06 Ақпан, 2010

“АСА БЕДЕЛДІ ТҰЛҒА БОЛА БІЛДІ”

2132 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. “Бәйкен Әшімов шын мәнінде білімді, талантты, талапшыл, адамгершілік қасиеттерге бай, аса беделді тұлға бола білді. Халқымыз оның өнегелі өмірі мен еңбегін ұмытпайды. Бұл кейінгі ұрпаққа жақсы үлгі болуы тиіс” делінген жеделхатта. БӘЙКЕН ӘШІМҰЛЫ ӘШІМОВ 2010 жылғы 5 ақпанда тоқсан үш жасқа қараған шағында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үлкен жүректі азамат, халқымыздың қадірменді қариясы Бәйкен Әшімұлы Әшімов дүниеден озды. Бәйкен Әшімов 1917 жылдың 10 тамызында Ақмола облысы, Рузаев ауданындағы мал баққан жартылай көшпелі қазақ ауылында, орташа ауқаты бар Жақып баласы Әшім деген кісінің отбасында дүниеге келді. Алты айға толар-толмаста кенеттен әкесі қайтыс болып, анасы Сақыптың тәрбиесінде өсті. Ол 1928-1930 жылдардағы ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру кезінде жүргізілген асыра сілтеу зардаптарын көрді, 1932-33 жылдардағы ашаршылықты басынан өткерді. Осы жылдары Қызылжар қаласына барып, теміржолдың фабрика-зауыт училищесіне оқуға түсіп, паровоз жөндейтін слесарь мамандығын алып шықты. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданына қарасты ауылшаруашылық техникумында оқуын одан әрі жалғастырды. 1938 жылдың бас кезінде аудандық комсомол комитетіне қызметке алынып, сол жылдың күзінде міндетті әскери қызметке шақырылды. 1941 жылдың маусым айында әскери міндетін өтеп елге оралды. Б.Ә.Әшімов Отан соғысы басталғанда орта мектепте мұғалімдік қызметте еді. Сөйтіп, ол 1942 жылдың шілдесінде қайтадан әскерге шақырылды. Солтүстік-Батыс, Батыс, І-Белорус майданында соғысқа қатысып, 1944 жылдың қыркүйегінде Варшава үшін шайқаста ауыр жарақат алды. Содан 10 ай бойы емделіп, 1945 жылдың шілдесінде госпитальден шығып, мүгедек ретінде әскерден босап, елге қайтарылды. Соғыстан кейінгі жылдары Б.Ә.Әшімов Ленинград ауыл ша­руашылығы институтын, одан кейін Жоғарғы партия мектебін бітірді. Соғыс ардагерінің еңбек жолы Көкшетау облысының Айыртау ауданынан басталды. Әуелі аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, одан соң атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Біршама уақыт Көкшетау облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып қызмет істеді. Республика экономикасында Қарағанды облысы – еліміздің ірі индустриялық, ғылыми және мәдени орталығы екені белгілі. Мұн­да көмір бассейні, металлургия, химия, мәшине жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, қуатты энергетика және құрылыс базасы, ғы­лым, білім және мәдениет мекемелерінің кең жүйесі шоғырланған. Б.Ә.Әшімов осы облыста 7 жыл бойы басшы қызметтер атқарды. Оның ішінде 5 жыл облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы және 2 жыл облыстық ауылшаруашылық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңірді. 