Білім • 13 Наурыз, 2018

Гаухар Алдамбергенова: Елбасы үндеуі әлеуметтің әлеуетін арттырады

323 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемде үлкен өзгерістер орын алуда. Жаңалығы желмен жарысқан жаһан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Осыған сәйкес біз де өз сана-сезіміміз бен дүниетанымызға сіңісті болып қалған еске таптаурын қағидалар мен ұстанымдардан арылмасақ, дамыған елдердің легіне ілесе алмай қалуымыз мүмкін. Бұл турасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кеңінен талдап, жұртшылыққа жете түсіндірген болатын.

Гаухар Алдамбергенова: Елбасы үндеуі әлеуметтің әлеуетін арттырады

Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деп атап өтіп, өзгермелі дүниенің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын қадап айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Сондықтан да Президент елімізде білімнің салтанат құруы жайына да айрықша мән беріп отыр.  

Дана қазақта: «Білімдінің жүзі жарық» деген қанатты сөз бар. Егемендіктің елең-алаң кезінен бастап Елбасы білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді. Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауында да білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын алға қойды. Бүгінгі заманда білімнің адами капиталдың арттырудың алғышарты екеніне басымдық берген Мемлекет басшысы білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігіне назар аударды. Осыған орай барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету талап етілді. «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деді осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл үшін 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы мен қалыптасуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, елімізде қазір орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Шын мәнінде бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және мамандар деген сөз. Оларды жүзеге асыру үшін, Президент атап көрсеткендей, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Сол себепті де Мемлекет басшысының университеттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту жөніндегі талабы дер кезінде қабылданған шешім екенін бағамдаймыз. Елбасы Жолдауымен сабақтас  «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі ұлттың рухани жаңғыру жолында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған тағы бір құнды құжат болды. «Бес әлеуметтік бастама» – біздің ұлттық және әлеуметтік бірлігіміздің бір мақсатқа ұйыстырған діңгегі мықты платформамыз. Үндеудегі бес бастаманың бірі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне арналды. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатса, олардың 30 процентке жуығы мемлекеттік білім беру грантының иегері. Мемлекет басшысы енді жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін алға тартты. Біз мұны өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып отырған қамқорлық деп қабылдадық. Мемлекет басшысы Үндеуде: «Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет», – деп атап көрсетті. Осыған орай жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тұрғыдан келгенде Қыздар Университеті жатақханаға мұқтаж студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етіп отырған еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Десе де бұл орайда туындап отырған бірнеше мәселе бар. Атап айтар болсақ, университет қалашығындағы жатақханаларда ұзақ уақыттан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Кәріз жүйелері тозығы жетіп, басым бөлігі істен шығу қарсаңында тұр. Олқылықты жайттар орын алмас үшін кәріз жүйелерін дер кезінде жаңалап, қалпына келтіру шаралары жасалғаны абзал болар еді. Ал, бұл мәселе қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Десе де университет бюджетінде мұндай көлемдегі қаржының жоқтығы қол байлау болып отыр.

Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көпшілік қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан  Қыздар Университеті 75 жылға жуық уақыт белесінде Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Бүгінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұжымы да Мемлекет басшысының міндеттемелерін нақты іс жүзінде орындау мақсатында жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, ордалы оқу орындағы білім жүйесін жетілдіре түсу мақсатында жуырда қолға алынған істің бірі – Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет базасында «Қазақстан жас педагог-ғалымдар ассоциациясын» құрылғаны. Жоғары оқу орны аталған жобаны Мемлекет басшысының биылғы  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы негізінде іске асырылды. Ассоциацияның негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, ғылым мен білімді ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының өндіріске енуіне ықпал жасау. Бұған қоса, ассоциация «Ой-талқы» атты тренингтер, қысқы, жазғы мектептер ұйымдастырып, ұйым мүшелерінің кәсіби дамуын қалыптастыруға күш салады. Бір бұл ғана емес. Онда шетелдік жоғары оқу орындарымен, колледж, мектептердің жас педагог-ғалымдарының халықаралық ұйымдарымен байланыс орнату да көзделіп отыр. Ассоциация биылғы жылдың 26 сәуірде университет қабырғасында өтетін Қазақстан жас ғалым-педагогтарының I слёті қарсаңында өз жұмысын бастайды. Айта кетейік, аталған форумға 25 педагогикалық жоғарғы оқу орындарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Қыздар Университетінде мектепке дейінгі ұйымдарда білім сапасын арттыру мәселесіне де айрықша мән беріліп отыр. Осы мақсатта биылғы жылдың басында оқу орны «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығымен бірлесіп «Мектепке дейінгі балаларды өздігімен оқуға үйрету және әлеуметтік дағдыларын дамытудың  теориялық, әдістемелік мәселелері» атты алқалы басқосу өткізді. Отандық жоғары оқу орындары ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет. Осы орайда осы тақілеттес жиындардың маңызы айрықша екенін атап өткен жөн. Қолға алынған бастамалардың қатарында «Полиглот» орталығының ашылуын да атап өтуге болады. Ол университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің тілдік біліктілігін арттыру мақсатында қызмет атқармақ. Орталықта ағылшын, қазақ, орыс, түрік, қытай, француз және неміс тілдерін тереңдете оқыту қолға алынады. Сондай-ақ, аударма қызметі (консалтинг) көрсетілетін болады. Ынтымақтастық ырысқа бастайтыны белгілі. Қазіргі таңда Қыздар Университеті әлем елдерінің 30-дан астам жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ, Үндістан, Франция, Қытай, Германия сынды мемлекеттердің беделді университеттері бар. Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне Түркияның Нийде Омер Халисдемир Университетінің ректоры Мухсин Кармен бастаған делегация келіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ғылым мен мәдениет, ғылыми-зерттеу саласы аясындағы ынтымақтастықты дамытуды қарастырады. Сонымен қатар, «Мевлана» бағдарламасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бұл бағдарлама бойынша 2018-2019 оқу жылында білім алуға ниет білдірген 30-ға жуық профессор-оқытушы мен білім алушының құжаттары рәсімделіп, Түркияның конкурстық комиссиясына жіберілді. Екі жоғары оқу орындары арасында жүзеге асырылатын қос дипломдық білім беру бағдарламасы аясындағы магистранттарды оқыту алдағы оқу жылынан басталмақ. Биыл «Дара» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жоғары оқу орнының базасынан алғаш рет Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл кабинет мүмкіндігі шектеулі балалардың адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, олардың өмірге деген құштарлық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасайды. Ал, «Ақ жол» атты бала бақшаны ашу арқылы Co-working практикалық-бағыттағы оқыту алаңын жасауды қамтамасыз ететін боламыз. Ол Алматы қаласындағы мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту жүйесіне қолдау көрсетеді. Қолға алынған жобалар қатарында тек ағылшын тілінде білім беретін Қыздар колледжі де бар. Колледж университетте білім алуды жалғастыратын бакалавриат контингентін дайындауды жүзеге асырады.

Қазіргі күнде қарашаңырақта студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен қатар, оқу ордасы ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келе жатқанын атап өткім келеді. 70-жылдан астам уақыт белесінде Қыздар Университетінде ұйымдастыру мәдениеті қалыптасып, тиімді кадрлық менеджмент пен корпоративті басқару ісі де жүйеленді. «Мұғалім – адам жанының инженері». Нағыз ұстаз шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңейетіндігі, оларды мемлекеттің тұтқасы етіп тәрбиелеу қажеттігі Елбасының халыққа арнаған Жолдауына үнемі айтылып келеді. Ал, оны іске асыру мұғалімге жүктелген мәртебелі міндет. Сөз соңында Мемлекет басшысының үндеуінде атап көрсетілген бастамалар елімізде азаматтардың болашағына деген қамқорлықтың нақты іс жүзінде орындалатындығының нақты нышаны. Әрбір отандасымыз осыны саналы түрде ұғынса ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Жетістік пен табыс – келісті кеңесе білген, бірлік пен тірлік үйлесім тапқан жерде. Ауызбірлік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашанда игілікті істер жүзеге асқан емес.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор