
1) өлген малдардың қорымдарын заң талаптарына сәйкес реттеу;
2) апатты және иесіз қалған мал қорымдарын анықтау және оларды тиісінше қорғауды қамтамасыз ету; мал қорымдарының орындары белгіленген арнайы карталар әзірлеу;
3) жануарлардың шикізаты мен өнімдерінің сапасына ветеринарлық-санитар-
лық бақылауды қатаңдату;
4) жекелеген өңірлерде мал қорымдарын өлексені өртейтін мобильді пеш-инсинераторлармен ауыстыру;
5) белгісіз және есепке алынбаған мал қорымдарын анықтау мақсатында қашықтықтан зондтауды қолдану жөнінде шаралар қабылдау;
Осы мәселелердің шешім табуы мал ғана емес, адам ауруларының алдын алуға да тікелей қатысты. Сондықтан оған барынша мұқият қараған жөн.
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
Мәжіліс депутаты