1968-70 жылдары ол Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал 1970 жылы республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметті ол 1984 жылға дейін атқарды. Бәйкен Әшімұлының басшы ретіндегі ұйымдастырушылық таланты осы жылдары барынша жарқырап көрінді. Өнеркәсіпті техникалық қайта жарақтандыру, өндірісті электрлендіру, механикаландыру және автоматтандыру, жаңа технологиялар енгізу белсенді түрде жүргізілді. Көлік, энергетика, химия, жеңіл өнеркәсіп, мәшине құрастыру салалары, жалпы алғанда Қазақ­станның экономикалық әлеуеті жоғары қарқынмен дамыды. Бұл қызметтен кейін Б.Ә.Әшімов республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы – КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланып, 1985 жылы 68 жасында зейнет демалысына шықты. Б.Ә.Әшімов – Социалистік Еңбек Ері, 4 рет Ленин орде­ні­мен, екі рет І-дәрежелі Отан соғысы, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, “Парасат” ордендерімен, сондай-ақ Польша мен Моңғолияның жоғары наградаларымен марапатталған. КОКП Орталық комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің жетінші және тоғызыншы шақырылым­дарының депутаты. Б.Ә.Әшімов өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, еліне сыйлы қазақтың шын мәніндегі зиялысы болды. Өмірлік жары Бақыт Әсетқызы екеуі ұзақ та ұлағатты ғұ­мыр кешті, ұл мен қыз тәрбиелеп, немерелер сүйді. Ал өмірі­нің соңғы жылдарында ұлтымыздың қадірлі ақсақалы ретінде көрген-білгенін жастарға өсиет етіп, ақыл-кеңес беруден еш жалыққан емес. Қазақ елі үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Б.Ә.Әшімовтің өмірден озуына байланысты оның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Бәйкен Әшімұлының жарқын бейнесі барлық қазақстандықтардың жүрегінде халқының адал да асыл азаматы ретінде ұзақ уақыт сақталатын болады. Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасының  Үкіметі АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АБЫЗЫМЫЗ ЕДІ Суық хабардың да суығы болады, қайғының да түнек қайғысы болады дегенді көпті көрген бабаларымыздан есту­ші едік. Сол күн бүгін басы­мызға түсті. Оның үлкен-кішіге, қалың көпшілікке қа­дірі сонша, Бәйкен Әшімұлы дүние салды деп айтуға тіл бұрылмайды, болмысың көн­бей­ді, жаның тулайды да күр­сінеді. Өмірдің көркі мен сәніне, ұлағаты мен ғибратына айналған, көпшіліктің әрі қуа­нышын бөлісетін, әрі жұба­ны­шы сынды, күллі халқымызға ортақ тұлға болатын. Бәкең кеше ғана өмірден өт­кен зайыбы Бақыттың соңы­нан, алпыс төрт жыл бойы қосағы­мен қоса ағара отасқан асыл жардың соңынан жоқтау сала асығып жөнелді. Құдай бер­ген, құт қонған, тәңірдің көзі түскен бір шаңырақ болса осындай болсын. Бұдан екі жұма бұрын Бақыт жеңгейдің қаралы асы үстінде: “Бәйкен Әшімұлының отбасы – бұл хор құсы қонған шаңырақ, екі жақсы қосылған шаңырақ, екі жақсы қосылып, бірін-бірі қия ал­мастай болған қасиетті шаңырақ”, деп жақсылық тілеп едім. Күндерден күндер өткенде жақсының орны қалар. Бәй­кен Әшімұлының өмірі де, орны да бейне бір рухани қа­зына-байлықтай, бүгінгілерге де, кейінгі ұрпаққа да әрі ізгілікті игілікке, әрі аңызға айналары сөзсіз. Бірімізге біріміз серік едік, бірімізге біріміз сүйеніш едік. Қош бол, асыл