Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин екі құрылтай аралығындағы атқарылған іс пен шығармашылық үдеріс, жаһандану дәуіріндегі кітаптың маңызына тоқталып, құрылтай жүмысын өткізуге қолдау білдіріп, қаламгерлердің басқосуына жағдай жасаған Президент Әкімшілігіне, Қазақстан Үкіметіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне алғыс білдірді.
Баяндамада бәрі де айтылды. Одақ – біреу, ал оның мүшелерінің талап-тілегі – көп. Оны мүмкіндігінше әлсіретуге, мәртебесін төмендетуге, абыройын әдейі аласартқысы келген пиғылдар да бар. Екі адамның арасында айтылған, жария-жасырын қоғам ішінде желдей ескен көптеген күңкіл сөздерге төраға өз әлінше жауап беруге тырысты. Одақтың басынан қандай жағдайлар өтті, қалай жан сақтап, қалай күнелтіп келеді? Одақпен бірге өмір сүріп келе жатқан әдеби басылымдарды өз алдына жеке бақан етіп ұстап отырудың қам-қарекеті мен қиыншылығын көпшілік біле бере ме? Кешегі алыптардың табанының ізі, кеудесінен ақтарылып сой-сөзі қалған киелі қарашаңырақтың кешегі қадір-қасиетін сабылып қанша іздесе де, замана өзгерісінен басындағы бөркі амалсыз бір шекесіне ауған Одақтан ендігі жерде оны іздей берудің мәнісі жоғын төраға қамыға тұрып жеткізді. Одақ кешегідей идеологиялық қуатты құрал емес, құқықтық мемлекетке қадам басып бара жатқан мемлекеттегі ондаған, бәлкім жүздеген қоғамдық ұйымның бірі ғана. Бүгінде Одақта 780 қаламгер, аймақтарда 15 бөлімше, 20-ға тарта жанрлық кеңес жұмыс істейді. «Әдебиет тоқырады» деп ауызды қу шөппен сүрткенімен, ырғағы бұзылса да, ол қозғалысын жоғалтқан жоқ. Қаламгерлерге қайырымдылық жасауға талпынып тұратын мәрт меценаттар қатары соңғы жылдары күрт кемісе де, «Алтын тобылғы», «Дарабоз», «Балауса» сияқты ірі әдеби байқауларға демеушілік жасап отырған кәсіпкерлер әлі де талантты қаламгер мен талапты жасқа қолдауын білдіріп келеді. Н.Оразалин әдебиеттің жылжуына жәрдемші болып отырған осындай жомарт азаматтарға, 22 жыл бойы өзіне сенім білдірген, қолдау көрсеткен үлкен-кіші әріптестеріне рахмет айтты.
Төрағадан соң Одақтың қаржылық мәселесіне тексеру жүргізген аудиторлық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Ырым Кенебай баяндама жасап, Одақтағы жалға берілетін кеңселерден, қаламгерлер демалатын Шығармашылық үйінен түсетін табыс, қызметкерлер жалақысы, әдеби басылымдардың шығыны төңірегінде есеп берді.
Сондай-ақ, Құрылтай барысында әдеби секция жетекшілері Н.Ақыш, Ә.Қайырбеков, С.Балғабаев, А.Ашири қысқаша хабарлама жасап, бүгінгі проза, поэзия, драматургия жанрында жазылған жаңа шығармалар мен авторларды атап өтті. Содан соң Сәбит Досанов, Мұрат Әуезов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шаханов, Бибігүл Иманғазина, Смағұл Елубай секілді белгілі қаламгерлер сөз алып, Одақ жұмысына өз бағаларын берді. Жазушылар одағының жусаннан аласа болып «жуасыған» мінезбен өткізген құрылтайын көрген әзірге ешкім жоқ. Қызылкеңірдек айтыс, талас-тартыс, пікір алауыздығы, көзқарас қайшылығынсыз құрылтай өткен емес. Қаламгерлердің бірі «қанағаттанарлық» деп, бірі «тәубе» деп бағалаған бұл құрылтайда да алтыбақан алауыздықтан арылып, бүлдіруге емес, бірігуге, бір-біріне топырақ шашпауға шақырысып жатты. Мінбеге шыққан ақын-жазушының дені өздерін саналы, салиқалы санап отырған халықтың алдында өрескел, жиіркенішті мінезбен емес, іріліктерін сақтап, тұлғалық тұрпатына таңба түсірмей, ауызбіршілік, ынтымақтық танытып, тарқасайық десті. Шығарып салып жатқан төрағаның иығына шапан жауып, қаламдастарының атынан лебіз білдірген Смағұл Елубай өз атынан үш ұсыныс білдірді. Ең бастысы, «Шенеуніктің барлығы мемлекеттік тілде жұмыс істесін» деген Елбасыны қолдауға, «жаңадан жасақталып жатқан «Алматы қаласының киелі мекені» бағдарламасына Жазушылар одағының ғимараты енгізілсін» және «Жазушылар одағының ғимараты мәңгі бақи жазушылардың меншігіне берілсін» деген ұсыныс жасады. Қаламдастары әріптестерінің бұл ұсынысын қуана қол соғумен құптады.
Құрылтайдың екінші бөлімінің модераторлығын қолға алған жазушы Әлібек Асқаров күн тәртібіндегі Одақтың жаңа құрамы мен төрағаны сайлау 151 қаламгер енген тізім бойынша шешілетінін және солардың дауысымен сайланатынын айтты. Көпшіліктің айтуымен бұл тізім 165-ке дейін ұзартылды.
Қаламгер деген – қалың қауым. Құрылтайда бірі ащы айтты, бірі тәтті сөйледі. Бір Одақта бас қосқанымен, Олжас Сүлейменов айтқандай, «әр жазушы, әр ақын – өздері бір-бір Одақ». Оны басқару оңай емес. Халықтың рухани қазынасын жасауға атсалысып келе жатқан интеллектуалдық топты – Одақты басқару, уақыттың биік мінберінен сөз алуы тиіс Қазақстанның ақыны мен жазушысының адамзаттың ақыл-ой бәсекесіне қарымды үлес қосып, қанатты да талантты буынның қалыптасуына қамқор бола алатын, ұлттың көшін алға сүйреуге рухани дем беретін қауымды ұйыстыру шығармашылығы мойындалған, әдеби ортада ғана емес, қоғамда да беделі зор тұлғаға тапсырылуы тиіс екені бәріне белгілі шындық. Осы мүдде биік мінбеден қайта-қайта айтылды. Одақтың жаңа төрағасы болып ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет сайланды. Қаламгерлер жаңа төрағаны лайықты деп танып, құп көріп, қабылдады. Жаңа төрағаның орынбасарлары болып, Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, бекітілді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