– Бақтыгүл ханым, қазақ әдебиетін басқа елге таныстыру шарасы қалай жүзеге асып жатыр?
– Қазақ қаламгерлерін әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында әрі әдеби агент ретінде былтыр қазан айында алғашқы қадамды британдық әріптестер тәжірибесіне сүйене отырып, Шекспир еліне сапар шегуден бастадық. Қазақстандағы бірінші «Bestsellerkz» әдеби агенттігінің ұсынуымен, Еуразиялық шығармашылық гильдиясы кітаптары сериясы бойынша Еуропа қазақтарына шашу ретінде апарған 5 автордың төл туындысы «Hertforshire Press» баспасынан жарық көрді. Сөйтіп Шекспирдің отанында осы дүниелердің таныстырылымын өткіздік. Атап айтсақ, қазақтың біртуар ақиық ақыны Темірхан Медетбектің «Көк Түрік – Көк Бөрі» туындысы – 70-жылдардағы Қадыр Мырза Әлі ағамыздың аудармасынан кейінгі елді елең еткізген тұщымды дүниелердің бірі. Белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Тағдыр» туындысындағы «Жұмыртқаның сары уызы» атты әңгімесі мүгедек қыздың өмірге құлшынысын қамтыса, «Аптаның ақырғы күндері» әңгімесі жетім баланың жанына үңілуімен ойға жетелейді, ал «Түн ортасындағы тосын әуен» саз өнері қонған, ерекше дарын иесінің қоғам қайшылықтарына қарсылығын әдемі жеткізеді. Сыршыл ақын Нәзікен Алпамысқызының «Қияжол ғұмыр» жыр жинағына енген өлеңдерімен оқырманды қуанттық. Жазушы Сәуле Досжанның «Сағыныш» туындысы жырақта өмір сүруге мәжбүр болған қандастың жан күйзелісін «Қашқынның зары» әңгімесі арқылы жеткізсе, «Ақбұлақтың адасқағы» хикаяты тағдыр тәлкегіне түсіп адасқан, өкініште ғұмыр кешкен ғашықтарды табыстырады.
Ақын Гүлзада Ниетқалиева «Жүректегі иман гүлі» туындысында «Аллажар» поэмасы арқылы Алланың көркем 99 есімін жырға қосып, Домалақ анаға арнауын және даңқты Клеопатраны жырға қосқан өлең жолдарын оқырманға сыйлады.
– Лондонда жаңа кітаптардың таныстырылымы қалай өткізіледі екен?
– Мұнда жарық көрген бірде-бір тың туынды көпшілік назарынан тыс қалмайды. Өйткені оқылым өте жоғары. Соған қарап, Шекспир елі жұртшылығына сүйсінесіз. Демек, насихат жұмыстары дұрыс жолға қойылған деуге толық негіз бар... Құрамында Қуаныш Жиенбай, Нәзікен Алпамысқызы, Гүлзада Ниетқалиева бар, өзім басқарып барған топқа 11 жасар Ардақтым, атыраулық журналист, аудармашы Гүлжан Елешева қосылып, Лондондағы әдебиет күндерін бірге өткіздік. Темірхан Медетбек пен Сәуле Досжанның жаңа кітаптарын жұртшылыққа таныстырдық. Басқа мемлекеттерден келген қаламгерлермен танысып, шығармашылық байланыс орнаттық.
– Агенттік арқылы шығармалары ағылшын тіліне аударылған қаламгерлер көп пе?
– Лондон сапарынан бұрын Қазақстан елшілігіне алдын ала осы жобаға орай өтініш хат жолдадым. Соның нәтижесінде, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов мырзаның қабылдауында болдым. Дипломатпен арадағы диалогымыз қазақ әдебиетінің бүгіні мен ертеңі жайында өрбіді. Қордаланған түйткілдердің оңтайлы шешімдері туралы ортаға ой тасталып, әсіресе оның ішінде аудармаға қатысты ұсынысымызды жеткіздік. Қазақ тілінен тікелей ағылшыншаға аудару идеясы көтерілді. Және де алдағы уақытта аударылуы қажет шығармалар тізімі көрсетілді. Сапалы аударма тек британдық редакторлардың атсалысуы арқылы жүзеге асатынын ескерсек, дүниежүзілік әдебиет байқауларында көбіне ағылшын тіліндегі шығармалардың үлкен мәнге ие екендігін аңғару қиын емес.
– Қазақ қаламгерлерінің қандай жетістіктерін бөле-жарып айтар едіңіз?
– Ашық Еуразиялық әдебиет байқауының алтыншы жылы, яғни былтыр 38 мемлекеттен қатысқан 4 аталым бойынша 1500 үміткер арасында мен ұсынған 16 шығармашылық иесінен 10 автор shortlist тізіміне еніп, финалға көтеріліп, лауреат атанды. Байқаудың жүлдегерлерін анықтау қарашаның 17-20 аралығында Стокгольмде өтті.
«Проза» аталымы бойынша Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Періштелердің өлімі» романы, Қуандық Түменбайдың «Періште», «Құлыпашар», «Мұнар күн», «Алматыда болған аңыз», «Мылқау етікші» әңгімелері мен Әлібек Асқаровтың «Однажды осенью, далеко в горах» романы, сондай-ақ Сәуле Досжанның «Өгей жүрек» романы, балалар әдебиетінен Кеңес Дүйсеннің «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың бастан кешкен таңғажайып оқиғалары» хикаяты, «Поэзия» аталымы бойынша Серік Ақсұңқарұлының «Абылнама» поэмасы, Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы мен Нәзікен Алпамысқызының «Күн астындағы мұзбалақ», «Күрең шетен» және т.б. жырлары еленіп, лауреат атанды.
– Бұл шарада қазіргі әдебиеттің қандай маңызды тұстары әңгіме арқауына айналды?
– Шығарманы түпнұсқадан тікелей аударудың маңызды екендігін британдық редактор-аудармашылар баса айтты. Британдық драматургияға жаңалық қосу қажеттігі туындағанын ескертіп, ойын бөліскен Дэвид Перри мырза Еуразиялық пьесалардың озық қойылымдарын әлемге таныстыру мақсатында театр фестивальдарын бірлесіп өткізуге байланысты өз ұсынысын жеткізді.
– Шетелде әдеби агенттің көмегіне сұраныс көп пе?
– Мұның не екенін әлі де жыға тани алмай жүргендер табылады. Соған қарамастан, уақыт тілі тоқтап қалмайды. Алға қарай жылжи беруге тиіссің. Стокгольмде шетелдік қаламгерлер арасынан маған әдеби агент болуымды сұрап, өтініш білдіргендер болды. Олардың алдағы таңдарға көбірек иек артатын оптимистігі айрықша ұнады. Бізге де осындай озық дәстүрлерден үлгі алу керек.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»