Бәке, қазақтың абызы. Салық ЗИМАНОВ, академик. ПАРАСАТ БИІГІНЕН БІР ТҮСПЕГЕН Биыл Сарыарқада қыс қатты болып тұр. Ұшы-қиыр­сыз кеңістікті тегіс қар жап­қан. Күндіз оқтын-оқтын ақ түтек боран ұйытқиды. Кеш­құ­рым аяз күшейеді. Дүние құлазу­дай-ақ құлазып баққан. Ол аз болғандай, міне, аяқ астынан сұп-суық хабар жетті. Бәйкен аға дүниеден өтіпті. Айтар ауызға ауыр. Естір құ­лаққа әнтек. Тіпті сенгің кел­мейді. Жуырда ғана Бақыт апа­мыздың қазасында қорға­сын­дай зіл боп жаншыған бат­пан жүкті үн-түнсіз көтеріп, ашаң тартқан сұрғылт жүзін қаумалаған қалың әлеуметке сабырмен бұрып, ештеңеден сыр бермей, ортамызда отыр­ға­ны әлі көз алдымызда. “Жа­рықтық, нар десе, нар екен-ау! Мынандай салмақты тіпті нар да көтере алмас”, – деп ой­ла­ғанбыз ішімізден. Бойын жық­пай, жотасын тіктеп, қақ­ши­ған қалпынан бір танбаған. Сол шыдам... сол сабыр... оның өмір бақи серігіндей кө­рі­нетін. Тоқты-торпақ орта­сын­да өскен ауыл баласынан бүкіл бір елдің ортақ мақта­нышы болған арыс азаматқа, уыздай ұйып отырған Ұлт Ата­сына айналған абыз жасына дейінгі ұлы сапарында бір сәт мойымаған да, мойытпаған да осы қасиеттері еді-ау! Соның арқасында қаршадайынан халық көзіне түсіп, қалтқысыз қызмет етті. Екінші дүние­жү­зілік соғыстың ішкі-сыртқы қай қанталапай шайқастарын да еңсерді. Қан майданнан ата­мекеніне, бұрынғы қызметіне, уәде берген қалыңдығына орал­ды. Иығындағы көнетоз ши­нел­дің етек-жеңін түріп, күн-түн тынбайтын мігірсіз еңбекке араласты да кетті. Мой­нындағы жүк біртіндеп ауырлай берді. Ауылдан аудан­ға, ауданнан облысқа, бір об­лыстан екінші об­лысқа, одан республика Үкі­ме­тінің төраға­лы­ғына өсіп, жауапкершіліктің қыл шылбы­ры ширатылған үстіне шира­тыла түсті. Қазақ дейтін ұлы топы­рақтың еш­қа­шан құна­ры кет­пей, кәусары сарқылмай, ел несібесін еңсе­лен­діре түсуге талпынды. Қа­зақ қолының еш­кімнен кем қар­мап, қазақ миының ешкім­нен осал соқ­пай­тынын әр іс, әр қимылы­нан айқын аңғар­тып бақты. Кеңестік қоғам күй­реп, әлеумет әрі тарт та бері тарт сергелдеңге түскенде аңта­рылған ағайынға өткенмен бірге өлмек жоқ екенін аңғар­татын естияр ақсақалдары­мыз­дың бірі де ардақты Бәйкен ағамыз еді. Аумалы-төкпелі кезеңде ел жүгін көтерісуге тәуекел еткен азаматтарымыз­ға жылы сөзін, ақыл-кеңесін айтып, рухтандыратын. Тәуел­сіз Қазақстанның сонау тәй-тәй басқан тәлтірек кезеңінен бүгінгі буыны бекіп, қабырға­сы қатайып, қатарына ықпалы өтіп, сөзі жүре бастаған тұсы­на дейін сол тілеулес пейілмен бір танбай өтіп еді. Ел бірлігін құрандай ардақтаған Абыз Атаның айтқанының бәрі әлі күнге құлағымызда саңқылдап тұр. Тоқсан екі қыстың басын қайтарған абыройлы ғұмыры­ңыз­да парасат биігінен бір түс­пеген, қайран аға, қалды­ңыз сол бәріміз қастер тұтқан асқаралы биігіңізде. Бәйкен ағасыз тіршілікке көндіге қою, үйренісіп кету оңай болып жатқан жоқ. Қайтеміз, өзі айтқандай, қай­та­лап айтып, бір-біріміздің білегімізді ұстап: “Сабыр,.. Сабыр!” – дейміз де... Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ. АЗАМАТТЫҒЫ ҮЛКЕН ҚАЙРАТКЕР Бәйкен Әшімұлы қазақтың ел басқарып, халық қызметін­де болған жігіттерінің ішіндегі тұрлаулысының, кісілігі мол, аса қайырымды, кішіпейіл аза­маттарының бірі еді. Осы мі­нез-құлқымен ол ұзақ жылдар бойы Димаш Ахметұлы Қо­наев­пен тізе қосып, Қазақ Рес­публикасын басқарды. Екеуі елімізді кеше одақ көле­мін­дегі көрнекті республи­ка­лардың қатарына қосты. Бүгінгі Прези­дент Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевты тауып, танып, жауап­ты жұмыстарға тартты. Бәйкен аға өз орнына Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңе­сі­нің төрағасы қызметіне На­зарбаевты отыр­ғы­зып, өзі Жоғарғы Кеңес төр­алқасын басқаруға ауысты. Тәуелсіздік алу кезімізде де Бәйкен аға ұлы өзгерістерге тілектес бо­лып, тұңғыш Президентіміздің бұл жолдағы бастамаларына өз үлесін қосты. Тәуелсіздіктің ақсақал батагөйі болды. Оның табыстарына ылғи да қуанып, Президентті қолдап отырды. Бәйкен ағаның осы адал қыз­метін кеше ғана ол кісі 90 жас­қа келгенде Нұрсұл­тан Әбішұлы атап көрсетіп, шын ризалығын білдірген еді. Енді ол кісі жоқ. Бәрі де өткен шақпен айтылады. Бәйкен аға билікте ұзақ отырған кісілердің ішінен ха­лық арасына келіп, кейін оны­мен кең пейілмен табысқан, араласқан, адамгершілігі мол, азаматтығы үлкен қайраткер болды. Ол халық бетіне тура, ұялмай қарай алатын азамат ретінде елімен өле-өлгенше сыйласты. Оның қуанышы мен қайғысын бөлісіп, бата­сын берді. Осы бір халқымен шын туысып кеткен жылдары Бәйкеннің 64 жыл отасқан адал жары Бақыт Әсетқызы да мінезділігімен, үлкен аналық сипаттарымен көзге түсіп еді. Мен Бәйкен ағамен өткен ғасырдың 60-шы жылдарында, Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы қызме­тін­де жүргенде танысып едім. Ол кісі шын таныған адамына ықылас-пейілі мол көреген азамат болатын. Содан бері қатынасымыз үзілген емес. Мені інісіндей, Әлия Сәрсен­қы­зын қарындасындай көрді. Бақыт Әсетқызы Әлия Сәр­сен­қызын сіңлісіндей жақын тартты. Шын көңілмен сый­ласқанға не жетсін. Бәйкен ағамен біздің ең жақын жүрген жылдарымыз соңғы ширек ғасыр бойы. Мен оның бойы­нан бұл жылдары қайрат­кер­лігі мен азаматтығына қоса, қазақ халқының ақсақалы, абызы бейнесін таныдым. Ол жақсыны көргіш еді. Оны бағалайтын. Кейінгі ұрпаққа әрқашан тілеуін қосты. Сол тілегі жалпы ел тілегімен қо­сылып, Бәйкен ағаның ұлы­лы­ғына ұласты. Қартая білеуге де ақыл керек. Бәйкен аға осыны кейінгіге үлгі етіп кетті. Қош, қадірлі аға, ел ағасы. Серік ҚИРАБАЕВ, академик. БӘЙКЕН АҒА, БАҚЫЛ БОЛ Таймаған ел мүддесі тапшы жолдан, Мейірбан кәрі-жасқа жақсы қорған. Сұм ажал ел абызын алып кетті, Он төрт жыл үкіметке басшы болған. Өмірі аңыз-дастан, кілең күрес, Бірге өтті Димекеңмен үзеңгілес. Тоқсанды еңсерсе де топтан қалмай, Егемен елге қосты үлкен үлес. Қырандай Алатауда самғайтұғын, Жан еді-ау тер төгілткен, алмай тыным. Әкетті 93-те Бәйкенді де Қара жер қанша жұтса тоймайтұғын. Мықты еді, түсті тағдыр шалғысына, Жетті ажал Бақыт атты жан құсына. Қырық күн өтпей жатып оқыс кетті, Шыдамай жан-жарының қайғысына. Көкшетау жоғалтқандай сандал керін, Байтақ ел ұмытар ма абзал ерін. Бақыл бол, туған елің бақыл саған, Жан аға, торқа болсын жатқан жерің. Кәкімбек САЛЫҚОВ.