«Қараөткел – Алаштың ортасы»
Таяуда Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві Астананың 20 жылдығына орай «Еуразия құрлығындағы жаңа Астана» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосуға қатысқан тарихшы ғалымдар Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тақырыппен астасып жатқан ұлы арманын еске алысты. «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деген екен өткен ғасырдың басында қайран да қайраткер тұлға.
Шара барысында Қарағанды облысының өзінің жиырмасыншы белесін бағындыруға қадам жасаған Астананың аяғынан қаз тұруына қомақты үлес қосқаны әңгімеге арқау болды. Мысалы, бір ғана «Имсталькон» Қарағанды металл құрастыру зауыты» ЖШС-нің өзі Астанадағы «Спорт сарайының», «Бәйтеректің», Астана әуежайының, жаңа темір жол вокзалының, «Қазақ елі», «Мәңгілік Ел» монументтерінің, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі нысанының және тағы басқа құрылыс орындарының металл құрастырмасын жасап шығарған екен. Бұл жөнінде дөңгелек үстелге қатысушы аталған фирманың бас инженері Ринат Нұрғалиев айтып берді. Астанадағы зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлер іргетастарының табанды берік тіреуіне «КарГИИЗ и К» ЖШС-нің де сіңірген еңбегі зор. Фирма директоры, техника ғылымдарының докторы Виктор Поповтың айтуынша, елордадағы 80-ге жуық ірі ғимараттың геодезиялық жоспарын әзірлеу осы мекеменің еншісіне тиіпті.
Әңгіме барысында осы Попов болмаса, әйгілі «Хан Шатыр», тіпті Министрліктер үйі ғимараты тұтасымен батпаққа батып кетуі әбден мүмкін еді деген де әңгімені естідік. Мысалы, ғалым «Хан Шатыр» салынбақшы жерде Есілдің жерасты сулары өтетінін, ол жерге қада қаққанмен, кейін оның қауқарсыз болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген. Соның арқасында ғажайып ғимараттың әу бастағы орнынан 100 метр алыстап барып бой көтергенін қазір біреу білсе, біреу білмейді де...
«Бәйтерек» тұрған жерде картоп өскен
Әлем тарихында мемлекет астанасын жаңадан тұрғызу мысалдары тым аз. Әрине, бұл жердің бұрын да қала аталғанын жоққа шығармаймыз. Десек те, бұрынғы Целиноград дүниенің кез келген түкпірінде бар шағын ғана еңбекқор қала еді. Қазір соған сенудің өзі қиын. Бүгінде «Бәйтерек» тұрған жерде бір кезде картоп алаңы болған. 1960 жылдардың аяғындағы Целиноградта зәулім ғимараттар былай тұрсын, бес қабатты үйлердің өзі санаулы ғана еді. Қала негізінен жер үйлерден құралды. Жергілікті тұрғындар қой-ешкі, қаз-үйрек ұстады. Байырғы тұрғындардың айтуынша, ол кезде орталық Тың игерушілер даңғылында (қазіргі Республика даңғылы) тұратындардың өзі мал ұстаған екен.
Астанаға географиялық жақындығы мен өңірдің жоғары индустриялық әлеуетінің арқасында қарағандылықтар елорданың құрылысына белсене атсалысты. Президент Н.Ә.Назарбаев жаңа астанаға көшу туралы мәлімдеме жасағаннан кейін көп ұзамай, «Караганда ГИИЗ и К» ЖШС бас қаладан болашақ құрылыс орындарын сайлай бастады. Заманауи техникалар мен жаңа технологияларды пайдалана отырып топырақ қабаттарын зерттеуге кірісті. Астананың Бас жоспары да осы негізде жасалды.
