Атамыздың немере інісі, ақынның қолында өсіп, туған баласындай болып кеткен Қыздарбек атамның жатын бөлмесінде, көне көк шкафтың үстінде тұратын чемоданды күнде көріп жүрсек те, ішін ашуға дәтіміз бармайтын. Үлкендердің «Чемоданға тиюші болмаңдар!» деген қатаң ескертуінен соң, бұл затты тек сол кісілердің рұқсатымен ғана жерге түсіретінбіз. Чемоданның ескі екендігі байқалып тұрса да, өте ұқыпты ұсталған. Қыздарбек атам оның ішіне ескі діни кітаптар мен газеттерді сақтайды. Намазын қаза қылмайтын ауыл молдасының Алланың, Пайғамбарымыздың есімдері жазылған дүниелерді аяқасты етпей, қол жетпес биікте тұрсын дегені ғой.
2000-жылдардың басында біздің үйге ақ «Газель» мінген қалалық қонақтар келді. Ел аралап, көне жәдігерлерді жинастырып жүрген Павлодар қаласындағы әнші Майра Уәлиқызының музейінің өкілдері екен. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шұға ауылына атамды әдейі іздеп келіпті. Мақсаттары – Естай бабамыз тұтынған дүниелерді, басқа да көне заттарды музейге алып кету. Атамның бұйрығымен үйдің шатырына шығып, шиден тоқылған ет сақтағышты, бір жақ мұрты мүжілген ағаш табақты және өзге де ескі заттарды төменге түсіріп, көлікке тиедік.
Қонақтар кеткен соң кешкі шай үстінде дауысы жарықшақтана шыққан атамның: «Кезінде тұрмыста қолданылған дүниелер қазір қажетке жарамайды ғой. Сондықтан болашақ ұрпақ көріп, білсін деген ниетпен шатырдағы ескі заттарды музейге өткіздім және дұрыс қадам жасадым деп ойлаймын. Ал Естай бабамнан қалған қара чемоданды тірі тұрғанда ешкімге бермеспін. Бабамның көзі ғой», – деген сөзі есімде.
Өкінішке қарай, атамнан қара чемоданның біздің үйге қалай келгенін сұрамаппын. Ал оның тарихын қазіргі Екібастұз қаласына қарасты Жайылма ауылында тұратын Естай ақынның үлкен немересі Зекен апа айтып берді.
«Сіздің үйдегі қара чемодан Естай атамның Қыздарбек ағама жасаған сыйлығы еді. Дәл осындай чемодан менде де болған. Өкінішке қарай, үйіміз өртенгенде, жанып кетті. Естай атам 1939 жылы Алматыға барды. Сол сапардан екі қара чемодан әкелді. Оның бірін сенің атаң Қыздарбекке, ал екіншісін маған тарту етті», – деген еді Зекен апа.
Біздің үйде қара чемоданнан бөлек, Естай бабамыздан қалған тағы бір мұра бар. Ол – ақынның тұрмыста пайдаланған биік үстелі. Ауылдан қалаға көшерде көршіміз Нұрболат Малатайұлына аманаттап тапсырып кеткенбіз. Қазір сол үйде тұр.
Фархат ӘМІРЕНОВ,
Естай ақынның ұрпағы