Астана. БҮТІН БІР ДӘУІРМЕН ҚОШТАСҚАНДАЙМЫЗ Осыдан төрт күн бұрын ғана Бәйкен Әшімұлымен телефон арқылы хабарласып, аз ғана сөйлесіп едім. Бақыт Әсетқызы жеңгеміз өмірден өткен жиырма шақты күннен бері ағаның көңілі қаяулы болды. Сырттай сабырын сақтағанымен, аяулы асылынан айрылғаннан соңғы жерде сыңар аққудың аса мұңды халын кешті. Тілектес жақын жандар – біз де Бәкеңнің сол қимастық күйін, жансерігіне шексіз адалдығын түсініп едік. Ауыр қаза үстінде мен: “Болғанға болаттай боларыңа сенемін, қадірменді Бәке!” деп жұбату сөзін айтсам да, қайырылмас дәуренге тоқтау сала алмас дәрменсіздігімді енді түсінгендеймін. Қайырымсыз ажал алаштың бір абызы – Бәйкен Әшімұлын да әкетіп тынды. Ұлы Абай сөзіне жүгіне толғансақ, әз Бәке, сізді де алған бұл өлімнің алдында сабырлық қылсақ керек-ті. “Енді Бақытым жоқ қой. Ойпырмай, Бақытсыз күнім қалай болады?” дегенді жиірек айтты осы күндерде, қайғы үстінде қасында болғанымызда. Олай-пұлай болып кетерін болжалдап айтса да, өзі оған көп мән бермей, аузынан елі-жұртым аман болсын, азаматтар аман болсын, кейінгі жастар, желкілдеп өскен ұрпақ аман болсын деген өсиетті сөздер, ақ тілекті қасиетті сөздер көбірек шықты. Иә, өмірден Бәйкен Әшімұлы өтті. Осынау алып тұлғаның өмірден өтуімен бірге жетпіс-сексен жылдық тұтас дәуірмен қоштасқандаймыз. Кеңестік деп аталатын үлкен дәуірдің соңғы ұлы қайраткері болды ол кісі. Брежнев, Косыгин, Қонаев сынды аса көрнекті мемлекет қайраткерлерімен терезесін тең ұстады, тең сөйлесті. Бәкеңнің кереметтілігі мен кемеңгерлігі сонда, ол алдыңғы дәуірдің тұлғалы, тұрпатты қайраткерлерінің соңғы тұяғы болып қана қоймай, тәуелсіз елінің бүгінгі өрлеген, өркендеген, өрге басқан өмірін де көріп, соған күнбе-күн қуанып, тілекшісі болып отырды. Елі-жұртын алдағы жарқын болашағына, жаңа ғасырдың беліне, Еуропаның төріне қарай асырып салды. Өткен жолғы Президент сайлауында Елбасымызға ақ батасын беріп тұрып айтқан: “Ел аман болсын, ел бағына туған Ер аман болсын” деген абыздың аузынан ғана шығар даналық өсиет сөздерін елі ұмытпайды. Сөзін ұмытпаса, тағылымын ұмытпаса, туған халқы, бүкіл Қазақ елі Бәйкен Әшімұлының өзін де ұмытпай, мәңгілік есінде сақтап, ардақ тұтады деп білемін. Өзім сексеннен ассам да, әкемдей көріп еркелеуші едім асыл ағаға. “Мақтайым!” деп маңдайымнан иіскегенде марқайып қалушы едім. Қош, жаның жәннатта болсын, әкемдей болған әз Бәкем! Мақтай САҒДИЕВ. БИІКТЕРДІҢ БИІГІНЕ ШЫҚТЫҢ СЕН Бәйкен аға, асыл аға, қымбаттым, Сен еліңе дана болып тіл қаттың. Бақ сұраған ағайыннан аямай, Жүрегіңнің ұлы сөзін тыңдаттың. Аруақты жан, арыстандай асыл ер, Әрқашанда көп жиналды қасыңа ел. Ақылыңа құлақ түрді ағайын, Жолыңды ашты нелер биік, асу, өр. Туған елді өз анаңдай ұқтың сен, Жұрттың жұтқан таза ауасын жұттың сен. Шапағатың елге керек кезінде, Биіктердің биігіне шықтың сен, Еңбегімен ел үмітін ақтайды ер, Тұлпарлардың бәйгесін де шаппай бер. Алатауы, Сарыарқасы сияқты, Әрқашанда сені есінде сақтайды ел. Ұмытпайды өз ағасын жас ұлан, Мәңгі бақи шырқалады асыл ән. Қазағымның құлағанмен бір тауы, Жаңа бір тау бой көтерер қасынан. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ. ТҰРҒАН БОЙЫ ӨНЕГЕ Жақында академик Манаш Қозыбаевтың “Тұлғалар тұғыры” кітабын оқыған едім. Бәйкен ағамыз туралы суық хабарды естігенде менің ойыма алдымен белгілі ғалымның: Өзі бай, өзі кен, Етек-жеңі кең, Елдің Бас ақсақалы Абыздармен тең, – деген терең ойлы өлең жолдары түсті. Бұл өте дұрыс айтылған пікір. Біздің халқымыз Бәйкен Әшімұлын белгілі мемлекет қайраткері ретінде жақсы біледі. Ол кісі өткен ғасырдың 70-80 жылдарында біздің республикамыздың үкіметін басқарып, елдің экономикасын, мәдениетін, халықтың тұрмысын дамытуға көп еңбек сіңірді. Халқымыздың ардақты ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа серік болып, қазақ тарихына көп үлес қосты. Мен Бәйкен ағаның қарамағында біраз жыл қызметте болып, ол кісіден көп тәрбие алған шәкірттерінің бірімін. Ағамыз өте сыпайы, терең ойлы, тәжірибесі мол адам еді. Қала мен ауылдағы халықтың тұрмысын терең зерт­теп, тиісті қамқорлығын жасап, мемлекеттік қызмет­кер­лерге жақсы үлгі көрсететін. Сондықтан да ол кісі хал­қымыздың кемеңгерлерінің бірі ретінде танылды. Келесі ұрпақтарымыз бұл тарихи тұлғаны естен шығармайды. Ағамыз өте сергек адам еді. Жасы 90-нан асса да түрлі жиналыстарға қатысып, ел аралап, өзінің ойын жастарға жеткізуге тырысатын. Бәйкен ағамыз Отан соғысының ардагері болатын, жеңгеміз Бақыт Әсетқызы екеуі жарты ғасырдан артық салауатты өмір сүріп, балаларын өсіріп, немерелер тәрбиелеп, ардақты ата мен әже деген атаққа ие болған жандар еді. Соңғы уақытта бәйбішесі ауыр науқасқа шалдығып, биылғы жылдың басында бұл дүниеден өткен. Байекең өзінің жан жолдасын айықтыру үшін көп еңбек етті, бірақ та табиғаттың кейбір қаталдығына қарсы тұру адамдардың қолынан келмейтіндігі белгілі ғой. Бәйкен ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, жолдастарына, шәкірттеріне, бүкіл халқымызға қаза қайырлы болсын дейміз. Қадірлі ағамыздың жатқан жері жайлы болсын, марқұмға имандылық тілейміз. Ел ағасы Байекеңнің еңбектері мен рухы қазақ жері әрі қарай көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуына ықпалын тигізсін деп тілейміз. Шәңгерей ЖӘНІБЕКОВ. ҰЛТ СЕНІМІН АРҚАЛАДЫ Ұлтымыздың адам ресурстары тұрғысынан қарағанда, бұл үлкен қаза. Қажырлы қайраткерден айы­рылдық. Кеңес дәуірінің соң­ғы тұсында ол Қазақстанды өр­кен­детуге орасан көп еңбек сіңір­ді. Ең ұзақ Үкімет басқарған адам Бәйкен Әшімов болса, өте жақсы жұмыс істеген, барлық тірліктің те­тігін білген Үкімет басшылары­ның бірі де осы кісі болды. Отанымыздың өркендеуіне, Қазақстанның дамуына мүдделі­лік­пен қараған тұлғалардың бірі де Бәйкен Әшімұлы болғанын бәріміз білеміз. Мен 1973 жылы ҚазТАГ же­тек­шілігінің орынбасары болып келдім. Ол кезде біздің мекеме екі жақты бағынышты болды. Қыз­мет, идеология жағы Орта­лық комитеттің қарауында болса, қаржы-шаруашылық