Ол кезде қала құрылысы Есілдің тек оң жағалауында ғана жүргізілді. Ал сол жағалауда саяжайлардан басқа ештеңе болған жоқ. Оның үстіне, саз-батпақ жерлер көп еді. Сондықтан мамандар қаланы алдымен қызыл судан қауіпсіздендіруді ұсынды. Бүгінгі Астанадағы ең бір көрікті жерлердің басым бөлігі қарағандылық мамандардың алдын ала зерттеулері мен ұсыныстарының нәтижесінде дүниеге келген. Атап айтқанда, олар Бейбітшілік пен келісім сарайының, «Астана триумфы» және «Бәйтерек» тұрғын үй кешендерінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылыстары үшін жан-жақты инженерлік зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Қарағандылықтардың қолы тиген құрылыстар
«Қарағандытұрғынүйқұрылыс» тресі Есіл жағалауындағы құрылыс жұмыстарына Астана астана болған алғашқы күндерден бастап-ақ кірісті. Біздің құрылысшыларымыз алдымен болашақ астананың басшылары үшін бұрынғы балабақшаны сегіз пәтерлі үй етіп қайта жаңғыртты. Одан кейін қаланың 9-шы шағын ауданында қызыл кірпіштен заман талабына сай көп қабатты үй тұрғызды. Теміртаулық «Заводстрой» кәсіпорнының құрылысшылары «Мемлекет басшылары» аллеясын жасап, 9-шы шағын ауданда бес қабатты, 20 пәтерлі үй салды. Біздің кәсіпорындарымыз сонымен қатар Қазақстанның символына айналған «Бәйтерек», Мұз сарайы, «Қазақ елі» стеласы, Оқушылар сарайы тәрізді бірегей ғимраттардың құрылыстарына белсене атсалысты. Қарағандылық жобалаушылар жалпы аумағы 200 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын жасады. Бұған қоса қарағандылық 30 құрылыс ұйымы тұтас тұрғын үй кешендерін, ондаған мектептер мен балабақшалар, ауруханалар салды. Және солардың бәрінің де сапасы аса жоғары. Облыстағы құрылыс индустриясының кәсіпорындары тұрғын үйлер мен басқа да нысандар тұрғызу үшін Астанаға мыңдаған тонна цемент, пластмасса және металл құбырлар, санитарлық-техникалық өнімдер, жылу радиаторларын, темір-бетон бұйымдар, басқа да құрылыс материалдарын жеткізіп отырды.
Қарағандылықтар Мемлекет басшысының резинденциясын – еңсесі биік Ақорданы тұрғызуға да мол үлес қосты. Еліміздің түрленуі мен гүлденуіне бастау болған талай игі шешімдер осынау шаңырақтан шығып жатыр. Еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы ұстанымын нығайтып, дамудың жаңа сатысына бастаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы да Ақордада жасалды.
Мерейтойға – толымды тарту
Жерлестеріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қолымен түсірген эскиз бойынша жасаған «Отан-Ана» монументі бұл күнде ел мақтанышына айналған. Ал елорда циркінің алдындағы әсем субұрқақты қарағандылықтар Астананың он жылдық мерейтойына тарту еткен болатын. 60 метрлік, төрт деңгейлі субұрқақтың айналасына цирк өнерінің әр жанрынан екі метрлік он мүсін, ал ортасына эквилибрист баланың алты метрлік мүсіні орнатылған. Бұл кешеннің құрамында, сонымен қатар кіреберіс қақпа, Қазақстан Суретшілер одағы Қарағанды бөлімшесінің көркемөнер-өндіріс комбинатында қоладан құйылған қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері аллеясы, жүзшақты гейзер бар. Жобаның ауқымы да, көркемдік шешімі де көрген жанды еріксіз сүйсіндіреді.
Қарағандылықтардың Астанаға тартулары мұнымен түгесілмейді. Астананың азық-түлік қауіпсіздігі тұжырымдамасының шеңберінде облыс елорданы ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа астанаға білікті мамандар қажет. Мыңдаған қарағандылықтар Астанаға қоныс аударып, барлық салаларда жемісті еңбек етуде. Олар бас қаламызды дамытуға үлес қосып жүр.
Астананың 20 жылдық тойына деген Қарағанды облысының тартуы да толымды болмақ. Кенді өлке құрылысшыларының қолымен елорданың төрінде «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент бой көтермек. Оған қоса сол маңдағы аумақ абаттандырылады. Бұл ауқымды жобаның бар жұмысы 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс деп жоспарланған.
Елбасы еңбек жолы мен саяси қызметін бастаған Қарағанды өңірінің халқы өз мәртебесі мен жауапкершілігін жақсы түсінеді және әрдайым сенімді ақтап, абырой биігінен көрінуге әзір!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