Әлем • 13 Наурыз, 2018

Қытайдағы конституциялық реформа: Си Цзиньпиннің мүмкіндіктері артты

645 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жексенбіде Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы конституцияның өзгертілген нұсқасын мақұлдап, бір адамды екі мерзімнен артық төраға болдырмайтын шектеуді алып тас­тады. Бұл Қытайдың бүгінгі басшысы Си Цзиньпинге және оның орынбасарына биліктің келесі мерзімдеріне сайлануға жол ашты. Бес жылдық екі мерзімнен тұратын бұл шектеуді алып тастауды үстіміздегі жылдың ақпанында Қытай коммунистік партиясы ұсынған.

Қытайдағы конституциялық реформа: Си Цзиньпиннің мүмкіндіктері артты

Қытай саяси жүйесінің ерек­шелігіне байланысты Комму­нистік партияның жиналыстары әдетте формалды сипатта өте­ді. Тиісті шешімдер мен өз­ге­рістер оған дейін бейресми қа­был­данып, партия жиналысында елдің түкпір-түкпірінен келген депутаттар ұсынылған өзге­ріс­терді бірауыздан мақұлдайды. Кешегі жиында халық өкіл­дері дәстүрден айнымай, консти­ту­цияның жаңа мәтінін қолдады. Дауыс беруге қа­тыс­қан 2964 де­путаттың бар бол­ғаны екеуі қарсы дауыс беріп, үшеуі қалыс қалған. Қалғаны пар­тияның күн тәртібіндегі бас­тамаларын тү­гелдей қостап шықты.

Си Цзиньпин Қытай ком­му­нис­тік партиясының төрағасы болып 2013 жылы сайланған болатын. Осыған дейінгі консти­туция бойынша, ол 2023 жылы лауазымын босатуы тиіс еді. Дәстүр бойынша, ел басшысы өзінің ізбасарын партия съе­зінде таныстыруы керек болған. Алайда Си Цзиньпин Ком­му­нистік партияның өткен жылдың қазан айындағы ХІХ съезінде ешкімді ұсынбады. Сол кезден бас­тап Қытайдың бүгінгі басшы­сын Мао Цзэдунға теңеу күшейе түсті. Конституциялық шектеу ресми түрден алынған соң, Си Цзиньпиннің қуаты одан әрі артатынына ешкімнің кү­мә­ні қалмады. Соңғы саяси рефор­маның арқасында енді ол мемлекетті екінші мерзімнен кейін де басқара алады.

Екі мерзімдік бұл шектеуді 1982 жылы Аспанасты елінің әлемге әйгілі реформаторы Дэн Сяопин енгізген. Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары Қытайдың бұл жаңалығын жарыса жазып, алаңдаушылық білдіруде. Саясаттанушы Айдос Сарымның ойынша, Батыстың Қытайдың бұл қадамына қатысты теріс пікір білдіруі орынсыз. «Қытай бөлек өркениет. Сол себепті оның өзіндік таңдау жасауға толық қақысы бар. Бұл – ешқашан да басқа елдің пікіріне назар аудармайтын мемлекет. Кезінде КСРО билігінің дегеніне көнбеген, капиталистік жолға түссе де, алпауыт елдерге құлақ аспаған дейді», сарапшы.

Ал Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері, танымал қытайтанушы Константин Сыроежкиннің айтуынша, Қытайға қазір реформалар керек-ақ және Си Цзиньпинге ерекше мәртебе беру қажеттілігі осы­дан туындап отыр. Ал оған қар­сы жауап ретінде Вашингтон Пост басылымының журналисі Джо Макдональд «Қытайдың лауа­­зымды тұлғалары Си Цзинь­­пиннің билікте оты­руы оның ұзақ­ мерзімді жоспар­ларын жү­зеге асы­руы­на мүм­кін­дік береді деген ой­ды алға тар­тады. Алайда бұл қыс­­қа уақыт аралығында тиімді ше­­­шім бол­ғанымен, ұзақ уақыт ара­­лығында экономика үшін қиын жағдай туғызуы мүмкін, дейді.

А. Сарымның пікірінше, 1929 жылғы АҚШ-тағы қаржылық дағдарыстан соң Батыс елдерінде де мықты басқарушылар бол­ған. Америкада Рейганды, Ұлы­британияда Тэтчерді, Герма­нияда Кольді, Францияда Мит­теранды мы­салға келтірген сарап­шы өт­кен ғасырдың 60-70-80 жыл­да­ры тұлғалығы басым саясат­кер­лердің билік еткенін, Си Цзиньпин де Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин секілді тұлға екенін айтады.