жағынан Министрлер Кеңесіндегі Ақпа­рат­тық агенттікке тәуелді бол­дық. 1972 жылы ТАСС жүйесін қайта құру, статусын жоғарылату жө­нінде Орталық комитеттің қау­лысы болған. Бірақ, бұл ҚазТАГ-тың жүдеп тұрған кезі еді. Біздің агенттіктің ғима­ра­тын­да тоғыз мекеме жайғасқан екен. Босағалы тұрған ғимаратқа басқа да көзін алартушылар болды. Бірақ, біздің ақпараттық меке­ме­нің ғимаратын­да едендік қа­бат­тан бастап ТАСС-пен, бүкіл ор­та­лық, облыстық ба­сылымдар­мен, байланыс министр­лігімен жа­сақталған коммуни­ка­циялық, телеграфтық жүйе бар еді. Осы­дан айырылу бізді тағы біразға дейін тұралатып қана қоймай, қаржылай да орасан шығынға ба­тыратын еді. Осы мәселенің бәрін сол кезде Бәйкен Әшімовке баян­дап, мән-жайды түсіндіріп айт­тым. Осы үйді ол кісі бізге алып берді. ҚазТАГ-тың техникалық жабдық­талу жағы да нашар, же­тіл­діруді сұ­ранып тұрған болатын. Редакция­лармен байланыстыра­тын телетайп жүйесі бар еді. Бәй­кен Әшімовтің тікелей араласуы­мен айтарлықтай қаражат бөлініп, ТАСС-пен және барлық облыс­тық редакциялармен байланыс жүйесін жолға қойып алдық. Тағы бірнеше жылдан кейін компьютер пайда болды. Білікті басшы Бәйкен Әші­мов­тің көмегімен компьютер­лен­діру жұмысы да алғаш ҚазТАГ-тан басталды. Материалдық-тех­никалық жағынан көп қарыш­тадық. Бәйкен Әшімов дегенде осы оқиғалар есіме түсіп отыр. Қай істі қолға алса да тың­ғы­лықты болуына үлкен жүрекпен, жан­ашырлықпен, жауапкершілік­пен келетін тұлғаның бүкіл сана­лы ғұмыры да осындай сапалы тірліктермен өріледі. Бәйкен Әшімов республика­мыз­ды Одақ көлемінде алға алып шыққан ұлттық тұлғаларымыздың санатынан еді. Үлкен азаматтың қазасы өзекті өртейді. Өзіңді де, басқаларды да сабырға шақырғаннан басқа амал жоқ. Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көсемсөзші. ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АҚСАҚАЛЫ БОЛАТЫН “Өмір – серуен, адам – көшкен ке­руен” деген сөзді айтқан қазақ қимастарын бақиға шығарып саларда өз-өзін жұбатқан-ау. Өмірді тек қана серуен деп емес, елі мен жұртына, халқына, ұлтына аянбай еңбек ету деп түсінетін, сол қағиданы тірлігінің Темірқазығы етіп ғұмыр кешетін, саусақпен санарлық біртуарларымыздың арамыздан мәңгілік кетуі – ауыр қасірет екендігін бүгін түйсінуге мәжбүр болып отырмыз. Расында да, ол кісінің тек ірі деңгей­де­гі басшы, мемлекет қайраткері ғана емес, ұлт жоқшысы болғанын білеміз. Бәйкен аға Әшімұлының республика­мыз­дың алдыңғы қатарлы басшылығына кел­генге дейінгі өмірінің өзі – бүгінгі жас буын­ға өнеге бол­ды: ақсүйек ашаршылық пен ел басына күн туғызған жер-жаһан соғысы зобалаңын көріп, одан жараланып келген соң Ленин­град қаласында білім алуы, соғыстан кейінгі ауыл шаруа­шы­лығын қалпына келтірудегі жан алып, жан берген ерен қызметі – соның куәсі. Ол Көкшетау облысында шаруашы­лық басқарудағы іскерлігімен көрінсе, Қа­ра­­ған­ды облысы атқару комитетінің төр­аға­сы қыз­метінде өзін ірі өндіріс ұйым­дас­­ты­ру­шысы ретінде таныта білді. Ал Тал­дықорған облыстық партия коми­теті­нің бірінші хатшысы болып істеген жылдар Бәйкен Әшімұлының бұдан да зор мемлекеттік қыз­меттің тізгінін ұстай алатындығын дәлелдеді. Бәйкен аға Қазақстан Республикасы Ми­нистрлер Кеңесінің төрағасы болып қыз­мет атқарған 1970-1984 жылдар – Қа­зақ­станның нағыз өркендеу, өсу жылдары болды. Бұл кезеңде Бәкең өзінің іскерлігі мен қарымын Одақ көлемінде таныта білді: ағамызға одақтас республика Үкімет бас­шыларының ішінде тұңғыш Социалистік Ең­бек Ері атағының берілуі – соның дәлелі. Арамыздан ұлттың нағыз жоқшысы, ұлттың шын мәніндегі ақсақалының өтуі – үлкен өкініш, ауыр қаза. Аяулы Бәйкен аға! Сіздің жасампаз істеріңіз біздің санамызға мәңгілік шуағын төгіп, жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, ардақты Аға! Шығыс Қазақстан облысының әкімі   Бердібек САПАРБАЕВ,  Шығыс Қазақстан облысының мәслихаты. ЗАМАН ЗАҢҒАРЫ Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаштың ақсақалы Бәйкен Әшімовтің қазасы – еліміз үшін орны толмас қаза. Әр дәуірдің айбынын тасытып, ру­хын көтеретін – Толағай Тұлғалары бо­лады. Бәйкен аға – өз заманының заң­ғары, елінің майталман марқасқасы еді. Оның ғұмырнамасы да ұрпаққа үлгі, кім-кімге де өнеге боларлық өрелі жол. Ол қан майданда елін қорғап ерлік көрсетсе, бейбіт күнде елі үшін еңбек етіп, парасатын танытты, даналығын дәлелдеді. Алты Алаш халқы, ел-жұрты Бәйкен ақсақалдың жасағаны мен атқарғанын еш уақытта ұмытпайды. Ол ұлт жүрегінде, ұрпақ жадында ұлтының ұлағатты ұлы, елін – ел ету жолында аянбай еңбек еткен Тұлға ретінде мәңгі сақталады. Туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы жолдас болғай. Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ. ЖҮРЕГІ ТАЗА ЖАН ЕДІ Бәйкен ағаның есімі менің жүрегіме соншама ыстық болып кетіп еді. Аялы алақаны бар, төгіліп тұрған мейірімі бар, қалт бір кезде жалт қарататын кесек мінезі бар бұл кісіні зиялы қазақ қауымы  қатты сыйлады. Мен кезінде Үкіметті аттай он төрт жыл басқарған кісімен қызметтес болған емеспін. Бірақ талай-талай тағдырлы адамдармен жүздесіп, жақынырақ танып-білуге журналистік қызметім қаншама се­бепкер болса, солардың арасында Бәйкен Әшімов ағамен болған кездесулерім менің өміріме ерекше жарқын сәттер қалдырды. Әрбір сөзінің бағасын білетін, екінің біріне ашылып сөйлей бермейтін биязы да сыпайы ел ағасы мені бауырына тарт­ты, құ­шағына алғандай болды. Өмірден көргені де көп, түйгені одан да көп кісінің жүрегі таза, қолы да таза еді. Қасына Бақыт апайды алып, көп сұхбат берді. “Мен “Егемен Қа­зақ­стан” газетіне ғана сұхбат беремін, се­бебі ол – ел газеті”, деп ескертер еді. Артық кем кеткен жері жоқ. Ол кісі таяуда ғана өмірден озған жарын тек “Бақыт Әсетовна” деп атап, шексіз сүюдің асыл қасиетін танытқаны ғажап өнеге еді. Аяулы жарын барынша сүю туралы оңашада айтқан әңгімесін мен өзіме құпия ғып сақтап жүрмін. Көп жылдан бері Бәйкен аға әр мереке сайын арнайы телефон соғып, “Амансыңдар ма? Немерелер өсіп жатыр ма?” деген бір ауыз әкелік сөзін енді еске алсам, жүрегім ауырады. Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.