Конституциялық рефор­ма­ның екінші маңызды жаңалығы – Ұлттық қадағалау комиссиясы деп аталатын жаңа ұйымның құрылуы. Комиссия ҚХР-дың коррупцияға қарсы ең жоғарғы агенттігі болмақ. Ол – мәртебесі бойынша Мемлекеттік кеңеспен және Орталық әскери комиссиямен тең дәрежедегі мекеме. Си Цзиньпин билік басына келгеннен бастап парақорлықпен күрес науқанын белсенді жүргізіп келеді. Кейбір сарапшылардың ойынша, ол осы арқылы саяси қарсыластарын әлсіретіп, өз билігін нығайтуды көздеген.

Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және сая­сат институты «Еуразиялық зерт­теулер» бағдарламасының жетек­шісі, қытайтанушы Руслан Изи­мов мұндай мекемелерді құрып, оларға өз адамын тағайындау арқылы Си Цзиньпин өзінің сая­си әлеуетін арттырғалы отыр. Бұл ҚХР төрағасының ұлттық деңгейде құрып отырған алғашқы мекемесі емес. «Си Цзиньпин ам­бициясы жоғары саясаткер болып шықты. Ол ішкі саясатта да, ел экономикасында да ауқы­мы кең өзгерістер жасағысы келе­тінін көр­сетіп келеді. Осыған дейін елді жеті-сегіз адамнан тұра­тын сая­си бюро басқарды және бюро мүшелерінің шешімдерді бұғат­тау құқығы болды. Кешегі өзгеріс­тер­ден соң, Аспанасты елі ұжымдық басқарудан бас тартып, жеке-дара басқаруға ауысуда. Егер оның бірнеше мерзімге сай­лана алатынын ескерсек, бұдан да басқа өзгерістерді күту­ге болады. Саяси жүйе өзгеруі мүмкін», дейді сарапшы.

А.Сарымның айтуынша, прези­дент болудың мерзімдік шек­теуін алу жалғыз Си Цзинь­пиннің қалауы ғана емес, бұл – Қытайдың ішкі қажеттілігінен туын­даған жағдай. «Бұл – ҚКП-нің ортақ консенсустық пікірі. Капитализм жүйесінің жоға­ры ықпалына олар да алаң­даулы. Капитализм дәстүрлі инс­ти­туттардың бәрін жойып келеді. Кешегі адал коммунистер бүгінгі жүйеде жемқорға айналып жатыр. Осы себепті Қытай дәстүрлі инс­титуттарды нығайтуға мүдделі. Мұндай институттардың бірі – күшті көшбасшылық».

Көрші елдегі өзгерістер Қа­зақ­станға қалай әсер етпек деген сұрақ та бізді мазалайтыны жасырын емес. Осы орайда, Р.Изи­мов Қытайдың қуатты болуы Қазақстанға тиімді екенін ай­тады. Оның ойынша, егер Қы­тай құлдырап, демография, миг­рация, азық-түлік тапшылығы секілді мәселелерді реттей алмаса, көрші елдерге төнетін қауіп күшейеді. Бұл пікірді А.Сарым да қуаттап отыр.

ҚХР-дың саяси жүйесіндегі соңғы өзгерістер әлемдік гео­сая­сатқа да әсері болмақ деген пайым­дар бар. Қытайдың бел­­сен­ді экономикалық дамуы, әс­кери әлеуетінің артуы, ин­вести­циялық саясатының нығаюы осы­ның алғышарттары болса керек. Осыған дейін Қытай әлем­дік державалардың арпалысы­на араласпай, ішкі дамуына көңіл бөліп келсе, соңғы уақыт­та әлемдік держава болуға талпы­ны­сын ашық көрсетуде. Давос­тағы экономикалық форумда Си Цзиньпин әлемдік держава бо­луға дайынбыз деуі осыған дәлел болса керек.

«Си Цзиньпиннің келуімен Қытай сыртқы саясаттағы өз ор­нын қайта қарауда. Елдің бұрын­ғы басшылары Ху Цзиньтао мен Цзян Цзэминь Қытайдың да­му­шы держава екенін алға тарту­мен болды. Дамыған емес, да­мушы. Осы арқылы олар әлем­дік гегемон болуға асықпай­тынын жеткізіп отырды. Си Цзинь­пиннің басқаруындағы бүгінгі Қытай әлемнің көшбасшысы бола алатынын, оған деген жа­уап­кер­шілікті көтере алатынын жұрт­қа жеткізіп келеді», дейді Р.Изи­мов.

Төрағалық ету мерзімін шектеуді алу мен Ұлттық қада­ғалау комис­сиясының құры­луынан бөлек,  конституциялық өзгерістің тағы бір маңызды жаңалығы бар. Мао Цзэдун мен Дян Сяопиннен кейін тұңғыш рет конституцияға ел басшының аты енгізілді. Бас­ты заңда Си Цзиньпиннің есімі аталып қана қоймай, «Си Цзинь­пиннің ойлары» атты фи­ло­со­фиялық пайымдары да орын алған. Қайткен күнде де Си мыр­­за­ның ел бас­қарған уақыты Қы­тай тарихында арнайы па­рақ­ша болып жазылатыны анық.

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»